Мәскеуде өтіп жатқан «Шахмат жұлдыздары» атты халықаралық турнирде айтулы сенсация болды. Блиц шахматтан екі дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева рапидте бәсекенің басты фавориті Сергей Карякинді жеңді, – деп хабарлайды Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Ресейлік шахматшы – әлемдегі ең мықты гроссмейстердің бірі. Қазіргі уақытта оның 2 739 ұпайы бар.
Турнир комментаторларының айтуынша, Бибісараның блицте әлем чемпионы болғаны бекер емес. Ол Сергейдің керемет қорғанысына қарамастан жеңіске жетті.
Екі мықтының ойыны мазмұны жағынан да, тиімділігі жағынан да турдың сәнін келтірді. Бибісара бұған дейінгі сұхбаттарында осы турнирде Сергей Карякин және Теймур Раджабовпен ойнағысы келетінін бірнеше рет айтқан.
Өз кезегінде ресейлік гроссмейстер мұндағы жалғыз жеңілісінен ұялмайтынын мәлімдеді.
«Мен өте жақсы ойнайтын әлем чемпионынан ұтылдым», – деп айтты Карякин ойыннан кейін.