Қордан қайыр бола ма?
Қордан қайыр бола ма?
© коллаж: Елдар Қаба
789
оқылды
Былтыр Қаңтар оқиғасынан кейін Президенттің тапсырмасымен «Қазақстан хал­қына» қоры құрылды. Бір жыл ішінде қор «Қаралы қаңтарда» зардап шеккендерге, ауыр дертке шалдыққан балаларға жәрдем беріп, ауылдағы мектептерді жаб­дықтауға да үлес қосты. Дегенмен көпшілік тарапынан қорға тағылар сын да аз емес. Қор Мемлекет басшысының 2022 жылғы 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінің отырысында берген тапсырмасына сәйкес құрылды. Президент бұл қорға, әсіресе елдің қазынасынан үлес ала жүріп байы­ған бір шоғыр бай қаржы құюы керек екенін айтты. Осылайша, қорға халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім беру са­лаларындағы нақты мәселелерді шешуді жүктеді.
– Қадап айтамын: бұл Прези­денттің, Үкіметтің немесе қандай да бір меморганның қоры емес. Бұл – барлық қазақстандықтың қоры. Халық қоры. Бірінші Пре­зидент – Елбасының арқасында өте табысты компаниялардың тобы, тіпті халықаралық өлшеммен ал­ғанда шылқыған бай адамдардың аз шоғыры пайда болды. Халыққа тиесіліні қайтаратын уақыт жетті деп санаймын. Қор халыққа жүйелі және ұдайы негізде көмектесуі керек. Үкімет компаниялар тізімін анықтап, қорға жыл сайын енгі­зе­тін жарнасының көлемін солармен келіседі. Бұған қоса, орасан зор қа­ражаты бола тұра, көлеңкеде қалған тұлғалардың да белсенді қатысуын күтемін, – деген еді Президент.
Көп өтініш неге ескерусіз қалады? Осылайша, қоғам тарапынан «Қазақстан халқына» қорына үл­кен үміт артылды. Бүгінде қоғам­дық қордың қоржынына 131,7 млрд теңгеден көп қаржы түскен. Былтыр осы қаржының 25,5 млрд теңгесі игерілген. Бұл қаржыны банк депозитіне салғаннан түсетін сыйақыға ғана тең қаржы. Басқаша айтқанда, қор өзіне келіп түскен демеушілік қаржыларды бар-жоғы 19,3 пайызын ғана игерген. Оның өзінде бұл қорға қолы жетпей жүр­ген жан да көп. Солардың бірі – Эльвира Ғилманова. Ол баласының дерті жайлы айтып, қорға бірнеше рет өтініш жіберген.
– Қызым дүниеге келген кезде «екіжақты есту атрезиясы» диаг­нозы қойылды. Қазір жасы екіде. Ести де, сөйлей де алмайды. Елі­міз­де бұл дерттің емі жоқ. Кали­фор­­ния­ға апарып операция жасату құны 198 мың доллар тұрады. Бірақ отбасымыздың бұл қаржыға шама­сы жетпейді. Мемлекеттен арнайы квота да ала алмадық. «Қазақстан халқына» қорына да жаздық. Бірақ өтінішімізді қабылдамады. Біздің бір баламызды емдегенше, сол қар­жыға 3-4 баланың өмірін құт­қарған дұрыс шығар. Қордың көмек көр­се­тетін санатына сәйкес келмейді екенбіз, – дейді Эльвира Ғилманова.
Иә, қор барлық халыққа қол­жетімді емес. Тек қордың бағыты бойынша белгілі бір санаттағы адам­дар көмек ала алады. Ресми де­рекке сүйенсек, қорға 40 мыңнан астам өтініш түскен. Олардың 30 мыңнан астамы қор құрылған ал­ғашқы айда тіркелген. Өтініштердің 40 пайызы қаржылық көмек көрсе­ту, баспанамен қамту және басқа да қажеттіліктерді өтеу сияқты «қор мақсатына сай келмейтін» өтініш­тер көрінеді. Осы өтініштер негі­зін­де 20-дан астам қайырымдылық бағдарламасы іске қосылыпты. Де­генмен қоғаммен байланыс ма­маны Ербол Азанбектің пікірінше, ауылды жерде спортзал жабдықтау сияқты шаруалармен «Қазақстан халқына» қоры айналыспауы ке­рек. Қордың жұмысы шетелде емделуге, отаға ақша таппай жүр­ген мыңдаған адамға бағытталға­ны дұрыс.
