– Вася, руың кім?
– Арғын
«Ерекше» туған жандардың көңілінде бұлты болмайды
2,892
оқылды

Ауланың іші у-шу. Бірін-бірі түгендеп, бірін-бірі іздеп жүргендер. Бәзбіреулер бір жасөспірімді жетектеп алса, енді бірі арбаға таңылған мүгедек жанды сүйретіп барады. У-шудың арасынан көзі күлімдеген бір жігіт бізге қарсы жүрді. Есімі – Шерхан. Қызметі – «Нұрлы жүрек» орталығы директорының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары.

ерекше @Анар Қоныс

Біз барған уақытта елорда әкімдігіне қарасты мекемеде мерекелік шара өтіп жатыр екен. Сөйтсек, Ақкөлдегі «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының» қызмет алушы­ла­ры бұрын өздері түлеп ұшқан қара шаңы­рағына келіп, тәрбие­ші­ле­рімен жүздесіп, бауырларымен сағыны­шын басып, кішігірім кон­церттік нө­мір дайындап келіпті. Мұндай бастаманы көтерген – Орталық директоры Нұрбол Зұлқарнаев. Оның үстіне, мұндай шара көп­тен бері болмаған көрінеді.

ерекше @Анар Қоныс

Құлдыраңдап жүгіріп, бір орыс бала жанымызға келді. Жас мөлшері – 10-11-де.

– Вася, как дела? (Есімі өзгертілді – ред.) – деп еді мекеме орынбасары.

– Хорошо, – деп оны құшақтай алды.

– Вася, руың кім?

– Арғын.

– Қазақсың ба?

– Қазақпын, – деп қояды. Өзі берген жауабына мәз.

Жүзімізден «Бұл кім?» деген сұрақты ұқса керек, Шерхан мырза: «біздің бүл­діршін, әке-шешесі бас тартқан баланың қамқоршысы – бізбіз, яғни мекеме ди­ректоры» деп түсіндірді.

ерекше @Анар Қоныс

 – Сырқат баласынан бас тартқан ата-ананы кінәлап, мін тақпаймыз. Себебі, туабітті ерекше баланы өсіріп-жеткізу – кез келген ата-анаға үлкен сын. Мекеме­дегі балалардың елу пайызы – ата-ана­сының қамқорынсыз қалса, қалған жар­тысы – әке-шешесі бар балалар. Олар балаларын қарағысы келмеген соң тас­таған жоқ. Керісінше, өмірлік қиындыққа тап болып, басына іс түскен жанұялар аяққа тұрғанға дейін балаларын осында әкелген.

Мысалы, Темірхан деген күн ба­ласы бар. Яғни, диагнозы – даун синдро­мы. Жасы – 21-де. Әке-шешесі одан бас тартпаған. Керісінше, жағдайын түзеп алғанша, осында болуын дұрыс көрді. Ондай отбасылар аз емес. Олардың өзі сенбі-жексенбі мен мереке күндері бала­ларын үйіне әкете алады. Бастысы – баланың әке-шешесімен бірге болуы. Ата-анасымен өткізген уақытын, сол бір мезетті бала ұмытпайды. Қайта көңіл күйі жақсарып, өмірге деген құлшынысы оянады. Ал біз үшін баланың қуанышынан асқан бақыт жоқ, – дейді «Нұрлы жүрек» орталығы директорының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Шерхан Сейтқалиев.

ерекше @Анар Қоныс

Баланың тең жартысы – арбаға таңылған жандар

Астана әкімдігіне қарасты елордада «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы психоневрологиялық патоло­гиясы бар 3 жастан 18 жасқа дейінгі бала­ларға арналған. Ғимаратының бір кор­пусында әке-шешесі бас тартқан ерекше балалар кәмелеттік жасқа толғанға дейін өмір сүреді. Олардың саны – 120. Қызмет тегін көрсетіледі.

