Сарапшы жеңілдетілген автонесиеге өтінім қабылдауға арналған онлайн платформаға қатысты пікір білдірді
Сарапшы жеңілдетілген автонесиеге өтінім қабылдауға арналған онлайн платформаға қатысты пікір білдірді
Коллаж: Halyq Uni
587
оқылды
Бүгін «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ көлік алуға жеңілдікпен несие беретін бағдарлама бойынша өтінімдерді қабылдайтын платформа іске қосылатынын хабарлады. Ол қаншалықты тиімді болмақ? Платформа жеңілдетілген несиеге өтінім беру процесін оңтайландыра ала ма? Осы сұрақтарға жауап алу мақсатында экономист Мақсат Халықтың пікірін білдік. Экономист жеңілдетілген автонесие бағдарламасының мүлде тиімсіз екенін айтты. Салыстырмалы түрде 4%-дық несие еш жерде жоқ екенін, азаматтар сол арқылы автокөліктерін жаңарта алатынын сарапшы жоққа шығармайды. Осы тұста ол автонесиенің бірнеше кемшілігіне тоқталды.
– Бұл автонесиелеу «Оператор РОП»-тан бөлінген қаржы негізінде басталды. Бірақ ол утильалымның негізгі мақсаты – экологиялық жағдайды жақсарту болатын. Яғни, бөлінген қаржы соған бағытталуы тиіс еді. Ал біз керісінше, отандық автоөндірісті қолдаймыз деген желеумен экологияға одан әрі зиян келтіріп жатқандаймыз. Қазір бұл қаражат жеңілдетілген несиені жүзеге асыра алуы үшін банктерге беріліп жатыр. Ал шын мәнінде банктер өздері 4%-бен несие бермейді. Банктердің бүкіл шығыны осы қаражаттың есебінен алынады. Осылайша, қаржыны банктерді қолдауға жұмсап жатырмыз. Яғни, банктерді қолдаудың екінші тәсілі сияқты. Одан да бұл ақша экологияны қорғауға жұмсалғаны игі еді. Екіншіден, берілетін несие саны шектеулі ғана. Жеңілдетілген автонесиеге қол жеткізе алатындар саны оны қажет ететіндерден бірнеше есе аз. Себебі, көлік алып, ескі көлігін жаңалағысы келетіндер көп. Осылайша, несиеге ие болғысы келгендер санаулы топтың ішіне кіру үшін түрлі әрекетке барады. Қолдан әдейі бюрократиялық кедергілер жасалады. Банктер несие бергенмен автосалонда көліктер болмай қалуы мүмкін. Сөйтіп, қолдан дау-дамай тудырады. Өз кезегінде адамдар сыбайлас жемқорлық әрекеттерін жасауға мәжбүр болады. Енді қазір онлайн платформа іске қосылмақ екен. Әрине цифрлы технология аз да болсын түрлі схемалардың жолын байлауы мүмкін. Бірақ ол қалай жүзеге асырылады, қаншалықты киберқауіпсіздік қамтамасыз етілген, ертеңгі күні өтінімдердің көптігінен база істен шығып қалмай ма, азаматтар тағы да қосымша құжат жинауға мәжбүр болмай ма деген сияқты сауалдар көп. Процестің қалай жүзеге асатыны да күмәнді. Яғни, онлайн платформа бұл мәселенің толық шешімі емес және өтінім қабылдау процесі кезіндегі сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл болады деп кепілдік бере алмайды, – деп түсіндірді экономист Мақсат Халық.