«Ошақтың» ішінде Қазақ-Америка білім орталығы жұмыс істейді, мұнда білікті ұстаздар заманауи үлгіде дәрістер өткізеді. Онда ауыл балаларынан бөлек, тіпті аудан орталығынан келіп оқитын талапшыл ұландар аз емес. Сондай-ақ орталықта бай кітапхана шоғырланған, мұнда Алаш арыстарынан бастап, қазіргі зиялы қауым өкілдерінің еңбектері жинақталған, тіпті басылып шыққанына 100-200 жыл болған сирек кездесетін кітаптар да кездеседі. Ал ғимараттың ең көрнекті жеріне: «Әй, қазақ! Қазақ болып қазаққа қандай пайдаң тиді?» деген ұрансөз жазылған. Мұны оқыған әрбір жанның санасы зырқ ете түсері анық. Ғалым алдағы уақытта осы жерде қазақтың арғы-бергі тарихынан мағлұмат беретін мұражай ашсам деген ниетте.Сарқытбектің бұл бастамасы Ұлттық жаратылыстану академиясы тарапынан қолдау тапты. Егер жоба тек осы ауылмен шектеліп қана қалмай, республикадағы барлық 5-6 мың ауылға таратылатын болса, бұл тұтас елдің елдігін көтеретін іс болатындығына дау жоқ. Өйткені сол арқылы бүгінгідей таршылықтың тауқыметін тартып, күйі кеткен шалғайдағы көп ауылдарға жан бітіп, тіршілігі түзеліп қалатыны сөзсіз. Баяғыдай фельдшерлік пунктер қайта ашылып, мектептері жасанып, бой түзеп, мәдениет пен спорт ошақтары салынып, жастар ауылдан қашпас еді.
– Орыстың отаршылығынан бері қазақ бұзылды. Қазақтың құндылықтары құлдырап кетті. Қазақ ошағынан айырылғалы, ауылдың бірлігі қашты. Сондықтан бізге жетіспейтіні – рухани байлық, бірлік. Мен әр ауылда елді ұйыстыратын, игілікті істерге көтеретін, құран оқылатын, қуаныш той-томалақтарын өткізетін осындай орындар болса деп армандаймын. Егер әр ауылдың өз ошағы болса, тәлім-тәрбие де, білім де, береке-бірлік те, басқа да игіліктер сонда болар еді. Мен осы іспен 5 жылдан бері айналысып келемін, – дейді Сарқытбек Молдабаев.«Ошақ» сөзінің өзі ұлтымыз үшін жүрекке жылы тиетін ұғым. Ошақ – тек тамақ істейтін орын ғана емес, ол отбасың, өрен-жарандарың, шаңырағың, Отаның дегенді де білдіреді. Қазақ «Отан – отбасынан басталады», «Отбасы – ошақ қасы» деп тегін айтпаған. Отан – шекарадан емес, ошақ басынан басталады. Сондықтан да біз өмірлік ауыртпашылықтарды жеңу үшін ынтымаққа, бірлікке шақыратын «Бір ауыл – бір ошақ» деген ұранды ұстанамыз. Халқымыз тек осындай бірлік арқылы үлкен игіліктерге қол жеткізген. Сол себептен жергілікті өзін-өзі басқару органының «Ошақ» аталуы тереңнен ойластырылған дүние. «Ошақ» символы тұжырымдамасының негізінде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі мемлекеттің іргетасы деген идея жатыр. Символ үшбұрыш түрінде жасалған және адамзат баласы бағзы замандардан бері бұл символды дүниетанымының негізі ретінде қасиет тұтқан. Осы пішіннің қазақ халқының ежелгі ою-өрнектерінде жиі ұшырасуы да содан. Үшбұрыш ішінде қайнаған тіршіліктің тамыры соғып жатқан оты бар тауды білдіреді. Сондықтан ошағымыздың оты сөнбесін, халқымыздың ауызбіршілігі нығая берсін!
Жигули ДАЙРАБАЕВ, Қазақстан фермерлер қауымдастығының төрағасы