– Жарқайың ауданы Далабай ауылындағы 40 гектар шұрайлы жерім «Урожай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің меншігіне қалай өтіп кеткенін байқамай қалдым. Бұдан бөлек, 2021 жылға дейін малға шабындық ретінде пайдаланып келген 30 гектар жерім болған. Бірақ дәл сол жылы менің бұл жердің де «иесі» шығып, мені тым шұрайлы жерімнен қуып шықты. «AMANAT» партиясы заңсыз берілген жерлерді қайтарады дегенді естіп, өңірлік филиалының қабылдау бөлмесіне барып, мәселемді жеткізгем. Көп ұзамай басқа жерден 40 гектар жер берілді. 30 гектар шабындық жерімді алу үшін соттасуға дайынмын. Мал шаруашылығымен айналысамын, бірақ жер жетпеген соң мал басын көбейте алмай отырмыз, – дейді Ерлік Сатыбалдин.Атап өтер жайт, қолданыстағы жер заңнамасының нормаларына сәйкес, биылғы жоспарды орындау жер иелерінің ерікті түрде кері қайтару арқылы ғана мүмкін болмақ. Партияның өңірлік филиалының мәліметінше, бүгінде Ақмола облысының жер ресурстарын басқару департаментімен 601,7 мың гектар жер алқабына нұсқаулар беріліп, оның ішінде мал басын алу және ауыл шаруашылығы малын түгендеу базасында тіркеу жолымен 84,5 мың гектарда жер қайта қолданыла бастаған. Нұсқаулар бойынша игерілмеген жерлерді кері қайтару 2023 жылдың соңы, яки 2024 жылдың басына сот тәртібімен жүзеге асырылуы мүмкін. Осы уақытқа дейін партияның облыстық филиалына жер дауы мәселесімен 23 өтініш түскен екен.
– Кері қайтарылған жерлердің ішінен 43,3 мың гектары бойынша үшінші тұлғалардың тарапынан арыз-шағым туындап жатты. Қазір туындаған дауды реттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кері қайтарылған жерлер ең алдымен жайылым жерге сұранысты өтеу, 89,4 мың гектар жайылым жерлерді басқару жоспарына қосу мақсатында пайдаланылады. Қазір аудан және қала әкімдіктерімен халықтың қажеттіліктері үшін керек жайылым жерлердің алаңы мен шекарасы белгіленген карталарды ақылы негізде жасау үшін шаралар қабылдануда. Одан кейін әкімдіктер жайылымдарды басқарудың бекітілген жоспарына өзгерістер енгізу туралы мәслихат шешімінің жобасын жасап, кезекті мәслихаттың сессиясында қаралады. Аталған жұмыс 3 айдан 6 айға дейінгі уақыт аралығын қамтиды, – дейді «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының баспасөз хатшысы Динара Дүйсенова.Халық арасында Ақмола облысы аумағындағы мыңдаған гектар жерді кезінде Кулагин мен Божконың меншіктеп алғаны жайлы әңгіме жиі айтылады. Партияның облыстық филиалының деректеріне сенсек, аталған жерлер бойынша да мәселе сотта қаралған. Целиноград ауданы Оразақ ауылы тұрғындарының шағымымен Ақмола облысының Жер ресурстарын басқару департаменті «Шаңырақ агро» ЖШС-не жерді қолдану келісімшарт тарын жарамсыз деп тану туралы талап арыз берілген. Алайда Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылдың 5 қыркүйегіндегі шешімімен талап арызды қанағаттандырудан бас тартылған. Ақмола облысының сот алқасы да шағымнан бас тартып, Ақмола облысының МАЭС-ның шешімін өзгеріссіз қалдырған. Дегенмен Кулагиннің меншігіндегі жерлер бойынша талап арыз қанағаттандырылғаны айтылды. Бұланды ауданы прокуратурасының ұсынысы негізінде Ақмола облысының Жер ресурстарын басқару департаметі «АСКОП» ЖШС-не қатысты Бұланды ауданында ауыл шаруашылығы мақсаттағы жерінің игерілуіне тексеріс жүргізген. Нәтижесінде, 604,4 гектар аумақтағы жайылымдық жердің мүлде пайдаланусыз жатқаны анықталған. Биыл анықталған заңбұзушылықты жою үшін департамент Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына «АСКОП» жер учаскелерін мәжбүрлі түрде қайтару туралы талап арыз беріп, 2022 жылдың 19 қазанындағы сот шешімімен қанағаттандырылып, жер толық көлемде мемлекет меншігіне қайтарылған.
P.S. Жер дауында сары майдан қыл суырғандай жан-жақты өлшенген шешім қажет. Оның үстіне, кезінде мың гектарлап берілген жерді қазір сол күйінде кері қайтарып алу да оңай емес. Бұл істе партияның «Жер аманаты» жобасының тиімділігі анық аңғарылады.
Ақмола облысы