Математик Мырзақұлов
Математик Мырзақұлов
951
оқылды
Ғылымда мықтылықты мо­йындату оңай емес. Ғалым­ның әрбір ғылыми жетістігінің ар жағында тынымсыз ізденіс менмұндалайды. Отандық һәм шетелдік ғылыми қауым­дастыққа өзінің мықтылығын мойындатқан Рәтбай Мыр­зақұловтың есімін әріптестері зор құрметпен айтады. Мектепке барғаннан есеп-қисапқа икемін байқатқан Рәтбай Қағазұлы өз қатарластарының алды болды. Есеп шығарғанды жаны сүйді. Жоғары сынып оқып жүргенде де физика мен матема­тиканың есептерін шемішкедей шағатын. Сол кезден бастап Рәт­бай Мырзақұлов өмірдің мәні ғылымда екенін ұқты. 1970 жылдары мектепті бітіре салып, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне құ­жат тапсырды. Бірақ алғашқы жы­лы оқуға түсе алмай қалса да фи­зика мен математикаға қы­зы­ғушылығы бір сәтке толастамады. Оқуға түсем деген мақсатына араға бір жыл салып жетті. Ол сол кезде-ақ нақты мақсат қоюды түсінді. Университет қабырғасында есепке жүйріктігін байқаған ұстаздары әрі қарай жалғастыруына кеңес берді. 1979 жылы әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университетін бітіріп, Біріккен ядролық физика институтының аспирантурасына сырттай түседі. Ұстаздары шәкірт бойындағы құлшынысты, ғылымға деген қызығушылықты байқап, ғылыммен айналысуға баулыды. 1988 жылы Біріккен ядролық зерт­теулер институтының профессоры В.Маханьковтың жетекшілігімен П. Лумумба атындағы Халықтар достығы университетінде «Теория­лық және математикалық физика» мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғады. Әрине, қазір айта салу оңай болғанымен, ол кез­де алып одақтың мен деген ға­лымдарының алдына ғылыми тұ­жырымды дәлелдеу күш-қайратты, қайтпас жігерді қажет етті. Ғылым мен білім саласында 40 жылдан астам уақытын сарп еткен Рәтбай Мырзақұловтың есімі отандық ғылымның көшбас­шысы ретінде аталады. Бұл жетіс­тікке жету жолында 2002 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Теориялық физика» мамандығы бойынша докторлық диссертациясын қорғады. Алыс-жақын шетелдік ЖОО-ларда оқытушылық қызмет етті. Атап айтсақ, АҚШ-тың Ка­лифорния университеті, Жапония, Үндістан, Батыс Еуропа, Ресейдің жетекші ғылыми орталықтары мен университеттерінде жинақтаған тәжірибесі мен жұмыс істеген жылдары ғалым өмірінің жарқын белестері десек қателеспейміз. Р.Мырзақұлов қазір Еуропа жа­ратылыстану ғылымдары акаде­миясының академигі (Германия), халықаралық Symmetry (импакт-фактор=2.143) ғылыми журна­лы­ның редакторы болып еңбек ете­ді. Бұл – кез келген ғалымның қолы жете бермейтін үлкен жетістік. Әлемдік білім кеңістігінде қа­зақстандық білім моделін қалып­тастыру мақсатында бірқатар игі бастама көтеріліп, жүзеге асы­ры­луда. Алайда қазір докторантураны бітіріп, жоғары рейтингтегі ғылы­ми басылымдарда ғылыми мақа­ласын жариялай алмай жүрген қаншама ғалым бар?! Тіпті, кейбір ғалымдар Білім және ғылым ми­нистріне мұндай талапты алып тастаудың түрлі себебін айтып, бір­неше рет хат жазды. Жаһандану дәуіріндегі шексіздік көптеген мүмкіндікке жол ашса, екінші жағынан ұлттық құндылықтарды сақтаудың маңызын көрсетті. Осы орайда әлемдік ғылыми ортада отандық ғалымдар тұжырымдарын батыл ұсынып дәлелдесе, жас­тар­дың ғылыммен айналысуға қызы­ғушылығы оянар еді. Әрі Қазақстан ғылымының әлеуетін әлемге та­нытуға жол ашады. Бұл бағытта Рәтбай Мырзақұлов ұшан-теңіз үлес қосуда. Ол – ғылыми көрсет­кіштері бойынша 8 жыл қатарынан үздіктер қатарынан көрінген ға­лым. Атап айтар болсақ, әлемдік ғы­лыми ортада ғалымдардың мәр­тебесін анықтайтын h-индекс не­месе Хирша индексі, сілтеме ин­дексі және шетелдік басылым­дар­дағы импакт факторы жоғары мақалалар саны бойынша Рәтбай Қағазұлының алдына ешкім шыға қойған жоқ. Профессордың хирша индексі 47-ге тең. Р.