Кейінгі үш жылда аймақтағы елдер экономикаларын дағдарыс жалыны шарпып, жағдайды ауырлатты. Алдымен, аймақ жаһандық пандемияға ілесе жеткен, локдаундардан күш алған «коронакүйзелістің» қуатты қыспағында қалды. Оның соңы қасіретті қаңтар оқиғаларына ұласты. Іле-шала посткеңестік кеңістікте сұрапыл соғыс өрті қаулап, геосаяси ахуал одан сайын ушықты. Қатаң санкциялар сауда-саттыққа соққы жасады. Сарапшылар осы алмағайып шақта ТМД кеңістігінен инвесторлар қаша бастағанын айтып, дабыл қақты. Дегенмен Қазақстан инвесторлар үшін тартымдылығын сақтап қана қоймай, өңірде көшбасшыға айналғаны айқындалып отыр. Ресейді үш орап кетті
Қазақстан көшбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елге инвестиция тартуды президенттік каденциясының басты бір басымдығы деп белгілегені мәлім. 2019 жылғы 2 қыркүйектегі тұңғыш Жолдауында Қасым-Жомарт Кемелұлы билік алдына «шетелден тікелей инвестиция тарту жұмыстарын барынша жандандыру» міндетін қойды. Себебі, оның байламынша, онсыз алдағы уақытта республикада экономикалық өсім резерві шектеулі болады. Сондықтан ол аталған істі «атқарушы билік басымдық беруі тиіс міндеттердің бірі» деп белгіледі.Ал 2022 жылғы 20 қарашада президенттік дода өткенде Қ.Тоқаев төл сайлауалды бағдарламасында «Қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастырылады» деп уәде етті. Мемлекет озық технологиялары бар ірі инвесторларды тарта отырып, ауқымды геологиялық барлау жұмыстарын бастауға қабілетті жаңа «ойын ережелерін» орнатты. Бұл ретте жергілікті қамту мен технологиялар трансферін барынша қамтамасыз етеді. Нақты сандық меже де аталды. Алдағы жеті жылда кем дегенде 150 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылады. Бұл уәде қаншалықты орындалуда? Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) зерттеуі көрсеткендей, Қазақстан алыс шетелден ғана емес, өз аймағынан инвестиция тартуда да көшбасшыға айналып шыға келді. Еліміз бұл тұрғыдан тіпті бұрынғы көшбасшы Ресейді үш орап кеткен екен.
«Өзара тікелей шетелдік инвестициялар (зерттеуде: «взаимные ПИИ») базасына ТМД кеңістігіндегі 12 ел аумағында құны 1 миллион доллардан асатын 570 жоба кірді. 2022 жылдың бірінші жартысында бұл жобаларға жалпы сомасы 24,5 миллиард доллар инвестиция құйылған. Сөзсіз көшбасшы – Қазақстан, ол достастық елдерінен өз жобаларына былтырғы жартыжылдықта 10 млрд 702 млн доллар қаржы тартты. Беларусь – 5 млрд 461 млн, Ресей – 3 млрд 641 млн, Армения – 3 млрд 122 млн, Қырғыз Республикасы – 1 млрд 566 млн доллар», – деп хабарлады ТМД ұйымының ресми интернет порталы.Аймақта инвестицияны экспорттауда Әзербайжан алға озды: оның өзге елдерге салған инвестициясы төл жалпы ішкі өніміне шаққанда 6,7 пайызды құрады. Мысалы, әзербайжандық Bakcell Украинаның ұялы байланыс нарығында ресейлік МТС компаниясын ауыстырды. Екінші орында Қазақстан: аймаққа құйған инвестициясының көлемі ЖІӨ-ге шаққанда 2,2 пайыз. РФ өз ЖІӨ-сінің небәрі 2 пайызына бара-бар көлемде ғана инвестиция сала алған. Беларусь көрсеткіші – 1,8 пайыз. Әйтсе де, Қазақстан өзара тікелей шетелдік инвестицияларды импорттауда тағы да көшбасшыға айналды. Былтыр аймаққа тартылған инвестицияның төрттен бірін, 24,3 пайызын жалғыз Қазақстан иемденді. