Құрылыстың қиындығы көп
Құрылыстың қиындығы көп
588
оқылды
Қызылжарлық құрылысшылар тығырыққа тіреліп отыр. Әсіресе, мемлекеттік тапсырыс бойынша, соның ішінде бюджеттік үйлерді салу мүлдем тиімсіз. Құрылыс материал­дарының бағасы шарық­тап кеткені­мен, мемлекеттік ба­ғдар­лама бо­йын­ша салынған пә­тер­лердің шаршы метрінің құны өзгеріссіз қалды. Бұған қоса дайын үйлерге инженерлік желілер уақы­тылы тартылмайды. Бүгінде көппәтерлі тұрғын үй салу және оған инженерлік коммуникациялар тарту жұмысы – екеуі екі түрлі жоба аясында жүргізіледі. Құрылысшылардың айтуынша, бұл екеуі бір жоба аясында іске асатын жұмыс болуы тиіс. Жаңа нысандарға инженерлік коммуникациялар өткізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты негіз­інен басқа қалалардың компаниялары жеңіп алады. Осы тұста қиындық туындап отыр.
«Іс жүзінде жергілікті компаниялар тұрғызған үйлердің инженерлік желілері жоқ, маңайы абаттандырылмаған. Өйткені бұл жұмыспен басқа біреулер айналысады. Сондықтан жұмысымызды аяқтасақ та, өз нысандарымызды күзетуге мәжбүрміз. Ал көктем келгенде қосымша жөндеу жасауға тура келеді. Себебі пәтерлерде жылу болмағандықтан, қабырғалары мен еде­нінде ақаулар пайда болуы ғажап емес. Осындай жағдай жылдан-жылға қайталана бермес үшін бұл мәселенің шешімін ойлас­тырған абзал», – деген пікірін айтты Құ­рылысшылар қауымдастығының төрағасы, «Основание» ЖШС-ы дирек­торы, Сол­түстік Қазақстан облысы «Ата­мекен» кә­сіп­керлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі Сергей Тимофеев.
БЮДЖЕТКЕ ҚОСЫМША САЛМАҚ Бұл жайт жергілікті биліктің де көңілінен шығып отырғаны шамалы. Бұл туралы өңірлік кеңестің отырысына қатысқан қала әкімі Руслан Аңбаев айтты. Петропавл басшысы түсіндіргеніндей, коммуналдық қызмет қосылмағандықтан, қалалық әкімдік бұл пәтерлерді не сата алмайды, не баспана кезегінде тұрғандарды орналастыра алмайды. Соған байланысты неше түрлі теріс пікір туындайды. Бұл нысандар республикалық бюджеттен қаржыландырылатынына қарамастан, қосымша шығын салдарынан жергілікті бюджетке түсетін салмақ аз емес.
«Әрине, шаршы метрдің бағасын арзандату мақсатында осындай шара қолданылғаны түсінікті. Дегенмен бәрібір жергілікті бюджет есебінен жұмыс жүргізіп, қосымша шығындарға тап болдық. Қалада жаңа үйлерге коммуникация тарту жағы­нан біршама қиындық бар. Конкурстарды жеңіп алған компаниялардың атаулары мен мекенжайы белгілі. Жұмыс көлемі ауқымды болғандықтан, олар міндеттемесін уақытылы орындай алмай отыр. Оның үстіне, осы уақыт ішінде бағалар бойынша түзетулер енгізілді. Біз олармен келісім­шартты бұзуға бірнеше рет оқталдық», – деп ағынан жарылды қала әкімі Руслан Аңбаев.
Қала басшысының айтуынша, Петро­павлда бюджеттік үйлерге инженерлік желі тартумен үш компания айналысады. Өкінішке қарай, олардың барлығы өздерін жосықсыз жеткізіп беруші ретінде таны­тыпты. Қаланың Горький, Порфирьев-Парк, Уәлиханов көшелеріндегі және Бе­реке шағын ауданындағы барлық құрылыс алаңдарында олардың кінәсінен қиындық туындаған. Атамекен кәсіпкерлер палатасы Қала әкімі бағалар түзетілгеннен кейін жосықсыз компаниялармен келісімшартты бұзып, қалған жұмыстарға басқа конкурс жарияланатынын жеткізді.