Мырзақұловтың European Physical Journal атты халықаралық танымал ғылыми журналда жарық көрген Accelerating universe from F(T) gravities мақаласы шетел ға­лымдарын елең еткізбей қоймады. Ғаламды және оның үдемелі даму себептерін гравитация теориясын дамыту арқылы зерттеуіндегі тың жаңалыққа шетелдік ғалымдар бе­делді басылымдарда бірінен кейін бірі сілтемелер жасай бастады. Сонымен қатар Nearly Starobinsky inflation from modified gravity және Reconstruction of gravity: Rip cosmology, finite-time future singularities, and thermodynamics атты ма­қалалары Thomson Reuters ком­паниясының Essential Science Indicators ақпараттық ресурстар мә­ліметі бойынша 2005-2015 жыл­дар­дағы әлемдегі 1 пайыздан жо­ғары сілтемеге ие болған еңбектің құра­мына енді. Thomson Reuters мәліме­ті бойынша әлемдегі ең жо­ғары сілтемеге ие 1 пайыз мақа­ла­лардың ішіне Қазақстан ғалым­дарының 12 мақаласы кіреді екен. Сонын 4-еуі ғалымның үлесінде екен. Бұдан бөлек, Орталық Азия бойынша Top Springer Author 2015 сыйлығы, Thomson Reuters берген Орталық Азия бойынша «Ғылым көшбасшысы» сыйлығы, зерттеу саласындағы үздік жетістіктері үшін физика және астрономия саласындағы халықаралық Scopus Awards-2022 сыйлығы бар. Ғалымның жоғары рейтингтегі басылымдарда 300-ге жуық ма­қаласы, әртүрлі басылымда 400-ден астам, оның ішінде хирша ин­дексі жоғары басылымдарда жа­рияланған мақалалар саны 250-ден асады. Басқа ғалымдардың Р.Мырзақұловқа жасаған сілтеме индексі 6 537-ге тең. Бұл дегеніңіз – Р.Мырзақұловты әлемнің түкпір-түкпіріндегі 7 000-ға жуық ғалым мен әріптесі оқиды деген сөз. Мұн­дай жетістікке жету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Р.Мырзақұлов 2006 жылдан бастап Л.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университетінде «Жал­пы және теориялық физика» ка­федрасының меңгерушісі, 6D060400-Физика мамандығы бойынша PhD диссертация қорғау жөніндегі диссертациялық кеңес­тің төрағасы, «Теориялық физика Еуразиялық халықаралық орта­лығы» ғылыми-зерттеу институ­ты­ның негізін қалаушы және ди­рек­торы қызметін атқарып келеді. Осыдан 30 жылға жуық уақыт бұрын, профессор Рәтбай Мыр­зақұ­лов іргелі ғылымдардың жаңа бағыттарының бірі − солитондар теориясын Қазақстанға тұңғыш алып келген ғалым. Табиғаттың күр­делі де тылсым физикалық құ­былыстарын математика тілінде негіздейтін Рәтбай Қағазұлы ұсын­ған теңдеулер әлемдік деңгейде танылып қана қоймай, осы сала­дағы көптеген шетелдік ғалымның зерттеулерінің қайнар көзіне ай­налып, «Мырзақұлов теңдеулері» деген атқа ие болды. Сызықтық емес толқындарды сипаттайтын бұл теңдеуге бүгінде дүниежүзілік ғалымдар қызғушылық танытып, шешімін табуда белсенді зерттеу жасап жатыр. 1998-1999 жылдары әлемді зерттейтін ғылым Космологияда үлкен бір фундаменталды жа­ңалық ашылды. Сол жаңалық не­гізінде жүргізілген эксперимент бойынша әлем кеңіп бара жатыр екен. Жай ғана кеңімей емес, үдемелі кеңіп бара жатыр. Яғни, әлемді сыртқа қарай итеріп бара жатқан бір күш бар. Ал Энштейн теориясы бойынша ондай күш бол­мауы керек еді. Тек тартатын күш болуы керек. Бірақ Энштейн теориясы бойынша сыртқа тарты­латын ондай күш жоқ, енді ға­лым­дар сол күшті зерттеуге кірісті. Ондай күшті күңгірт энергия деп атайды. Яғни, көзге көрінбейтін күш. Міне, соңғы бес жылда Рәт­бай Мырзақұлов Энштейн тео­риясын қамтитын осы сұрақтың шешімін табумен айналысып жүр. «Көптеген ғалым Энштейннің әртүрлі теориясын қамтитын (Эф Ар Эф Ти) секілді теориялар шы­ғарып жатыр. Энштейн Ньютон­ның теориясын қамтыса, ғалымдар Энштейндікін негізге алады. Ал Р.