Бензин мен дизель отыны биржа арқылы саудаланатын болады
Бензин мен дизель отыны биржа арқылы саудаланатын болады
© inform.kz
339
оқылды
2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде өндірілген бензин мен дизель отының 10 пайызы биржа арқылы саудаланатын болады. Бұл туралы бүгін Энергетика министрлігінің алқа отырысында ведомство басшысы Нұрлан Ноғаев айтты, - деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Нарықтағы қарым-қатынастарды, оның ішінде мұнай өнімдерінің ашық саудада болуын қамтамасыз ету бағытында мұнай өнімдерін, атап айтқанда, 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін мазут пен авиакеросинді биржаға шығарып, саудалау тәсілдерін ұйымдастыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Келесі жылдың 1 қаңтарында осы әдіспен нарыққа шыққан бензин мен дизель отынының 10 пайызы биржада саудаланады. Біз осылайша бұл әдісті сынақтан өткіземіз», - деді министр. Еске салсақ, ол 2019 жылы 180 мың тонна бензин экспортқа шығарылғанын айтты. «Дегенмен шекаралас Ресей, Қырғызстан, Өзбекстанға контрабандамен 400 мың тоннаға жуық бензин мен басқа да жанар-жағармай түрлері шығарылған», - деген Нұрлан Ноғаев бұған алдағы уақытта жол бермеу үшін бензинді автомобильмен ел аумағынан шығаруға тыйым уақыты ұзартылатындығын ескертті.