Кербұлақ аудандық әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқындағы «Күреңбел су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнындағы жұмыс тобының басшысы Ермек Сансызбаевтың айтуынша, барлығы бір кездегі мердігерлердің жауапсыздығы мен сол кездегі аудан басшыларының, тағы басқа тиісті тұлғалар мен салалардың тапсырысты қабылдап алу кезінде кемшіліктерге көз жұма қараған салғырттығының кесірі. 2008 жылы аудан орталығында «Жаңа тұрмыс» шағын ауданы тұрғызылғанда төселген су жүйесінің пластик құбырлары мүлде сапасыз болып шығыпты. Арада төрт жыл өткенде, 2012 жылы бірінші рет сыр берген құбырлар содан бері жыл сайын жұрттың мазасын алып келе жатқанға ұқсайды.
– Жылда жарылатын пластик құбырлардың сапасын анықтау үшін «Талдықорған су құбыры» мекемесінің зертханасына апарып, тексерттік. Ондағы мамандар су құбырларының стандартқа сай еместігін, сапасы өте нашарлығын дәлелдеп, көзімізге көрсетті. Амал жоқ, дәл қазір оларды ауыстыруға ешқандай мүмкіндік жоқ. Аса ауқымды жұмыстарды атқаруға миллиардтаған қаржы мен күш керек. Қазіргі кезде ауылдағы үйлердің барлығына су жеткізу мақсатында қысымды сәл арттырсақ, құбырлар жарыла бастайды. Қысымды азайтуға тағы болмайды. Осы жолы ауыл сыртынан сыйымдылығы 1 мың текшеметрлік су жинақтағышты іске қосқанбыз, соның қысымына шыдас бермей жатыр. Реттеуге, қысымды төмендетуге тырысқанымызбен, оның да өзіндік талаптары мен ерекшеліктері бар. Күндіз-түні осы жұмыстың басы-қасында жүрміз. Бір жерін жамасаң, екінші тұсы тесіледі. Бұл неге осылай болып жатыр деп сұрайтын жан жоқ. Құбырлар төселген кездегі заңнама да өзгеше, әкімдер мен жауапты тұлғалар да басқалар болған ғой. Бүгінде аудан орталығын толық қамтамасыз ететін су бар. Тек аязға шыдамай жарылып кетпесін деп түн ортасында жауып, таңғы алтыда қосамыз. Жаңа ықшамаудандағыларға, сол жақтағы балабақша, мектептерге, әлеуметтік нысандарға су арнайы көліктермен тасымалданады, – дейді Ермек Арынұлы.Тоқетерін айтқанда, дәл қазіргі кезде жыл сайын тек жөндеуіне ғана миллиондар жұмсалатын су құбырларын төсеген кезде материалдардың сапасыздығына мән бермеген мердігерлер мен олардың жүрдім-бардым атқарған жұмысын қабылдап алған жауапты тұлғаларды табу қиын. Сондайлардың кесірінен мемлекеттің қыруар қаржысы желге ұшып, қарапайым жұрт жапа шегуде. Сарыөзекте қаңтардағы су құбырындағы ақаулар салдарынан сусап отырғандар арасында екі ай бойы арнайы автокөлікпен тасымалданатын таза ауызсуды тұтынып отырған тұрғын үй орамдарында тұратындар да бар. Күніне бір рет қатынайтын көлікті сарғая күтіп, бос ыдыстың барлығын толтырып алатындар, оны бірнеше күнге жеткізуге тырысады. Көнбістік танытып, «көппен көрген ұлы той» деп отырғандарымен, мемлекет тарпынан қарастырылған қаржыны халықтың игілігіне жарата алмағандарға өкпелері қара қазандай. Екі-үш айда бір соғып, мәдениет үйіне арнайы шақырғандарды жинап алып, «өтірікті шындай, ақсақты тыңдай» қылып, уәдені үйіп-төгетін басшылардың құрғақ сөздері де қажытқандай...
Болат АБАҒАН, Жетісу облысы