Генерал болуды кез келген сарбаз армандауы мүмкін. Ал күрең не қара түсті беретке иелік ету мүмкіндігі үшін тек қана әскердегі арнайы құрамалардың сапындағы таңдаулы жауынгерлер ғана тәуекел етеді. Әлбетте, аса жауапты әскери операцияларды орындап, ең қиын да, күрделі тапсырмаларды мүлтіксіз орындау міндеті жүктелген мұндай құрамалардың сапына кім көрінгеннің алынбайтыны мәлім. Демек, ерекше беретті кию бақыты арнайы жасақтардың қатарындағы «суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын» сарбаздарға бұйырса керек. Сондықтан беретті батырлық пен батылдықтың, табандылық пен төзімділіктің белгісі деуге әбден болады.
ҚҰРЫШ БІЛЕКТІ ҚЫРАНДАР
Қара берет Мемлекеттік күзет қызметінің жеке құрамы үшін кәсібиліктің символы саналады. Алғаш рет бұл айырым белгісі 2007 жылы енгізілген. Содан бері жүзге жуық қызметкер мен әскери қызметші осы ерекше бас киімді кию құқығына ие болды.
Қара берет мәртебесін табыстау, оны киіп жүру құқығын беру бойынша сынақ арнайы ережеге сай өткізіледі. Қара берет кию құқығын беру бойынша кеңес Мемлекеттік күзет қызметінің құрылымдық бөлімшелері мен әскери бөлімдерінен қатысушыларды алдын ала мұқият іріктеп алады. Үміткерлерді іріктеу барысында олардың жедел-қызметтік іс-әрекеттегі оң нәтижелері, жақсы мінездемесі, оқу жылындағы жауынгерлік және арнайы дайындық бойынша қорытынды бағасы ескеріледі. Денсаулық жағдайы да күрделі сынақтарға төтеп бере алатындай болған жөн.
«Қара берет» иегері болу жолындағы сайыс жыл сайын Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының бұйрығымен өткізіледі.
Үміткерлер мықтының мықтысын анықтау үшін жан аямай сайысады. «Қара береттен» үміткерлер барлық жағынан кәсіби шебер болуы тиіс, яғни теориялық білімімен қоса, практикалық дағды-машығы да қажетті деңгейде дамыған, моральдық-психологиялық тұрғыдан ұстамды, шыдамды болуы маңызды. Сайысқа қатысушылар атыс қаруларын меңгеріп, оларды епті қолдана білуі тиіс. Шарт бойынша үміткерлер бірнеше сынақ кезеңінен өтеді. Олар теориялық сынақ, атыс дайындығы, дене даярлығы, жүзу мен жорық-жүгіріс тапсыру, кедергілер жолағымен жүріп өткен соң жекпе-жек алаңында қарсыласқа тізе бүкпей шыдас беруі қажет. Тиісті комиссия әділ төрелік жасап, сайыс шарттарының сақталуын қатаң қадағалайды. Кей жылдары додаға жүзге жуық жауынгер түссе, соның оншақтысы ғана сайыс соңына жетіп, аңсаған қара беретін киеді.
Күрделі сыннан сүрінбей өткендерге ҚР МКҚ бастығының орынбасары, «Қара берет» бас киімін кию құқығын беру бойынша комиссия төрағасы ерекше айырым белгісін салтанатты сап алдында табыстайды.
Мемлекеттік күзет қызметінде «Қара беретке» ие қызметкерлер мен әскери қызметшілер бауырластығы қалыптасқан.
Жеке құрамның үздігі саналатын қара берет иегерлеріне белгілі бір жауапкершіліктер де жүктелген. Мысалы, олар өздерінің кәсіби, жауынгерлік және дене шынықтыру дайындығын тұрақты арттыруға, жоғары моральдық-психологиялық қасиеттерін және Мемлекеттік күзет қызметінің абырой-беделін сақтауға міндеттелген. Олар өздерінің әріптестеріне жауынгерлік және арнаулы дайындық бағдарламаларын игеруге жәрдемдесуді, ұжымда қызметтік тәртіп пен құқықтық тәртіпті нығайтуға көмектесуді міндетті. Осылайша, ерекше айырым белгісінің иегерлері Мемлекеттік күзет қызметі жеке құрамы үшін ғана емес, әскери және арнаулы органдар жауынгерлерімен бірге, жалпы, қазақстандықтар үшін ерлік пен батылдық, абырой мен намыс, ерік-жігер мен күш-қуаттың үлгісі бола алады. Олар өздерінің темірдей тәртіпке бағынған, батыл, мықты, табанды бейнесі арқылы жастарды Отанның тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғау ісіне шақыруға, қоғам арасында әскери қызметтің беделін арттыруға да үлес қосады.
«БҮРКІТТІҢ» БАТЫЛ ҰЛАНДАРЫ
Жауынгерлерді сөзге тартсаң да, олар мұндай түсті берет кию сапта жүрген әр сарбаздың арманы болғанымен оған қол жеткізу мыңның біріне ғана бұйыратын бақ екенін растайды. Өйткені күрең, не қара беретті иелену үшін сарбаздар түрлі сынақтан сүрінбей өтіп, өзінің физикалық, әскери тактикалық дайындығының жоғары екенін көрсетуі керек. Нәтижесінде, кез келген кедергіні еш қиындықсыз еңсерген, болаттай берік сарбаздар элиталы әскери құрама үшін ең құрметті айырым белгісін иеленеді. Қызығы, берет өзге әскери шен немесе лауазым секілді жауынгердің материалдық-әлеуметтік жағдайын жақсартуға әсер ете қоймайды. Сонда да болса таңдаулылар ғана иеленетін бас киімді кию құқығы үшін жан алысып, жан берісетін күреске тәуекел етушілердің қарасы қалың. Әдетте, мұндай тәуекел өзін-өзі ақтамай жатады. Сөйте тұра, беретке үміткерлер қатарынан бірнеше жыл бойы сынақтан сүрінсе де, мақсатқа жету жолында алған бетінен қайтпайтын жауынгерлерді кезіктіруге болады.