«Әрине, біз коммуникация тарту жұ­мысы үй құрылысынан бөлек жүргізілгеніне қарсымыз. Олар бір жоба аясында жасалуы тиіс. Алдағы уақытта мұндай жағдайлардың қайталануын болдырмаймыз деп ойлай­мын», – деді Руслан Аңбаев. Оның мәлі­метінше, осы жобаларды жергілікті бюджет есебінен қосымша қаржыландыру мәселесі шеші­ліп, бұл мақсатқа 5 млрд теңге бөлін­ген. Болжам бойынша, ақпанның соңында есеп айырысып, сәуір айынан бастап бұл үйлер Отбасы банк арқылы сатыла баста­мақ. Алай­да олардың маңайында әлі көр­кейту жұмыстары аяқталмаған.
ҚЫМБАТ МАТЕРИАЛ, ТИІМСІЗ БАҒА Құрылысшылардың қанын қарайтып отырған тағы бір мәселе – қазіргі баға­лармен шаршы метрі 160 мың теңге тұратын бюджеттік үйлерді салу мүмкін емес. Мемлекеттік бағдарламаға қатысатын көп­теген құрылыс компаниялары былтыр­ғы қымбатшылық салдарынан абдырап қалды. Баға ішінара түзетілген болатын, алайда оған барлық құрылыс нысандары енгізілген жоқ.
«Қалыптасқан жағдай құрылыспен айналысудың мүлдем тиімсіздігіне әкеліп соқтырды. Әсіресе, бір жарым-екі жыл бойы салынатын ірі нысандарды тұрғызу­дан еш пайда жоқ. Бұл уақыт ішінде бағалар өзгереді, сөйтіп біз пайдадан қағы­ламыз. Нәтижесінде, бюджеттік үйлер салудың еш мән-маңызы қалмайды. Сондықтан, біріншіден, республикалық деңгейде осындай жобалар бойынша бір шаршы метрдің құны қайта қаралғанын қалаймыз. Екіншіден, жергілікті атқарушы органдар бағаны түзетуге мұқият және сапалы қараса екен дейміз. Әйтпесе, құры­лыс компаниялары шығынға шаш етектен батып, жабылып тынуы мүмкін», – деді Сер­гей Тимофеев.
Soltustik rubber recycling ЖШС дирек­торы Талғатбек Ғалеев Петропавлда үйлер­дің аулалары мен балалардың ойын алаң­дарын абаттандырған кезде жара­қаттан сақтайтын плиткалар қолданыл­майтынына назар аударды.
«Былтырға дейін мұндай плитканы біз ғана өндірдік. Өніміміздің 1-2 пайызын ғана өз қаламыз сатып алды, қалғанының бәрі облыстан тыс өңірлерге, соның ішінде Астанаға сатылды. Жыл сайын Петропавлда 90-95 аула мен спорт алаңы жөнделетінін естиміз. Соның бір де біреуінде біздің қауіпсіз өнім қолданыл­майды», – деді Талғатбек Ғалеев.
Қала әкімі Руслан Аңбаев жиын барысында тиісті бөлімге жергілікті жерде өндірілген қауіпсіз өрнектасты алдағы уақытта көркейту жұмыстарына қолдану туралы тапсырма берді. Сондай-ақ өңірлік кеңес мүшелері қала басшысынан өздерін облыс орталығының 8 шағын ауданын егжей-тегжейлі жос­парлау жөніндегі жұмыс тобына қосуды сұрады. Қала әкімі мұнымен де келісіп, ақпан айында осы мәселе бойынша барлық мүдделі және жауапты тұлғаларды тарта отырып, бірлескен отырыс өткізуге уәде берді.

Солтүстік Қазақстан облысы