– Жалпақ тілмен айтқанда, біздің мекеме – мүгедек балаларға арналған же­тімдер үйі. 120 баланың ішінде оннан ас­тамы даун синдромы, тағы он шақтысы­ның диагнозы – аутизм. Негізі басым көпшілігі ДЦП, яғни арба мен төсекке таңылғандар. Ал қалғаны ақыл-есі кем жан­дар. Олар бізде политив топ деп ата­лады. Бүкіл жұмыс күші осында жұмыл­дырылған, – дейді Шерхан Сейтқалиев.

Бір топта 8-9 баладан топтастырылады. Әр топтың қарайтын тәрбиеші мен күтушісі болады. Ал политив топта түнгі кезекшіге дейін бар.

ерекше туған жандар

«Біздің мекеме аурухана не болмаса сауықтыру орталығы емес, әлеуметтік қызмет көрсету орталығы. Соған қара­мастан біз барынша балаларға ем-домын жасаймыз. Бірақ бізде туабітті сырқатынан айыққанның саны саусақпен санарлықтай ғана. Олар Астана қаласындағы коррек­ция­лық мектепке жіберіледі. Бұл маман­дары­мыздың қажырлы еңбегі, жеңісі деп білеміз. Әйтпесе, туабітті сырқатпен дү­ниеге келген баланы толыққанды айық­тыру мүмкін емес. «Үмітсіз шайтан» демекші, біз секілді әрбір бала да, ата-ана да жақсыға үмітті» деген директордың орынбасары былтыр коррекциялық мек­тепке 6 бала, оған дейінгі жылдары 12 бала ауыстырылғанын сөз етті. Мекемеде 8 арнайы әлеуметтік қызмет түрі бар. Олар: әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-пе­дагогикалық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-құқықтық және әлеуметтік-эко­номикалық қызметтер. Ал үш ғи­мараттан тұратын мекемеде сенсор бөл­месі, монтессори бөлмесі, тігін, слесарь ше­берханасы, лекотека, компьютерлік сыныптар, ойын лабиринттері кешені, ЛФК, физиотерапия және галотерапия, басқа да кабинеттер бар. Аумағында спорт тренажерлары мен антивандалды ойын кешендері, футбол, баскетбол және волейбол алаңдары ашылған.

ерекше Сырқат баланы өз баласындай көретін күтуші

Политив топта жатқан балалардың мекенін көруге ішке енгенде, кіреберістегі бөлмеде төсекте төрт жасар кішкене қыз жатқанын көрдік. Тыныстауы жеңілдеуі үшін оның аузына құрылғы қойылған. Тамағы тесілген, жиналған қақырықты түтікшемен сорып алып күтуші отыр. Ол төсекке таңылған бүлдіршіннің жанынан кете де алмайды. «Өзіміздің баламыздай, қарамай қалай отырамыз. Әйтеуір, қи­налмасын деп қолдан келгенін істейміз. Осыған үйреніп те қалдық. Істегеніме он жыл болып қалды», – дейді күтуші.

Ал арбаға таңылған 30-дан астам бүлдіршін кіп-кішкентай болып, шөгіп қалған. «Қозғалыс болмаған соң, бұл балалардың бойында қан дұрыс жүрмейді. Салдарынан қу сүйек болып, шөгіп қал­ған» деген күтуші тоңып қалмас үшін қабаттап киіндіріп қойған.

– Біздің қызметкерлер басы байлы өздерін жұмысқа беріп тастаған. Әр бүл­діршінді өз баласындай қарайды. Ара­сында тәрбиешілеріміз еңбек демалысына шыққанда естияр балалар қиналып, жібергісі келмейді. Ата-аналар да тәр­биешінің ауыспай, қала бергенін қалайды. Өйткені әрбір тәрбиеші өз тобындағы әр баланы қас-қабағына қарап, оған не ке­регін жақсы біледі. Әрине, баланың өзіне қолайлы ортасынан шықпағаны дұрыс. Бірақ заң бойынша олар да демалу керек және уақытша нәрсе, – дейді «Нұрлы жүрек» орталығы директорының әлеумет­тік жұмыс жөніндегі орынбасары.

