Әдептен аттап, абыройдан айырылды
Әдептен аттап, абыройдан айырылды
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболат
1,066
оқылды
«Жемқорлық – індет, жою – міндет» деген ұранға бүгінде халықтың құлағы үйренді. Әйтеуір, әр жерде ұсталып жатқан шенділер мен басшылардың бассыздығына бас шайқап қояды. Ал шын мәнінде кейінгі жылдары жемқорлардың көптеп ұсталуы нені аңғартады? Құзырлы органдар жұмысының жүйелігін бе? Әлде парақорлар санының артқанын ба? «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің берген ақпаратына сүйенсек, өткен жылы кеңестің 12 отырысы өтіп, 76 мәселе қаралған екен. Тәртіптік істерді қарау барысында 12 лауазымды тұлғаға тәртіптік жаза қолдану ұсынылыпты. 8 азаматқа «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» жасалса, 1 тұлғаға қатаң сөгіс берілген. 3 қызметкер «ескерту» түріндегі жаза арқалаған. Әдеп жөніндегі кеңестің шешіміне жазаланушылар шағым білдір­генімен бірде-бір іс сот шешімімен заңсыз деп танылмаған. Десе де, тәртіптік прак­тика­ны талдау нәтижесінде кейбір мем­лекеттік органдардың тәртіптік комис­сияларымен Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнама талаптары өрескел бұзылғаны анықталған. Мәселен, Меркі ауданы әкімі аппаратының тәртіптік комиссиясымен Меркі ауылдық округінің әкімі Ғ.Байарыстанға Меркі ауданы прокуратурасының 2021 жылғы 15 қыркүйектегі «Заңдылықты бұзушылық­тарды жою туралы» ұсынуында көрсетілген заңбұзушылықтарға жол бергені үшін «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылып, тәртіптік комиссияның шешімі аудан әкімінің міндетін атқарушы Б.Бегалиевке жолданған. Өз кезегінде аудан әкімі аппаратының персоналды басқару қызметінің басшысы тәртіптік комис­сияның шешіміне қарамастан, Ғ.Байа­рыстанды тәртіптік жазаға тарту мерзім­дерінің өтіп кетуіне сілтеме жасап, аудан әкімінің оған қатысты тәртіптік жаза қолдану туралы өкімінің жобасын мүлдем әзірлемеген. Сондай-ақ жоғары тұрған басшылыққа қате ақпарат ұсынған. Осының салдарынан Ғ.Байарыстанға тәртіптік жаза қолданылмаған. Аталған мәселе Әдеп жөніндегі кеңес­тің 2022 жылғы 27 қаңтардағы отырысында қаралып, Меркі ауданының әкіміне нақты ұсынымдар берілген. Нәтижесінде, Меркі ауылдық округінің әкімі Ғ.Байарыстанға және оған тәртіптік жаза қолдану бары­сында кемшіліктерге жол бергені үшін Мер­кі ауданы әкімі аппаратының персо­налды басқару қызметінің басшысы Н.Сұраншиевке «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолда­нылып отыр. Әкімдік қыз­меткері бұны әдейі істемеді дейін десең, тайға таңба басқандай көрсетілген тәр­тіптік жазаны тағайындамағаны таңғал­дырады. Бәлкім, «қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген осы ма? 40 мемлекеттік қызметші тәртіптік жазаға тартылды Аудандарда да сыбайлас жемқорлық фактілері аз болмай тұр. Т.Рысқұлов ау­данында былтыр 40 мемлекеттік қызметші тәртіптік жазаға тартылса, 31-і ескерту, 3-і сөгіс, 2-і қатаң сөгіс, 3-і қыз­метіне толық сәйкес еместігі туралы ескеру алып, 1 азамат атқарып отырған лауазымды қызметінен босатылған.   