– Қазір әлеуметтік желіні, әсі­ресе Instagram-ды ашсаңыз, әр екінші постта көмек сұраған адам. Өз елімізде ем жоғын айтады, шетелге сұрау салса, ем бар дейді. Бірақ ақысы қымбат. Амал жоқ, туған-туыс, таныс, соңында әлеу­меттік желіден көмек сұрайды. Көпшілігіне «Қазақстан халқына» қоры соңғы үміт сияқты. Өтінім жібереді, бірақ жауап ала алмайды. Спортзал ашатын мемлекет бар, жеке меценаттар бар, жүздеген қор бар ғой. Әрі спортзалды жабдықтау бірінші проблема емес. Сондықтан қор өз елімізде ем таппай, шетелде емделуге ақша таппай, күдерін үзіп, күн санап жүрген отандаста­рымызды қолдаумен ғана айналыс­сыншы. Сонда барлық қазақстан­дық риза болады, – дейді Ербол Азанбек.
Қордан жауап алу да, өтініші мақұлданғаннан кейін қаржының түсуі де ұзақ уақытқа созылады екен. Мұның себебін қордың ресми өкілі Диас Бейсенбектен сұрап көрдік.
– Қор азаматтарға төтенше жағдайлар кезінде қолға алынған шаралардан басқа, тікелей шотта­рына қаражат жібермейді. Мәсе­лен, шетелде емдеу жүргізілсе, онда емнің қаражаты тікелей клиникаға төленеді. Егер протез берілсе, онда протез алушы азаматқа емес, про­тезді әзірлеуші кәсіпорынға жібе­ріледі. Одан бөлек, тірек мектептер­ді немесе спортзалдарды жарақтан­дыру барысында қор қаражаты мектепке емес, қызмет түрін неме­се тауарды жеткізушіге тікелей жол­данады. Екіншіден, кез келген бағдарлама немесе жоба бойынша қайырымдылық көрсету үшін әрбір өтінім жіті қаралып, зерделенеді. Мысалы, өтінім бүгін беріліп, ер­тең бірден шешімі шығарылып, қажетті қаражаты жіберіледі деген қате түсінік. Шетелдік емдеуге кел­сек, осы бағыттағы өтінімдер бо­йынша қор бейінді ұйымдардың пікіріне сүйенеді. Бұл бағытта қор онкологиялық және онкогемато­логиялық жағдайлары бар па­циент­терге атаулы көмекті қарас­ты­ру­да, – дейді Диас Бейсенбек.
Оның айтуынша, пациенттерде алты республикалық ұйымның бірі берген шетелдік емдеуге арналған негіздемесі болуы тиіс. Бұдан бас­қа, Әлеуметтік медициналық сақ­тандыру қоры жанындағы жұмыс органының пациентті республи­калық бюджет есебінен квота бойынша жіберу мүмкін болмаған жағдайда көмек көрсету туралы өті­німдері қаралады. Кейін емдеу бағдарламасын, емхананы таңдау­ды қамтитын құжаттар топтамасын қалыптастыру және емдеуді ұйым­дастыру бойынша жұмыстар жүр­гізіледі, ол құжаттар басқарма жа­нындағы сараптама комитетінің қарауына шығарылады. Комитет­тегі мамандар өз ұсынымдарын бұдан әрі шешім қабылдау үшін қор басқармасына жібереді. Осылайша, қор тек қайырымдылық ұйымы болған соң медициналық немесе фармацевтикалық лицензияға ие емес екенін ескере отырып, келіп түскен өтінімдерді тек бейінді ұйымдар мен сарапшылардың пі­кіріне сүйене отырып қарастырып, шешім қабылдайды. Қор қосымша қаржы қарастыруы керек Мемлекет басшысы «Қаралы қаңтарда» қайғыға душар болған, жазықсыз жазым болған аза­мат­тардың отбасыларына «Қазақстан халқына» қоры көмек көрсетеді деп тапсырды. Енді қордың осы оқиғаға қатысты қанша адамға кө­мек қолын созғанын саралап кө­рейік. 