ерекше @Анар Қоныс

Баланың дәретханаға бара алуы – үлкен жеңіс

Шерхан Сейтқалиевтың айтуынша, мекеме мамандарының мақсаты – осын­дай балалардың әлеуетті мүмкін­діктерін дамыту үшін барынша қолайлы жағдай жасау және оларды қоғамда әлеумет­тен­діру, сондай-ақ ақыл ойы мен дене біті­мінде кемшілігі бар балаларды оңалту, түзету және бейімдеу жұмыстарын жүр­гізу.

– Кейбір ата-ана «баламның сөйлеп кетуін қалаймын» деп жатады. Өкінішке қарай, баланың туабітті сырқатын ма­мандар толыққанды жаза алмайды. Яғни, оның тілін шығару қиын болады. Себебі, біздің мекеме – әлеуметтік қызмет көр­сету орталығы. Баланы қоғамға үйретіп, әлеуметтендіру. Мысалы, баланың дас­тарқан басында дұрыс отырып, қасығын ұстай алуы не болмаса дәретханаға өз еркімен баруы – біз үшін үлкен жеңіс. Әке-шешесі бас тартқан, туабітті сырқаты бар нәресте әуелі Астанадағы әкімдікке қарасты «Мамандандырылған балалар үйі» мемлекеттік коммуналдық мекеме­сіне түседі. Үш жасқа дейін сол жердегі дәрігерлердің бақылауында болады. Егер баланың ақыл-есі дұрыс, қоғамға бейім­делуге мүмкіндігі бар жандар бізге ауыс­тырылады. Одан кейін ба­лалармен ло­гопед, психолог, мас­сажист, ән мұғалімі, денешынықтыру мұғалімі секілді маман­дарымыз ай­налысады, – деді Шерхан Маратұлы.

  ерекшеОрталыққа түскен баланың қай топқа жіберуін анықтау үшін арнайы ко­миссия құрылады. Олар баланың даму үрдісіне, жасына, жыны­сына, психикалық жағ­дайын ескеріп, екі апта қадаға­лай­ды. Оның үстіне, әр диаг­нозға қарай лайықты бағдар­ламаны негізге алып, мамандар бір жылға жос­пар құ­рады. Оған да әр ба­­ланың сыр­қаты, жас айыр­ма­шы­лығы, ой-өрісі есеп­ке алынады. Ар­­­ты­нан әр үш ай сайын әлеу­меттік жұ­мыс жө­нін­дегі маман­дар бала­ның не үйрен­генін көріп, жеткен жетістігін баға­лайды.

«Әйтеуір, барын­ша балалар­дың бос уақытын пайдаға жа­ра­туға тырысып, спорттық сайыс­тар, мерекелік шара­лардың өтуі, олардың оған қа­тысуын қадағалай­мыз. Негізі әр баланың ой-өрісіне байланысты жұмыс атқа­рылады. Егер оқып-тоқуға икемі болса, оқытамыз. Алайда көбіне бүгінгі айтылған дүниені топта бес баланың ертең біреуі ұмытып қалуы мүмкін. Оған өткенді қайталау керек. Жалпы, біздегі дені сауы, өзін-өзі алып жүре алатын балалар – даун син­дро­мына шалдыққандар. Өкінішке қарай, олардың өзі сөйлей алмайды. Бағана айт­қанымдай, олардың өзі тамақтанып, дәретханаға бара алуы – біз үшін үлкен жеңіс. Ал енді олардың әріп танып, оқуы өте қиын дүние. Бірақ ынтасы бар баланы оқытудан, үйретуден жалықпаймыз», – деді Шерхан Сейтқалиев.

