Жиырма миллиондай халқы бар Қазақстанда ірі 5 қана банк қалды. Қалғандары – не ұсақ, не шығынды. Сарапшылар олардың кейбірі дәрменсіз жағдайға жетіп, жабылып тынуы немесе ірі банктерге қосылуы мүмкін деп болжайды. Бұдан тұтынушыларға зиян бар. Қазір банк секторының тиімді жұмыс істеуі тек қаржылық, экономикалық жүйенің жұмысына ғана емес, тұтастай мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуына тікелей ықпал етеді. Ендеше шектен тыс олигополияланған отандық банк саласы елдің өркендеуіне тежеу болуы ықтимал. Халық банк сатыла ма? Ақпарат құралдарында тараған Halyk Bank сатылатыны туралы ақпарат сарапшылар ортасын ғана емес, дүйім халықты бір дүрліктіріп тастады. Мұндай қызығушылық бекер емес: осы алпауыт банк отандық банк секторының үлкен бөлігіне ие. Қазақстандағы бүкіл банк активтерінің үштен бірінен көбі жалғыз осы банктің меншігінде. Екіншіден, оған Тимур және Динара Құлыбаевтар иелік етеді. Bloomberg «ахуалмен таныс дереккөздеріне» сілтеме жасай отырып, Динара және Тимур Құлыбаевтарға тиесілі «Алмэкс» компаниялар тобы Халық банкіндегі үлесін, нақтылағанда, акциялардың миноритарлық пакетін сатудың нұсқаларын қарастырып жатқанын хабарлады.
«Халық банкі акцияларының 69,5%-ын бақылауында ұстайтын «Алмэкс» әлеуетті инвесторлардан өтініштерді жеделдетілген түрде жинау арқылы өз үлесін қысқарту мәселесін зерделеп жатыр. Компания мәміленің нақты шарттарын ұсынған жоқ, сондықтан сатудың жай-жапсары нарықтағы жағдайға байланысты өзгеріп кетуі мүмкін», – деп жазды Bloomberg.«Алмэкс» баспасөз қызметі бұл ақпаратты толығымен жоққа шығарып жатпады. Тек «әзірге қандай да бір нақты мәміле қарастырылып жатпағанын» нықтады: «Холдингтік топ Halyk Bank акцияларының 18,52%-ын сататыны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келе ме?» деген сұраққа олар «миноритарлық пакетті сату мүмкіндігі әрдайым қарастырылатынын» мәлімдеді және компания осыған қатысты баспасөз хабарламасын сонау 2019 жылы жариялағанын еске салды.
«Сол хабарламада біз халықаралық инвесторлар қоғамдастығының қаптаған өтінішіне жауап ретінде «Алмэкс» Halyk Bank акцияларының өтімділігін арттырудың түрлі нұсқаларын қарастыруға дайын екенін атап өттік. Бұл «Алмэкске» тиесілі акцияларды бағалы қағаздар нарығында шағын пакеттермен ішінара өткізуді де көздейді. Бұл ретте бақылаушы пакетті, яғни акциялардың кем дегенде 51%-ын компания өзінде сақтап қалады», – деп түсіндірді компания өкілдері.«Алмэкс» Halyk Bank акцияларының шағын, миноритарлық пакетін сататын болса, инвесторлардың барлық пулын қарастыратынына сендірді. Яғни, мысалы, санкция қыспағындағы Ресейге сатады деген сөз жоқ. Әйтпесе, РФ басылымдарының хабарлауынша, ресейлік инвесторлар Қазақстанның ең ірі банкін алуға қызығып жүр.