Бұқаралық ақ­парат құралдарында жария­ланған материал­дарға да мониторинг жүргізіліп, мемлекеттік қызметшілерге қатысты 15 сыни материал зерделенген. Нәтижесінде, Жамбыл ауданы білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы азамат жұмыстан шығарылса, Бесағаш ауылдық округі әкіміне «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза берілген. Дәл осындай «қатаң сөгіс» түріндегі жаза Шу мен Т.Рыс­құлов аудандарында лауазымды қызмет атқарып отырған басшыларға да тағайын­далған. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесі мамандарының айтуынша, өңірде басшылар тарапынан қызметкерлерге қысым көрсету, өз еріктерімен жұмыстан шығуға мәжбүрлеу сияқты әрекеттер көп көрініс беруде екен. Тағы бір айта кетерлігі, өткен жылы мемлекеттік қызметшілердің әдеп норма­ларын бұзу дерегі 2021 жылға қарағанда 14,3 пайызға артқан. Мемлекеттік қызмет­шілердің көлікті масаң күйде жүргізу Талас пен Қордай аудандарында көп тіркелсе, дөрекілік, әдепсіздік және бейәдеп мінез-құлық таныту облыс әкім­дігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдар­ламалар басқармасы, облыс әкімдігінің құрылыс басқармасы және Шу ауданында болған. Айыппұл арқалап, қызметтен қуылған басшылар да аз емес Өткен жылы Жамбылда қарамағындағы қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін тәртіптік жауап­кершілікке тартылып, қызметінен боса­тылған басшылар да аз болмаған. Мұндай жазаны былтыр 21 басшы арқалаған. 2 азамат атқарып отырған мемлекеттік лауазымынан айырылса, 8 қызметкер қыз­метіне толық сәйкес емес түріндегі жаза алған. 8 азаматқа қатаң сөгіс, 3 басшысыға сөгіс түріндегі жаза тағайындалған. Ал Қазақстан Республикасы Қылмыс­тық кодексінің сыбайлас жемқорлық сипатындағы баптарын өрескел бұзған азаматтар темір торға тоғытылған. 10 қызметкер пара алу кезінде ұсталып, 366-бап бойынша сотталса, 6 мемлекеттік қызметші «сеніп тапсырылған мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бабы бойынша абақтыға қамалған. Тағы 8 қызметкер алаяқтық бабы бойынша ұсталса, 3 азамат «лауазымдық өкілеттілікті теріс пайдалану» бабы бойынша құрық­талған. Дәл осындай 5 қызметкер өкілет­тілігін асыра пайдаланғаны үшін қамауға алынса, 3 қызметкердің қолына пара беру кезінде кісен салынған. Бұдан бөлек, «билікті теріс пайдалану» және «қызметтік жалғандық жасау» баптары бойынша төрт қызметкердің ісі сотта қаралған. Жоғарыда аталған істердің бірқатарына тоқталсақ, Байзақ ауданының білім бөліміне қарасты №4 мектеп-лицейінің директоры А.Есжанова мемлекеттік мүлікті жымқырды деген айыппен қамауға алынған. Тергеу барысында күдіктінің кінәсі толықтай дәлелденіп, сот оған жымқырылған мүліктің 10 еселенген мөл­шерінде 3 000 000 теңге түріндегі айыппұл сал­ды. Бұдан бөлек, Тараз қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының жеке кәсіпкерлерді әкімшілендіру бөлімінің басшысы Е.Шымыркуловқа қатысты іс те сотта қаралып, сот үкімімен ол 7 жыл 6 ай бас бостандығынан айырылды.  
P.S   Жалпы, жемқорлық сипатында тіркелген қылмыстардың саны ойландырмай қоймайды. Статистикаға сүйенсек, жылда парақорлардың саны көбеймесе, азаймағаны анық аңғарылуда. Мұндайда енді қайтпек керек? Бәлкім, қолданыстағы заңды тағы қатайту керек шығар. Әйтпесе, мына қарқынмен бірер онжылдықта бүкіл мемлекеттік қызметшілер жемқор болып шығатын түрі бар.

Жамбыл облысы