Күріштің құны күрт өсті
Күріштің құны күрт өсті
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболат
1,334
оқылды
Сыр салысымен даңқы шыққан Қызылорда облысында күріштің бағасы қымбаттап барады. Жергілікті халық өзімізде өсірілетін дақылдың бағасына бақылау болмай тұрғанын түсінбей дал. Жалпы, елімізде күріштің 86 пайызы Қызылорда облысында егіледі. Ал қалған үлесі Алматы, Түркістан және Жетісу облыстарына тиесілі. Соңғы 3 жылда аймақта су тапшылығы сезіліп, диқандар күріш алқаптарының көлемін азайтуға мәжбүр болды. Дей тұрғанмен, әкімдіктің салалық басқармасы күзде алынған өнімде тапшылық болмағанына сендіреді. Ондағы күріш бағасының күрт құбылуын тыңайтқыштар мен жанар-жағар­майдың қымбаттауымен байланыстырады.
«Өткен жылы облыстың егін шаруашылығы саласы үшін күрделі жыл болды деп айтуға болады. Себебі тыңайтқыштар мен гербицидтердің бағасы 2-3 есеге, ауыл шаруашылығы техникалары 30 па­йызға қымбаттауы күріштің өзіндік құнының көтерілуіне әсерін тигізді. Дегенмен аймақта ақ күріштің бағасын тұрақтандыру барысында бірқатар жұмыс жүргізіліп жатыр», – деді Қызыл­орда облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қаты­настары басқармасының бөлім басшысы Ерхан Ағыбаев.
Бүгінде Сыр өңірінде 20-дан астам күріш өн­діру­шілер ассоциациясы мен ірі күріш өндіру зауыты жұмыс істейді. Тиісті басқарма осындай күріш өндірісімен айналысатын орындармен ар­найы меморандумға да қол қойып, бағаны негізсіз өсірмеу жөнінде келісімге келген. Алайда бұл да баға­ның шарықтауының алдын ала алмағанға ұқсайды. Бұл тұрғыда басқарма берген мәліметке сүйен­сек, күріш өңдеушілерімен облыстың сауда орындарына күрішті тікелей кәсіпорын басынан 339 теңгеден қамтамасыз етіп, супермаркеттерде 372 теңгеден асырмай, тұрғындарға сату жөнінде меморандумға қол қойылған.
«Осы меморандумға сәйкес бүгінде 5 ірі күріш өндіруші кәсіпорны мен 5 ірі супермаркет арасында келісім жасалып, күріш 372 теңгеден сатылып жатыр. Өңірлерден 5,9 мың тонна кү­ріш­ке сұраныс түскен. Қазір Сауда және инте­грация министрлігі мен облыстың Ауыл шаруа­шылығы басқармасы бірлесіп Әлеуметтік-кә­сіпкерлік корпорацияларымен күріш өндірушілер арасында барлық өңірге күрішті 380 теңгеден сату бойынша келісім жасалып жатыр. Сондай-ақ бүгінде 12 өңірмен мәселе алдын ала пысықталып, келісімшартқа отыру жұмыстары атқарылды. Бүгінде күріштің бағасы сауда орындарында 350-450 теңге аралығында босатылса, әлеуметтік дүкендер мен әлеуметтік бұрыштарда 360 теңгеден сатылып жатыр», – деп түсіндірді басқарманың азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Ерхан Ағыбаев.
Негізінен, өткен жылы аймақта күріштің ба­ғасы 300 теңгеден бастап бағаланған болатын. Биылдан бастап күріштің келісі 450 теңгеге бір-ақ көтерілді. Ал жекелеген дүкендерде оның бағасы 580-600 теңгеге жуықтап қалған. Бұл халықтың қалтасына айтарлықтай салмақ салады.
«Рас, биылдан бастап күріш бағасы 600 теңгеге дейін қымбаттады. Зауыттың өзінде 380-450 теңге аралығында сатылады. Негізі, бұған дейін көптеген азық-түліктің бағасы қымбаттағанымен, күріштің бағасын ұстап тұрғанбыз. Биылдан бастап Сыр диқандарының еңбегі еш кетпес үшін бағаны көтеруге мәжбүр болып отыр. Бұл бірінші кезекте сол тыңайтқыш, жанар-жағармай мен техниканың қымбаттауына тығыз байланысты. Мәселен, ты­ңайт­қышты Ресей, Өзбекстан елдерінен алдыра­мыз. Бүгінде оның бағасы 3 есеге дейін қымбаттады. Техниканы жеткізу де қалтаға айтарлықтай салмақ салады. Осыдан 3-4 жыл бұрын 140 млн теңге тұратын комбайн биыл 280 млн теңгеге шықты. Сондай-ақ су, жарық бағасының шарықтауы да қолбайлау болып тұр. Мемлекет тарапынан берілетін субсидия көлемі де азайып кетті. Осы орайда ауыл шаруашылығына қажетті тыңайтқыш, техникаларды қолжетімді бағамен жеткізіп, субсидия көлемін арттырса, бағаны да тұрақтан­дыруға болар еді», – деп түсіндірді бұл жайында «Абзал және К» шаруашылығының коммерциялық директоры Сағидолла Сыздықов.
Ал Сыр өңірінде күріш шаруашылығымен айналысатын іргелі «Абай-Дәулет» ЖШС тарапы­нан күріш бағасының қымбаттауының өзіндік себебі бар екенін алға тартады.
«Қазір инвесторлар мен мемлекеттік субси­дияға сүйенген шаруашылықтардың жағдайы бір-біріне өте ұқсас. Бұл тұрғыда су тапшылығы, егін егу, күтіп-баптау мен жинап алу қиыншы­лығы, тыңайтқыш пен жанар-жағармайдың қымбат болуы шаруалардың қалтасына салмақ салады. Соған қарамастан жыл сайын тәуекелге барып жатады. Күріш бағасының көтерілуіне осындай жағдайлар ықпал етіп тұр. Сондықтан бұл мәселені де назардан тыс қалдырмаған абзал деп ойлаймын. Ал бүгінгі ахуалға келер болсақ, арнайы жасалған меморандум аясында дүкендерге белгілі бір мөлшерде арзан күріш жеткізіліп жатыр. Осы арқылы халықты арзан күрішпен қамтамасыз етуге иек артамыз», – дейді серіктестік директорының орынбасары Марат Сәрсенбаев.
Дерекке сәйкес, күріш дақылы өзімізде өсіріл­генімен, әлі күнге сырттан тасымалдау толастаған емес. Бұл тұрғыда елімізге жылына шамамен 15 мың тонна күріш жеткізіледі екен. Ал өзімізден бір жыл­да 12 мемлекетке 60 тоннаға жуық Сыр мар­жаны экспортталатын көрінеді.

Қызылорда облысы