«Біз әрдайым инвесторлардың нарықтық мүмкіндіктері мен қызығушылығының астарын бағамдаймыз. Бұл Halyk Bank акцияларының өтімділігін арттыруға ықпал етуі керек. Кез келген нұсқалар қолайлы нарықтық конъюнктура тұрғысынан қаралатынын атап өткен маңызды. Біз ірі акционері ретінде Halyk Bank-тың капиталдануын ұлғайтуға, өтімділігін жақсартуға, акционерлерінің қатарын көбейтуге мүдделіміз», – деп жауап қатты «Алмэкс» тобы.Жалпы, кезінде бұл толығымен мемлекеттік банк болған. 1998 жылғы шілдеде акционерлерінің жалпы жиналысының шешімімен банк 100% Үкімет меншігіндегі жабық типтегі акционерлік қоғамнан «Қазақстан Халық жинақ банкі» ашық акционерлік қоғамына айналдырылды. 2014 жылы ол Қазақстандағы HSBC банкінің 100% акциясын сатып алды. 2018 жылы Кеңес Рақышевтан және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорынан Қазкоммерцбанкті 1 теңгеге сатып алды. Сонда Үкімет бұл қадамды дәрменсіз жағдайға жеткен Қазкомды сауықтыру үшін Халық банк өз иығына ауыр жүк артты деп бағалаған. Ал сарапшылар банктің майшелпек инфрақұрылымға, кепілзаттарға қол жеткізгенін жазды. Бұдан бұрын Қазком БТА банкін өзіне қосып алды. Айтқандай, бүгінде елдегі әрбір екінші банкомат – Halyk Bank-тікі. Оның елдің қаржылық нарығында қандай орынды иеленгенін осыдан-ақ байқауға болады. 2022 жылдың желтоқсанындағы жағдай бойынша банктің активі 13,7 трлн теңгеге жеткен. Қазақстан қор биржасының (KASE) дерегінше, Halyk Bank нарықтық капитализациясы 3 млрд доллардан асады. Қандай банктердің шоқтығы биік? Сарапшылар елде банк саласының белгілі қаржылық топтар қолында шоғырланып жатқанын, салада бәсеке азайып кеткенін айтып, біраздан дабыл қағып келеді. Тәуелсіздік таңында, 1993 жылы Қазақстанда 204 банк болыпты. Бүгінде соның он пайызы ғана қалды. Ranking мониторинг агенттігінің сарапшылары ел тұрғындарының жинақтары бірнеше ірі банкте ғана шоғырлана бастағанына назар аудартты. Мұны Ұлттық банктің деректері да растады.
«Халықтың салымдары бір жыл ішінде 2,8 триллион теңгеге өсті. Әйткенмен, қазақстандықтар өз жинақтарын тек бірнеше ірі банкке ғана сеніп табыстауға дайын. 2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жеке тұлғалардың депозиттерінің көлемі 15,7 триллион теңгеге жетті. Яғни, бір ай ішінде 566 миллиард теңгеге, ал бір жылда 2,8 триллион теңгеге өсті», – деп талдады агенттік сарапшылары.Олардың байламынша, осы бір жылда елде көп өзгеріс болды. Ел экономикасы «коронакризис» салдарынан толыққанды арыла алмады, оған Ресейдің Украинаға шапқыншылығынан туындаған геосаяси дағдарыс, экономикалық қиындықтар қосылды. Осы кезеңде отандық банк секторы елеулі өзгерістерден өтті. Кейбір ойыншылар нарықтан кетті, бірқатар банктің қожайындары ауысты. [caption id="attachment_238389" align="aligncenter" > © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Нәтижесінде, бүгінде Қазақстанда 21 банк қана қалды. Салыстыра кетсек, небәрі 7 миллионға жуық халқы бар көрші Қырғыз Республикасында – 22, 10 миллион тұрғыны бар Тәжікстанда – 20, ал Өзбекстанда 32 банк жұмыс істейді. Қазақстан Ұлттық банкінің дерегінше, былтыр халықтың жинағын тарту жөнінен Kaspi көшбасшы атанды: бір жыл ішінде оған азаматтар 895,2 млрд теңге қаражатын салған. Нәтижесінде, бұл банкте қордаланған халық депозитінің көлемі 3,4 трлн теңгеге жетті. Екінші орынға Halyk Bank банк жайғасты: жеке тұлғалардың 806 млрд теңге депозитін тарта алған. Онда жалпы саны 5 трлн теңге жинақ қордаланған. Үштікті ЦентрКредит банкі тұйықтады: жеке тұлғалардың ондағы салымы былтыр 784,4 млрд теңгеге көбейіп, жалпы көлемі 1,5 трлн