Бүгінде Ұлттық Ұланның арнайы мақсаттағы «Бүркіт» бөлімшелерінің ең таңдаулы ғана жауынгерлері киетін күрең береттің тарихы Кеңес одағынан басталады. 1978 жылы күрең түсті бас киімді КСРО-ның Ішкі әскерлерінің арнайы мақсаттағы жасағының жауынгерлері киген. Ол кезде береттің дәл осы түстен таңдалуына Ішкі әскердің әскери формасындағы шеннің күрең түсті болуы себеп болған екен. Осылайша, басшылық тігін фабрикаларының біріне күрең түсті 25 беретке тапсырыс берген. Арада 10 жыл уақыт өткен соң сол кездегі рота командирлерінің бірі Сергей Лысюк пен оның арнайы дайындық жөніндегі Виктор Путилов күрең беретті «емтиханнан» сүрінбей өткендерге ғана беру туралы шешім шығарыпты. Олар бұл идеяны АҚШ-тың арнайы мақсаттағы әскери құраманың бұрынғы қызметкері Миклош Сабоның «Альфа» командасы» атты кітабынан алған. Бұл кітапта автор «Жасыл береттілерді» іріктеу, жасақтау және оларды дайындау процесі жайында жан-жақты баяндайды. Осылайша, кеңес әскеріне де күрең беретті кию арнайы сынақтан өту талабы пайда болды. Жасыратыны жоқ, алғашында бұл сынақтар жасақтағы кешенді бақылау жаттығулардың аясында өткізіліп жатты.
Елімізде Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы «Бүркіт» бөлімшелерінің жауынгерлері 21 жылдан бері күрең беретті иелену үшін түрлі кедергілерді еңсеріп жүр. Өткен жылы да ең мықты, ең ұшқыр, ерік-жігері мұқалмаған 22 жауынгер күрең береттілердің қатарын толықтырды. Әуел баста бұл сынақтан өтуге 600 жауынгердің ниет білдіргенін ескерсеңіз, бәстің қаншалықты тартысты өткенін аңғару қиын емес.
Негізінен, күрең беретті иелену сыны әр жылы жылдың әр мезгілінде, сондай-ақ жер бедерінің әртүрлі аймағында ұйымдастырылады екен. Осылайша, әскери құрама басшылығы сын сағатында Отан үшін оққа кеуде тосуға дайын қызметкерлерінің жауынгерлік дайындығын барынша шыңдау, міндеттелген тапсырмаларды атқаруға қажетті арнайы білім мен әдіс-тәсілдерін пысықтауды көздейді.
Сонымен «Бүркіт» сапындағы батыл жігіттердің ең мықтылары бірнеше кезеңнен тұратын теориялық, тактикалық дайындықтан кейін анықталады. Ең бастысы, жауынгердің арнайы жасақтағы еңбек өтілі бір жылдан кем болмауы керек.
Сынақтың алғашқы кезеңінде үміткерлер теориялық дайындық бойынша тест тапсырады. Сондай-ақ дене шынықтыру дайындықтары мен арнайы жаттығуларды, байланыс және медицина құралдарын меңгеру деңгейі де сыналады.
Атап айтарлығы, өткен жылы сынаққа түскен әскери қызметшілер бас-аяғы 35 шақырымды 6 сағат көлемінде жүгіріп өтіп, 10-нан аса нормативті орындады. Алғашында күрең берет иесі атануға 600 үміткер ниет білдірген. Олардың тек 10 пайызы ғана қорытынды сынаққа жіберіліп, оның ішінде барлық кезеңнен сүрінбей өткен 22 жауынгер күрең береттің иесі атанды.
Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генрал-майор Еркін Ботақановтың айтуынша, әскери құрамада қай кезде болмасын жауынгерлік даярлық пен кәсібилікке үлкен мән беріледі.
«Бүркіт» жасағы өзіне жүктелген міндеттерді табысты орындап, ел сенімін абыроймен ақтап келеді. Бұл орайда, күрең берет кию мәртебесі үшін өткізілетін квалификациялық сынақты жауынгерлік рухтың белгісі деп білемін. Бұл шара жастарды Отанға деген адалдық пен риясыз махаббатқа тәрбиелеуге арналған құралы, – деді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақанов.
Қазақстандағы ең алғашқы күрең беретті сардарлардың сапында бүгінгі Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың да болғанын атап өтуге болады. Ол күрең түсті бас киімді кию құқығына 1997 жылы ие болған. Әріптестері сол тұста әскери барлау саласында қызмет атқарған Руслан Фатихұлына квалификациялық сынақты тапсыру анау айтарлықтай қиындық тудыра қоймағанын айтады.
Әрине, қай құрамада болмасын әскери қызметкер үшін антына адалдық таныта алғаны маңызды. Дегенмен күрең, қара берет сияқты айрық атрибуттардың болуы арнайы жасақ жауынгерлерінің жігерін жани түседі. Олардың кіл мықтылардан тұратын жасақта өзгелерден оқ бойы озық тұруы үшін барын салуы элиталы құраманың кәсібилігін шыңдай бермек.
Шынболат АТЫХАНҰЛЫ