Жетісу облысында ұйықтап жатқан күйеуін пышақтап өлтірген әйелге қатысты сот үкімі шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Inform.kz-тің жазуынша, әйел 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Текелі қаласының тұрғыны Евгения Киценко 30 жастағы күйеуін өзі өлтіргенін мойындап отыр. Ол қылмысты күйеуі ұйықтап жатқанда жасаған.
Ішімдік ішіп келген күйеуі жанжал шығарып, ұйықтап қалған. Сол мезетте әйелі жүрек тұсына 6 рет пышақ сұққан. Ал күйеуінің мәйітін үйінде 25 күн бойы жасырған. Мәйітті қонақ күтетін бөлмедегі еденді ашып, мүрдені сол жерге көміп тастаған. 25 күннен кейін полицияға қылмысы жайлы өзі хабар берген.
Е.Киценко 15 жасында тұрмысқа шыққан. Жолдасымен 9 жыл бір шаңырақ астында өмір сүрген. Екеуінің ортақ үш баласы бар. Бірақ күйеуінің қалауымен азаматтық некеде өмір сүрген.
«Күйеуім екеуіміздің арамызда ылғи кикілжің болды. Ішімдік ішіп алып, маған да, балаларға да күн көрсетпеді. Сөйлесем де, сөйлемесем де жақпадым. Үйде ылғи жанжал болатын. Тіпті менің далада түнеген күндерім де аз емес. Полицияға шағымдандым, бірақ олар тек заң аясында оны әкімшілік жауапқа ғана тартып, 10-15 күнге қамап, қайта жіберетін. Себебі, заң солай, осал. Міне, отбасылық жанжалдың соңы осылай адам өлімімен аяқталып тұр. Жарайды, 15 жылдан кейін мен бостандыққа шығамын. Бірақ балаларымның тағдыры не болады?..», – дейді сотталушы Евгения Киценко.
Жетісу облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Бақыт Ермаханов балаларға қатысты бөлек үкім шығарды. Евгения Киценконың бала-шағыс Балалар үйіне немесе басқа да мекемелер қамқорлығына беріледі.