ерекше @Анар Қоныс

Көбісі сырқат баланы асырап алудан қашады

Шерхан Сейтқалиевтың айтуынша, балаларды асырап алуға ниет білдіріп, хабарласатындар көп. Бірақ көргеннен кейін көбі ойынан айнып жатады екен.

– Балалар үйі деген соң бізге хабар­ласатындар көп. Бірақ көбісі олардың туабітті сырқат екенін біле бермейді. Сол кезде «сіздер ерекше балалармен айна­лысуға, оны қолға алуға дайынсыз ба» де­генге «әрине, дайынбыз» деп бой бер­мейді. Сондайда «алдымен сіз бізге ке­ліңіз, балаларды көріңіз» деймін. Артынан балалардың жылап жатқанын, күтуші­лердің бұтын ауыстырып, әуре болғанын көріп, ойынан айнығаны аз емес. Енді бірі «сіз жүзден аса бала бар дедіңіз, со­ның елуін көрсетсеңіз» дейді. Ондай кезде «кешіріңіз, сізге сонша баланы көрсете алмаймын. Себебі, оның ішінде сөз тү­сінетін, өз ойын толық жеткізе алатын тек 5-6 бала шығады. Ал қалғаны сіздермен сөйлеспек түгілі, өздігінен тамақтана алмайды» деп төсекке таңылғандарды көрсетемін, – дейді ол.

Оның айтуынша, бала асырап алу жағдайы өте сирек кездеседі. Жеті жыл­дық тәжірибесінде бір ғана бала асырап алынған. Оның өзі патранаж отбасы екен. «Ол кезде Нәйля 5 жаста еді. Диаг­нозы – ақыл-есі кем. Оны асырап алғанда мекемедегі бүкіл қызметкер жылады. Қазір ол 10-ға толды» деген Шерхан Сейтқалиев әлі күнге дейін баланың ата-анасымен сөйлесіп, байланысып тұра­тынын айтты.

– Істеген жеті жылдың ішінде 5-6 ата-ана өз құқығын қайтарып алды. Соның төртеуін кезінде әке-шешесі перзентха­нада тастап кеткен екен. Олар баласын бірден әкете алмаса да, уақытын бірге өткізе алады. Бала да өзінің керек екенін сезінеді. Ерекше баланы өсіру – кез кел­ген ата-ананың қолынан келе бермейді. Олардың өзіне бұл – үлкен сынақ. Мы­салы, даун синдромына шалдыққан ба­ланы ата-анасы 10 жыл­дан кейін іздеп кел­­ген. Әйел­­дің сөзінше, жастығы бар, жағдайы да болмаған. Уақыт өте қателігін түсініп, ата-ана құқығын қай­тарып алмақ болған. Оның өткенге деген өкінішін байқадық. Баласының қасынан шықпай, бүкіл уа­қы­тын соны­мен өткізді. Жалпы, балаға же­тіспейтіні – мейірім, махаббат, ыстық-ықылас. Құ­шағына алып, мейірімін төккен ана ма­хаббаты әсіресе, сырқат баланың жанына медеу ғой. Әйтпесе, іш киімнен бастап, қажетті құрылғыларға дейін мемлекет қамтып отыр, – деді Шерхан Сейтқалиев.

Кез келген бала әке-шешесін күтеді

Ақкөлдегі «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан» келген 25-ке жуық қызмет алушы елді өз өнерімен тамсандырды. Оны көрген Шерхан мырза «Бәрі өсіп кеткен, оларды көріп, қуанып қалдық. Бүлдіршіндеріміз 18 толғанда Ақкөлге жіберуге қимай, қоштасарда көз жасымызды тыя алмаймыз» дейді. Алайда қазір ол жақта орынның жоқтығынан кейбір балалар кәмелеттік жасқа толса да, әлі осында.

– Ақкөлде әзірге орын жоқ. Ал олар­дың «сенің уақытың келді» деп шығарып тастай алмаймыз. Оның үстіне, есейіп, ер жеткен соң осында өзі де қала алмайды. Себебі бала өз қатарластарымен болғанды қалайды, онысы дұрыс, – дейді Шерхан Сейтқалиев.

