Елімізде 609 елді мекенге, 675 автожолға, 259 теміржол теліміне су астында қалу қаупі төнді. Су тасқынымен күреске 34 миллиард теңге жұмсау көзделуде. Бұл мәлімет Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жария етілді. Шенеуніктер үшін жылдағы әдетпен «су шайқасы» басталды.
Қазақстан әлемдегі су ресурстары аз мемлекеттер қатарына жатады. Алайда осы саптағы Африка, Америка, Азия құрлықтарындағы өзге елдерден басты айырмашылығы сол, қазақ елін қыс құтқарады. Бірнеше жыл бұрын депутаттар мен үкіметтік емес ұйымдар Үкіметке қысқы қарды бір жерге жинап, жаңа әрі алып су қоймаларын жасауды ұсынды. Тәубе, оған жер жетеді. Мамандардың пікірінше, бұл республиканы су ресурсы тапшылығынан және егін өсіру кезеңінде Қырғыз Республикасы мен Өзбекстанға тәуелділіктен құтқаруы ықтимал.
Билік жаңа су қоймаларын тұрғызу идеясын құптады, алайда араға басқа мәселелер килігіп, ол толыққанды жүзеге аспады. Салдарынан бүкіл елді қамтитын, мыңдаған адам мен техника, миллиардтаған қаржылық ресурс жұмылдырылатын, штабтар құруды қарастыратын жыл сайынғы «майдан» қайта ашылды.
«Қазгидромет» мәліметінше, осы жылы Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарының жазықтағы өзендері, сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Түркістан және Жамбыл облыстарының тау өзендері қатты тасығалы тұр. Ол аймақтарда «ылғал қоры орташа көпжылдық мөлшерден жоғары» және кейбір өңірде қар әлі жауып жатыр. Әсіресе, Нұр-Сұлтан, ШҚО және СҚО жағдайы қиындау көрінеді. Мысалы, елорданың өзі қарға көміліп жатқаны, көшелерден қардың уақытылы әкетілмегені Үкіметте сөз болды.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев 9 мың адам және 1 730 техника сумен күреске кірісуге дайын екенін баяндады. 13,5 мың тонна жанар-жағармай, су алдына тасталар 152,6 мың тонна инертті материал, 840 мың құм толтырылған қап, 47 тонна жарылғыш қоры әзірленді. Түрлі 900 техника, оның ішінде мотопомпалар, жүзу құралдары, жол талғамайтын құралдар сатып алынған.
Тілсіз «қарсылас» басып алған жерлерден халықты эвакуациялау үшін адам қабылдайтын 1 707 бекет жасақталды. Әкімдіктер оларға палаткалар, төсектер, азық-түлік пен ауызсу қорын дайындады. Су қоршауында қалмас үшін «шегіну» бағыттары жаңартылыпты. ІІМ күштері мен құралдарының топтары құрылды. 25 ақпаннан бастап басқару штабы Нұр-Сұлтанда орналасқан «Көктем-2020» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өткізіледі. Оның барысында жұмылдырылған күштердің әзірлігі тексерілетін болады.
Бірақ билік бәрібір толыққанды дайын емес.
–Жалпы, биыл су тасқынына толық әзірлік туралы айтуға әлі ерте. Су басу аймақтарында орналасқан үй тұрғындарын қауіпсіз учаскелерге көшіру бойынша жоспарланған іс-шаралар орындалмады. Бұл шығыны көп іс-шара екені сөзсіз, алайда жұмыс істелмесе, салдары бұдан да ауқымды болуы мүмкін», – деді Е.Тұрғымбаев. Мысалы, алдыңғы жылы Атбасар қаласын көшіру жобасы құпталғаны есте.
Сондай-ақ 2019 жылы жоспарланған 91 іс-шараның 36-сы іске аспай қалды. 2020 жылы тағы 132 іс-шараның орындалмау қаупі бар, оның тек 53-і республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Үкімет қалғанына қаржы табуды әкімдіктерге жүктеді. ІІМ басшысының айтуынша, тасыған суды бұру үшін қолданыстағы су қоймаларында бос орын болуы керек. Дегенмен 463 гидротехникалық құрылыс көнерген, олар жөндеуді қажет етеді және шектен тыс салмақ түссе, өздері де су тасқыны қатерін тудыруы ғажап емес.
Ақпаратқа қаныққан Асқар Мамин барлық әкімдерге бүгіннен бастап жағдайды күнделікті бақылауға алуды жүктеді. Әкімқараларға әсіресе ауылдардан қарды шығару үшін қолда бар техника мен жұмыс күшін тегіс жұмылдыру тапсырылды. Үкімет басшысы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне республикалық маңыздағы автотрассалар мен теміржолдарды су шайып кетпеуі үшін тәулік бойы бақылау ұйымдастыру міндетін қойды.
«Экология министрлігі су қоймаларын толтырудың қауіпсіз көлемін анықтап, олардың толуына тұрақты бақылау жасауды қамтамасыз етсін. Қажет болған жағдайда су қоймаларын алдын ала босату шараларын қабылдау керек» деп түйді А.Мамин.
Қазақстанда төтенше жағдай туындау қаупі аса жоғары жерлер көрсетілген «Қауіптілік картасы» жасалғаны белгілі болды.
Айхан ШӘРІП