Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Ирандағы жарылыстан зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ екенін мәлімдеді.
«Иран билігінің ақпаратынша, зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Бізге елшіліктен мұндай ақпарат түскен жоқ», – дейді Айбек Смадияров.
Ол сондай-ақ Әзербайжан елшілігі өз қызметкерлерін Тегераннан эвакуациялаған соң, Қазақстан тарапы қауіпсіздік шарасын күшейтуді жоспарлап отырмағанын айтты.
«Бұл жеке жағдай деп ойламаймыз. Егер Тегеранда орналасқан елшіліктерге шабуылдар сериясы жасалса, жағдай басқаша болар еді. Елшілік қалыпты, штаттық режимде жұмыс істеп жатыр», – деді ол.
Еске сала кетейік, 27 қаңтарда Баку уақытымен таңғы сағат 8:30 шамасында Ирандағы Әзербайжан елшілігіне қарулы шабуыл жасалған болатын. Шабуылшы күзет бекетінде автоматтан оқ жаудырып, соның салдарынан қауіпсіздік қызметінің басшысы қаза тапты, елшіліктің екі күзетшісі жараланды.
Сондай-ақ Иранның солтүстік-батысындағы Батыс Әзербайжан провинциясында болған жер сілкінісінен зардап шеккендердің саны 580-ге дейін артты.
Сол күні Исфахан қаласындағы оқ-дәрі өндіретін зауытта жарылыс болды.