FOMO: дерт пе, тренд пе?
FOMO: дерт пе, тренд пе?
833
оқылды
Мереке қарсаңында жеңілдік аңдып, қабылып сауда жасау, қаржы пирамида­ларының құрбаны болу, соңғы уақытта инвестицияға әуестену, әлеуметтік желіге тәуелділік және басқа да тәуекелдерге ғалымдар жалпы атау бергелі қашан?! Фи­лософ Юваль Ной Харари бұл құбылысты тіпті заманауи қоғамның дерті деді. Ол – FOMO, яки fear of missing out – «қызықтан құр қалу қорқынышы». Бұл тақырыпқа бүгінде ке­йіпкер көп, тіпті, соның бірі – сіз бен біз. Неге дейсіз ғой? Мәселен, үйден шығып жұмысты бетке алған жолда әншейінде есігінің аузы бос тұратын дүкеннің ал­дынан ұзын-сонар кезекке көзіңіз түсті. Не істейсіз? Бәлкім, кезекке тұра қалмайтын боларсыз, әйтсе де, бұл халықтың неге жиналғанын бәрібір сұрап-білесіз, солай ма? Өйткені сізді де «қандай қызықтан құр қалдым» деген ой мазалайтын еді. Маркетинг доценті Өзейн Джерен Хайран бүгінгі көп жа­мағат дәл осындай сезімді бастан кешетінін сипаттап, оны мар­кетингте қалай пайдалану керегін жазады. Әлбетте, қазіргі нарық адамзаттың бұл қорқынышын ұтымды пайдалануда. Көбіміздің маркетинг құрбаны болуымыз сон­дықтан. Бұл туралы кейінірек. FOMO – бүгінгі қоғамның дерті десек те, жаңа құбылыс деуге келмейді. Өйткені бұл сезім бұрын да адамның іс-әрекетіне әсер етпей қоймаған. ХVII ғасырдағы нидерландық «Қызғалдақ безгегі» оқиғасын еске алайық. Ол уақытта тек бақташы қызығатын қызғал­дақтың сирек кездесетін ұрығын сатуға делдал араласып, сұраныс артады. Барша халық жаппай ұрық сатып ала бастаған соң, оның құны қымбаттай түсіп, тіпті бір пәтердің бағасына пара-пар деңгейге жетеді. Ақыры аталмыш оқиға қызғалдақ нарығының құлдырауымен аяқталды. «Қыз­ғалдақ безгегі» атауымен тарихта қалған оқиғаны зерттеушілер ол уақытта көп адам қатарынан қалмасы үшін сирек ұрықты қыз­ғалдақ сатып алғанын жазады. Не болмаса, «Том Сойердің бастан кешкені» атты шығар­мадағы Томның шарбақты бояй­тын эпизоды есіңізде ме? Бас­тапқыда оның достары аптап ыс­тықта шарбақ бояп тұрғанын көріп, келеке қылады емес пе? Артынан Том соншалық қызықты іспен айналысып тұрғандай кейіп танытқан соң, достары кейіпкерге қосылып, шарбақ бояп кетеді. Fear of missing out тіркесінде «қорқыныш» сөзі қолданыл­ғаны­мен, бұл сезім көбіне беймаза күйге ұқсас. Өйткені адамның бо­йын қорқыныш емес, мазасыз­дық билейді. Ол айналысындағы қауымды әлдеқайда білімді, бай, бақытты, табысты көреді де, ал өзін үнемі бірдеңеден құр қалып жүрген бейбақ сезінеді. Ғалымдар FOMO белгілері көбіне 17 мен 47 жас аралығында байқалатынын айтады. Ал оның асқынуын көбіне көп әлеуметтік желілердің бел­сенді дамуымен байланыстырады.
«Бүгінде бізге таныс һәм бей­таныс адамның немен айналысып жүргені туралы көп ақпарат бі­леміз. Әлеуметтік желі қолдану­шыларының әбден безендірілген өмірі, әсірелеп баяндалатын түрлі хикаясын күнделікті көретін адам өз тіршілігін соншалық сұрықсыз бағалап, күйзеліске ұшырайды. Өзінің таңнан кешке дейінгі күйбең тірлігін жетістікке жету үшін әлі де жеткіліксіз деп ойлап, бос әуреге түсіп жүргендей күй кешеді», – дейді психолог Ұл­мекен Жарболқызы.
Әлбетте, «қызықтан құр қалу қорқынышына» триггер болатын тетік тек әлеуметтік желі емес. Психолог мамандар мұның бір­неше себебін алға тартады. Оның бірі – адамның базалық қажет­тілігінің қанағаттанбауы.
«FOMO-ның академиялық негіздемесінің бірі – self-determination, адамның өз қажетін таңдау теориясы. Адамның мінез-құл­қына базалық психологиялық қажеттіліктер әсер етеді. Мысалы, өнімді жұмыс істеу және жақсы нәтижеге қол жеткізу, я болмаса, айналасымен жақсы қарым-қа­тынас құру сияқты базалық қа­жет­тілік бар. Кез келген адам осы негізгі қажет дүниені өтей алмаса, оның бойын қорқыныш билейді. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін адам көбіне көп керексіз дүние сатып алу, трендтен қалмау үшін инвестиция құю сияқты түсініксіз әрекетке барады», – дейді психолог-маман.
