Астанада Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен Өңірлік мерзімді басылымдар форумы өтіп жатыр. Қазір БАҚ-тың басты мәселесін талқылаған жиында балалар баспасөзінің қордаланған мәселесін ақын, журналист, «Мұнара» газетінің бас редакторы Серікбол Хасан айтты. Ол балаларға арналған контенттің ерекшелігіне тоқталды. Журналистің айтуынша, газет-журнал баланың зейінін ашып, ақылшы-кеңесші болады. Қаржылық сауаттылықты үйрететін «Ұлан» газетіндегі тұрақты айдардың пайдасы ұшан-теңіз.
«Балалардың ата-анасына, мұғалімдеріне айта алмайтын мәселелері бар. Тіпті, балалардың бір-біріне айта алмайтын дүниелері болады. Оның қатарына мектептегі және мектептен тыс жерлердегі буллинг, зорлық-зомбылықты жатқызуға болады. Сондай-ақ жыныстық жетілуге қатысты сұрақтар туындайды. Өтпелі кезең, отбасындағы жанжал, басқа да түрлі психологиялық жағдайлар балаға соққы болып тиеді. Міне, мұндай кезде балалар басылымдары көмекші болады. Мысалы, «Ақ желкен» журналы осындай тақырыптар төңірегінде мамандардың қатысуымен түрлі пайдалы кеңестер беріп келеді. «Ұланда» Ұлттық банкпен бірлесіп жүргізілетін қаржылық сауаттылыққа қатысты тұрақты айдар бар. Бұл айдарды үзбей оқыған бала, ақша үнемдеуден бастап, табыс табуға дейін көп нәрсе үйренеді. Сол секілді балаларға өз құқын білуді үйретіп келе жатқан да – балалар басылымдары деп білемін», – дейді Серікбол Хасан.Сондықтан «Балдырған», «Ұлан», «Ақ желкен», «Мөлдір бұлақ» секілді балалар басылымдарының таралымы көбеюі үшін заман талабына сай жаңғырту өте маңызды. Газет-журналды сапалы етіп безендіру үшін де қыруар қаржы керек. «Қазір көптеген балалар комикске қызығады. Комикстің маманы айта жатар, қазір комикс салу өте қымбат. Мысалы, «Балдырған» журналының бір нөміріне комикс салу үшін кемі 500 мың теңге керек. Ал редакция қорында мұндай қаражат жоқ. Шыны керек, өкінішке қарай, мемлекет ондай қаржыны бөлініп отырған жоқ. Егер мемлекет тарапынан осы нәрсе жүйеленсе, журналдар комиксті де дөңгелентіп әкетер еді. Балалар басылымдарына сапалы иллюстрациялар, кәсіби суретшілер керек. Қазір сурет өте қымбат тұрады. Өзін бағалайтын иллюстраторлар әр суретіне кемі 20 мың теңге сұрайды. Мысалы, «Балдырған» журналында жарияланып жатқан әңгімелерге кемі 30-40 иллюстрация керек. Тағы да мәселе айналып қаржыға тіреледі. Мысалы, «Ұлан» газетінде суретші де, фотограф та жоқ. Амалдың жоғынан бәрін интернеттен алып салады. Осыдан кейін қалай сапа болады?.. Тағы бір мәселе – қазіргі уақытта балалар басылымдары тек басылым қызметін ғана атқармауы керек. Әлеуметтік желілерде белсенді болуы тиіс. YouTube каналдар ашып, әлеуметтік желілерде қосымша қызметтер атқаруы қажет. Тіпті, басылымдар шағын анимациялар түсіруді, балаларға арналған түрлі қызықты мобильді қосымшалар, смартфонға арналған танымдық ойындар жасауды да қолға алуы керек. Алайда ол үшін тағы да қосымша қаражат қажет. Редакция ауқымын кеңейтіп, тиісті мамандар алу керек», – дейді журналист. Кеше Өңірлік мерзімді басылымдар форумында журналист, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп «Оқу мәдениетін жоғалтқан адам ойлау мәдениетін жоғалтады» деп қазіргі мерзімді басылымдарды сақтап қалудың бір жолы танымдық, тарихи бағытта құнды дүниелер жариялау деген болатын.