сәби Оның айтуынша, кез келген бала әке-шешесін іздейді, келеді деп күтеді. Бірақ кейбір ата-ана оны түсінбейді. Бірде әкеге деген көңілі қалған жағдай болыпты. – Бізде Серік деген бала болды (Есімі өзгертілді – ред.), ақыл-есі дұрыс, өзін-өзі ұстай алады. Тек кішкене еркелігі бар. Арасында ол қызметкерлерден телефон сұрап алып, әкесіне қоңырау шалады. Әр қоңырауында «Әке, сіз қашан келесіз?» деп сұрайды. Ол да «ертең келемін» деп айтудан жалықпайды. Бала ғой, қуанып, «ертең әкем келеді» деп қасындағыларға мақтанады. Ертеңінде әкесін күтумен күнін өткізеді. Әкесі келмеген соң, Серік те ашуланады, көңіл күйі түседі. Бірде әкесіне «келмейтініңіз бар, баланы үміттендірмеңіз» деп ұрсып хабарластым. Ол да түсінді. Бірақ бала ғой, менен болмаса да басқа қызметкерлерден телефон сұрап, әкесіне хабарласуын қоймайды. Әкесі де «екі аптадан кейін келемін» деп алдайды. Ол тағы күтеді, көңілі түседі. Сөйтіп жүргенде, бір күні ол бізден қашып кетті. Жан ұшырып бәріміз іздеп, милиция шақырдық. Протокол бойынша жұмыс істейміз деген милицияға «бала әкесіне кетті» деп бой бермедім.

Сөйтіп, Астанадан 80 шақырым жерде тұратын Серіктің әкесіне бардық. Қыстың қақаған суығы, дала борап тұр. Кезігіп қалармыз деген оймен барғанша жол бойын қарап, таппадық. Әкесінің үйінде де болмай шықты. Төрт сағат өтті. Қандайда хабар болса әкесі ескертетінін айтты. Қайтар жолда жұқа жемпірмен кетіп бара жатқан баланы көріп қалдық. Сөйтсем, Серік екен. Шақырып алып, көлікке отырғыздым. «Бұл жерге қалай келдің?» десем, «таксимен» дейді. Отыр­ған таксиі ақша сұраған, ол жоқ деген соң, жол ортада түсіріп кеткен. Осы жерге дейін ол 6 көлік ауыстырып келген. Жа­ным ашып, әкесіне қоңырау шалдым. Үйден 10 метрдей жерде тұрмыз. «Біз сырттамыз, келіп кетіңізші, сізді бір көрсін» деп едім, «жоқ, алып кетіңіз» деді. Әлгіні естіген бала да жылады, мен де жыладым. Көңіліме қаяу түсірген сол бір мезет, – дейді Шерхан Сейтқалиев.

Арасында туғанын көргісі келмейтін де жағдай болған. Оның айтуынша, Арнольд деген бала болған (Есімі өзгертілді – ред.). Қазір ол Ақкөлге ауысқан. Арбаға таңылған жан.

– Өзі кез келгенмен тіл табыса қоймайды. Бірақ өзім деген жанға ойын айта алады. Әкесі ішіп алып, баланың көзінше ше­ше­сін пышақтап тастаған. Сөйтіп, 8 жылға сотталған. Содан кейін Арнольд бізге түскен. Бір күні ол өзінен-өзі мазасы қашып, қайта-қайта «керек емес» дей берді. Әуелде ешқайсымыз түсінбедік. «Он убил мою маму, не хочу видеть» деп айқай салды. Сол кезде ол әкесінің келгенін сезген. Ал әкесі түрмеден шыға салып, оны көруге келген. 8 жыл өтсе де баласының өкпесі барын білген әке үндеместен кетіп қалды, – дейді ол.