Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының финалына шықты. Ол осы бәсеке аясында Үлкен дулыға санатындағы Ига Швентек, Елена Остапенко мен Виктория Азаренко сияқты танымал теннисшілерден басым түсті.
Оның үстіне, финалға дейін тек бір сетте жеңілді. Өткенге мән берсек, спортшымыз Уимблдон турнирінде де осындай нәтиже көрсеткен екен. Лондондағы сенсация Мельбрунда да жалғасын таба ма?
Иә, Елена Рыбакина маусымды сәтті бастады. Аустралияның Аделеида қаласында басталған WTA 500 турнирінің бірінші айналымында италиялық Элизабетта Коччареттоны 7:5, 6:3 есебімен жеңді. Екінші айналымда словениялық Кая Йуваннан басым түсті. Үшінші айналымда WTA тізімінде 11-орында тұрған америкалық Даниэль Коллинзпен кездесті. Тартыс 6:2, 5:7, 6:2 есебімен отандасымыздың пайдасына шешілді. Айта кетерлігі, Коллинз хардта төселіп қалған теннисші әрі былтырғы Аустралия ашық чемпионатының финалисі еді. Дегенмен спортшымыз басымдық көрсетті. Оның матчтағы бір соққысының жылдамдығы 194 км/сағат көрсеткіш көрсетіп, турнирдегі ең жылдам бес соққының қатарына енді.
Осылайша, төртінші айналымда әйгілі Ига Швентекпен жұп болды. Турнир басында-ақ атақты теннисшісі бар қиын топтан суырылып ширек финалға шықса, сенсация екені айтылған-ды. Десе дегендей, ол әлемнің бірінші ракеткасын 6:4, 6:4 есебімен тізе бүктірді. Турнир барысында көпшілік Швентектің жолы боларын болжаған-ды. Ал Лена өліспей-беріспейтінін дәлелдеп, екінші сетте жеңіліп жатып, жеңісті жұлып алды.
Чемпионаттың ширек финалында латвиялық Елена Остапенкомен кездесіп, 6:2, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Матчтағы қолайсыз жағдайға қарамай, басымдығын жоғалтқан жоқ. Бірінші сеттен кейін, жаңбыр күшейген соң корт шатырын жабуға тура келді. Соған қарамастан, босаңсымай, ойынды ойдағыдай аяқтады.
Мұнымен қоймай, Виктория Азаренкомен шеберлік байқасып, финалға шықты. Бұған дейін Азаренко 2012, 2013 жылдары AUSTRALIA OPEN турнирінде топ жарған-ды. Күткендей, тартысты кездесу өтті. Рыбакина бірінші сетте көбірек қателескенімен, екінші айналымда ыңғайланды. Оның үстіне, матчтан соң берген сұхбатында да ол ауа райының қолайсыз болғанын айтты. Ауа райының салқыны мен жел доптың ұшу траекториясына әсер кеткен. Бірақ салқынқанды, байқампаз отандасымыз Азаркенконың осал тұсын оңай тапты.
Финалда ол Беларусь теннисшісі Арина Соболенкоға қарсылас атанды. Қос теннисші бұған дейін үш рет кездескен. Уханьда, Абу-Дабиде, Уимблдонда Соболенко жеңіске жетіп, Рыбакина қапы қалған-ды. Үш кездесуде де ойын үш сетке жалғасқан. Арина болса – жұптық сында Үлкен дулыға санатындағы екі турнирдің жеңімпазы, ал жеке сында аталған санаттағы үш жарыстың жартылай финалисі. Елена Уимблдонда талайды тәнті еткені есімізде. Ойын алдында отандасымыз чемпионатта жеңіске жеткісі келетінін, ең үздік матч өткізуге барын салатынын атап өтті. Ал Аустралияда Рыбакинаның айы оңынан туа ма екен, кім білсін?!