Мырзақұлов бір ЭФ АР ЭФ ТИ деген теорияларды біріктіріп бір теория жасауды ойлады. Ғалым­ның бұл теориясы «Мырзақұлов гравитациясы» деп аталады. Әлем­де Квартиль (Q) – дәйексөз дең­гейін, яғни ғылыми қоғамдас­тықтың журналға деген сұранысын көрсететін библиометриялық көрсеткіштермен анықталатын ғылыми журналдар санаты бар. Шетел ғалымдарының «Мыр­зақұлов гравитациясын» зерттеген мақаласы америкалық Q1, яғни квартиль деңгейі ең жоғары жур­налында жарияланды. Бұл сұ­рақтың жауабы толық табылған жоқ. Әлі қаралып жатыр. Физикада теорияның толыққанды мойын­далуы үшін ізденіс қажет. Қазір ғалым осы теорияны нақтылау мақсатында зерттеу жүргізуде. Эйнштейн теориясын біріктіру оңай шаруа емес, оған тәуекел ке­рек. Осындай қиын да қызық тео­рияны таңдау үшін ғылымға қан­ша­лықты берілу керектігін сөзбен жеткіз мүмкін емес. Ға­лымның әріп­тестері Рәтбай Қаға­зұлының есеп шығарып отырған сәтіне дөп түссе, оны мазаламайды. Тәртіп со­лай. Адамды жетістікке жетелей­тін тәртіп пен принцип. Ғалымның өмірлік ұстанымына айналған екі талап оған қаншама табыс әкелуде. Мәселен, ғалым халықаралық бір­не­ше гранттық жобаны іске асыр­ған. 2010 жылы жаратылыстану ғылымдары са­ласындағы үздік ғылыми зерттеу­лері үшін Қ.Сәт­баев атындағы сыйлықтың иегері атан­ды. Жыл сайын ұйымдасты­рылатын «ЖОО-ның үздік оқы­тушысы» кон­кур­сына бірнеше рет қатысып, жүл­дегер атанды. Р.Мыр­­зақұлов ты­нымсыз ізденісі мен талапшыл­дығының нәтиже­сінде мемлекеттік ғылыми стипен­дияның 6 дүркін иегері болды. Қазір ғалым «Еуразиялық тео­риялық физика» халықаралық ор­талығын ашып, шәкірттері түрлі ғы­лыми жоба мен зерттеу жұмысын орындайды. Р.Мырзақұловтың ғы­лымдағы жетістігі елеусіз қалған жоқ. Ол ҰҒА корреспондент-мү­ше­сі, әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Ғалым жан мен тәннің сау­лығына ерекше мән береді. Қолы қалт еткенде теннис ойнаса, та­ңер­теңгілік, кешкілік серуен, жү­гіру күнделікті дағдысына айнал­ған. Ол айки-домен тиянақты шұғылданып, қара белбеудің ие­гері атанған. Мұның өзі тұлғаның кемел­­дікке жетелейтін сапалы қасиеттің бірі. Рәтбай Қағазұлы – ыстық қай­ратын ғылымға, нұрлы ақылын шә­кірттерге, жылы жүрегін ұрпағы­на арнаған жан. Кемел адам – ең алдымен өзін таныған адам. Рәтбай Қағазұлы ес білгелі өзіне не қажет екенін анық аңғарып, басты құн­дылыққа ғылымды қойды. Оның мақсаты мен арманы ешқа­шан ал­даған жоқ. Тек биікке же­теледі. Ға­лымның өмір жолы мен еңбегі­мен танысу, сұхбаттасу ба­рысында берік азаматтық ұстаным, адалдық пен тазалық аңғардым. Жақсы адаммен өткізген сәттер менің де өміріме жаңалық әкеледі деген үміттемін. Шығыста «Мың жылдығыңды ойласаң, ұрпақ тәрбиеле» деген тәмсіл бар. Рәтбай Қағазұлының алдынан дәріс алған жүздеген шә­кірт білім саласында еңбек етуде. Шәкірттерінің басым бөлігі – өз ұрпағы. Оның он шақтысы ғылым кандидаты, доктор PhD, бесеуі «Жал­пы және теориялық физика» ка­федрасының, төртеуі «Механика және математика» факультетінің, екеуі Назарбаев университетінің және ҚазҰУ оқытушысы болып жұ­мыс істейді. Бүгінде «Мырза­құ­лов династиясы» отандық ғылым­­­ның дамуына аянбай еңбек етіп келеді.

Би-Фатима ЕРАЛХАНҚЫЗЫ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың студенті