теңгені құрады. Мамандар банк портфелінің осынша өсуін оның былтыр санкцияға түсіп қалған ресейлік Альфа-Банкті өзіне қосып алуымен түсіндіреді. Жалпы, 2022 жылы еліміздегі үш ресейлік банктің екеуі жабылды. Сбербанкті мемлекет, яғни «Самұрық-Қазына» қоры сатып алып, оның базасында «Береке банкті» ашты. Ресейдің көшбасшы қаржылық ұйымы саналатын Сбер компаниялар тобы Батыстың ауыр санкцияларының қыспағына түскенде, халық пен бизнес оның Қазақстандағы еншілес ұйымы – Сбербанк Қазақстаннан өз салымдарын жаппай әкете бастады. Нәтижесінде, Сбербанктен рекордтық 794,9 миллиард теңге депозит кетіп қалыпты. Отандық банк секторының тарихында мұндай дерек ешқашан болмаған, тарихи рекорд саналады. Яғни, ұлттық әл-ауқат қорына ресейлік банктің құр сүлдері, скелеті ғана тисе керек. Бірақ қор Сбербанкті қаншаға сатып алғанын сол бойы жарияламады. Ресейлік банктер арасынан қалғаны ВТБ банкі, одан жеке тұлғалар 68,1 миллиард теңге жинағын шешіп алған. Антилидерлер қатарында RBK банкі (минус 69,4 млрд теңге), Jusan банкі (минус 52,8 миллиард), Нұрбанк (минус 3,8 миллиард теңге), Ситибанк Қазақстан (3,2 млрд), Қазақстандағы Қытай банкі (минус 1,3 млрд) бар. Жалпы алғанда, өткен жыл қорытындысында 8 ірі банк қана халықтан жүз миллиард теңгеден астам салым тарта алған.
«Қазақстанның банк секторына жүргізілген талдау олардың өздеріне жүктелген функцияны лайықты атқара алмай отырғанын көрсетті. Мысалы, бұл сектор экономикадағы ресурстарды қайта бөлу, экономикалық агенттердің, бизнестің кредитке деген сұранысын қанағаттандыру қызметін атқаруы тиіс, бірақ бұл жұмысы мүлдем тиімсіз. Жеке және заңды тұлғалардың банктерге апарған салымдары жыл сайын триллиондап өсуде, ал кәсіпкерлер, компаниялар ұзын кредиттер таба алмай сенделіп жүр. ЖІӨ-ге шаққанда экономиканы несиелендіру көлемі құлдырап барады. Банктер көбіне өндірістік емес саланы несиелендіруде, қарапайым тілмен айтқанда бұқараға кепілсіз тұтынушылық кредиттер таратып жатыр. Қазақстандық банктердің ссудалық портфельдерінің әртараптандырылу деңгейі төмен», – дейді қаржылық кеңесші Ернұр Назаров.Оның дерегінше, ЖІӨ-ге шаққандағы жалпы кредиттер үлесі елде банктер саны көп болған 2007 жылы 56,5%-ға жетіпті. Қазіргі кезде бұл көрсеткіш 19,9%-ға дейін құлдыраған. Бұл тарихи минимум саналады. Бірақ шыңыраудың түбі емес, әлі де құлайтын түрі бар. Ұлттық банк өз талдауында экономикаға кредиттер 2022 жылы өсуді жалғастырған жеке тұлғаларға кредит беру есебінен көбірек ұлғайғанын хабарлап отыр. Мемлекетке несие кешіріп, банкроттық заңын қабылдап, халықты шамадан тыс қарызға батырған банктердің былығын тазалауға тура келді. Сонымен бірге банк активтерінің шоғырлануы жалғасты. Бүгінде бүкіл сектор активтерінің 66% астамын небәрі 5 банк қана иеленіп отыр. Сарапшы банк секторына реформа қажеттігін нықтады. Жалпы алғанда, бұл салада Үкімет алдында бизнесті кредиттеуді ынталандыру, банкроттық және қарыз алушыларды оңалту тетіктерін жетілдіру, жұмыс істемейтін активтер нарығын құру, банктердің бизнес-процестері мен рәсімдерін жетілдіру жөніндегі міндеттер тұр. Мұның сыртында қарыздарды қайтару тетіктерінің тиімділігін арттыру, банктердің қолына көшкен кәсіпорындар, инфрақұрылым және басқа кепіл мүлкін экономикалық айналымға тарту, стрестік активтер нарығында жеке инвесторлар мен басқарушылардың пайда болуы үшін институционалдық және заңнамалық ынталандырулар түзу жөнінде шаралар қабылдау жоспарлануда. Жаңарған Қазақстанда банк саласының қалай дамитыны алдағы уақытта айқындалады. Әзірге бұрыннан қордаланған проблемалар ары қарай артып барады.