2022 жылғы наурызда «Қа­зақстан халқына» қоры Қаңтар оқиғасының кездейсоқ құрбаны болған, қаза тапқан Қазақстан аза­маттарының небәрі 5 отбасына қайырымдылық көмек көрсетіпті: 7 миллион теңгеден төлеген. Бұдан бөлек, Қаңтар оқиғалары кезінде жарақаттанған балалардың 3 отба­сына 3 миллион теңгеден қайы­рымдылық көмек берді. Сәуірде кездейсоқ құрбандардың тағы 13 отбасына 7 миллион теңге, жара­қаттанған балалардың 2 отбасына 3 миллион теңге қайырымдылық көмек аударған. Жаз айларында қор тек медициналық бағытта кө­мек көрсеткен. Тамызда Қаңтар оқи­ғаларында жараланған бір от­ба­сына – 3 млн теңге, қыркүйекте 2 отбасына 3 млн теңгеден көмек көрсетіліпті. Қазан айында қаңтар­да жазықсыз мерт болғандардың 60 отбасына, қарашада 11 отбасына көмек ұсынылған. Ал желтоқсанда қаза тапқандардың отбасына 7 мил­лион теңге жұмсалыпты. Осы­лайша, бір жылда қаңтарда қайғыға ұшыраған 90 отбасына жәрдем бер­ген. Ал Бас прокуратура басты­ғының орынбасары Елдос Қилым­жановтың жариялаған де­ре­гінше, «Қанды қаңтарда» жалпы саны 238 азамат көз жұмған. Қор олардың ақталғандарына ғана кө­мек көр­сетуді ойлап отырса керек.
– Қамқоршылық кеңесінің соң­ғы отырысында қаңтар құрбан­дарына көмек көрсету туралы мә­селе қаралды. Қор қайтыс болған барлық азаматтың артында қалған балаларының орта арнайы және жоғары оқу орындарында оқуын қаржыландыру міндеттемесін ал­ды. Бұл міндетті орындау қиын, се­бебі балалар әртүрлі жаста, олар өсуі керек. Әзірге Қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған 238 аза­маттың артында қанша бала қал­ғаны туралы тізім жоқ. Біздің есе­бі­міз­ше, шамамен 200 бала бар, оған қоса оқиға кезінде жараланған 13 бала бар. Бағдарлама тек бака­лав­риатқа қатысты. Оқу таңдау бо­йын­ша жо­ғары немесе орташа ар­найы білім болуы мүмкін, – деген еді қордың басқарма төра­ғасы Болат Жәмішев.
Ал сарапшы Бауыржан Мұ­қа­новтың айтуынша, Қаңтар оқи­ға­сынан зардап шеккендерге қор тек прокуратураның шешіміне байланысты көмек көрсетеді.
– Бір жыл ішінде қаржының басым бөлігі қаңтар құрбандарына көмек беруге, ауылды жерлерге спорт­зал салуға жұмсалған. Қор­дың ресми мақсаттары әлеуметтік бағытта. Осы мақсаттарынан ауыт­қып кеткен жоқ. Дегенмен Қаңтар оқиғасында зардап шеккен кейбір азаматтар әлі де қордан көмек ала алмай жүр. Ауыр науқасқа шалдық­қандардың да қолы қорға жеткен жоқ. Сондықтан қор негізгі мақса­тын толыққанды орындап жатыр деп айта алмаймын.Көмек алуда қағазбастылық бар. Қор өте баяу жұмыс істеп жатыр. Сондықтан қордың кейбір ережелерін өзгертіп, қағазбастылықтан арылу керек. Со­сын қордың төрағасы тек Пре­зи­денттің тапсырмасын күтіп отыр­май, ірі кәсіпкерлерге, еліміз­дегі шетелдік компанияларға қор жұмысын түсіндіріп, қосымша қар­ж­ы тартуы керек. Барлық қайы­рымдылық қор осылай жұмыс іс­тейді,– дейді Бауыржан Мұқанов.
«Қазақстан халқына» қоры ең алғаш құрылған кезде көмекке мұқтаж көп халықтың жүрегінде үміт оты оянған еді. Дегенмен қордың шамасы барлық жұртты жарылқауға жетпей отыр.