Алматыда полициядан қашқан көлік ұрысы өзіне пышақ салды
Алматыда полициядан қашқан көлік ұрысы өзіне пышақ салды
Фото: inbusiness.kz
Алматыда біреудің көлігін айдап кетпек болған ер адам полиция қызметкерлері ізіне түскеннен кейін, өзіне пышақ салды. Оның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Бейнежазбадан ер адамның қанға боялған жерде жатқанын және оны полиция қызметкерлері ұстағанын көруге болады. Алматы қалалық Полиция департаменті мәлім еткендей, 24 қаңтарда жедел басқару орталығына ер адам қоңырау шалып, белгісіз біреу оның Daewoo автокөлігін ұрламақ болғанын жеткізді. Қоңырау шалушы кеңсе пышағымен қаруланған күдіктіні жаяу аңдып келе жатқанын айтқан. Бірнеше минуттан кейін патрульдік полиция қызметкерлері ер адамға көмекке келді. Артына түскен тәртіп сақшыларынан қашып, жасырынғысы келген күдікті, өзіне пышақ жарақатын салды. Медициналық көмек алу үшін ол қаладағы ауруханалардың біріне жеткізілді.
«Іс жүргізу барысында  күдіктінің бөтен адамның көлігін «Ақсай» шағынауданында ұрлап кеткені анықталды. Сол жерде ол жол-көлік оқиғасын жасады. Көлік иесі апат орнына жаяу жүгіріп жетіп, көлікті айдап әкеткен адамды ұстауға әрекеттенген. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркелді. Басқа да мән-жайлар анықталатын болады», –  деді Әуезов аудандық Полиция басқармасының бастығы Ұлан Әбілқайыр.