FOMO1 FOMO сезім бүгінгі нарықтағы таңдаудың көптігінен де пайда болуы мүмкін. Нарықта балама, яғни тұтынушы тауарының түрі көбейген сайын, адамда таңдау қиындығы туындайды. Психолог Барри Шварц «Таңдау парадоксі» атты кітабында адамда таңдау көбейген сайын, ол беймаза күйге түсіп, тіпті күйзелісті бастан кешуі мүмкін екенін жазады. Мұны Гарвард университетінің экспери­менті де дәлелдеген. Бұл тәжіри­беде қатысушыларға түрлі нәрсе таңдатып, эксперимент кезінде олардың басын МРТ көмегімен бақылап отырған. Алдымен те­лефон және чипсыдің бірін таң­датқан, қатысқандар еш ойлан­бастан ұялы телефонды таңдаған әрі өздерін жайлы сезінген. Ба­ғасы арзан әрі сәйкес тауарларды таңдаған кезде де адамдар көп қиналмаған. Әйтсе де, құны қым­бат тұратын гаджеттердің бірін таңдауға келгенде олар көп ой­ланған. Эксперимент біткен соң, ғалымдар қатысушылардан таң­дауын өзгертуін, қалап-қаламай­тынын сұраған. Таңдау кезінде бойын мазасыздық билеген адам­дардың көбі алған тауарын алмас­тырғысы келген және басқалары не таңдағанын сұрастырыпты.
FOMO-ға бой алдыратын адам қоғамнан шеттетілуден қорқады. «Біздің миымыз қызықтан құр қалу – қауіпсіздігімізге қандай да бір қауіп төніп тұр деп қабылдауы мүмкін. Бәлкім, ми мұндай құ­бы­лысты біздің әлеуметтік қарым-қатынасымыз үшін қауіпті деп түсінуі ықтимал: мәселен, қоғам­нан шеттетілсең, өмір сүре алу мүмкіндігің аз. FOMO-ның негі­зінде де әлеуметтік топтан алыс­тап қалу қорқынышы жатыр. Кенхи университетінің ғалым­дары батыстағы бренд киімдердің корей жастарының арасында та­нымал болуын зерттеп, бұл құбы­лысты FOMO деп бағалаған. Өйткені тұтынушы, әсіресе, бөтен адамның пікіріне бейімі өзінің болмыс-бітімін өзі еліктейтін әлеуметтік топқа сәйкестенді­ріп, соған орай киінетін болған. Бұл – адамның өз қоғамының бір бөлшегі болу, олардан ерекше­леніп, шеттетіліп қалмау ниеті. Ал шеттетілген болса, онда сол қа­уымның қызығынан құр қалу қорқынышы. Яғни адам бойын­дағы беймаза күйден арылу, тіпті сол күйге түспес үшін индивид болудан бас тартады», – дейді Ұлмекен Жарболқызы.
«Қызықтан құр қалу қорқы­нышы» әртүрлі сипатқа ие болуы ықтимал. Яғни әр адамның әл­сіздігі әрқалай: бірі әлеуметтік желі қолданбаса, енді бірі инвес­тиция құймаса, ал тағы біреуі бірдеңе сатып алмаса, дүниенің қызығынан құр қалатындай күй кешеді. Психолог мамандар бұл эффекттің кейбірінде тіпті жеке қарым-қатынас құру барысында да байқалатынын айтады. Яғни, екі жас бір-бірімен бақытты өмір сүріп жатуы мүмкін, бірақ оның біреуі сол сәтте «Тиндерде» өзіне лайық әдемі, ақылды әлдекім бар шығар деген күйді бастан кешеді. Бүгінде FOMO-ның нарық, маркетингке әсері әбден зерттеліп қойды. Мамандар ендігі инвес­торға ықпалын зерделеп жатыр. Өйткені бұл саланың құрбандары да осы «сезім» себебінен сергел­деңге түсіп әлек. Мәселен, крип­то­валюта сатылымының күрт ар­туы да осымен байланысты. Deloitte компаниясының зертте­уінше, адамдар танымал трендтен тысқары қалып қоймау үшін бұл салаға ақша құюға асыққан. «Келесі Microsoft-ты жіберіп ал­мау үшін бүгін инвестиция жаса! Биткойн қымбаттауда және қым­баттай бермек!» деген сипаттағы ұрансөздер адамдарды биткойн сатып алуға ынталандырған. Са­уалнамаға қатысқандардың көбін «басқа адамдар биткойнда ақша тауып, байып жатыр» деген ой мазалаған.  

P.S. «Қызықтан құр қалу қор­қынышын» бастан кешетін адам өзгенің өмірін зерттеуге, біреудің бақытына еліктеуге және сол ар­қылы өзін бақытсыз сезінуге әуес келеді. Бұл, әлбетте, түрлі психо­логиялық дертке әкелуі мүмкін. Бүгінде көп адамның психолог жағалап жүруінің бір себебі – осы. Мамандар бүгінгі жамағаттың басым көпшілігі FOMO-ға бейім болатынын, әйтсе де оның асқынып кетуінен сақтану керегін айтады. Ол үшін өзін-өзі тану, тұлға ретінде даму, қалыптасу сияқты рухани қажеттіліктерді қанағаттандыру маңызды. Басқасынан қорқудың қажеті жоқ, өйткені Фрейд айт­пақшы, «Біз бәріміз белгілі бір дең­гейде шизофреникпіз».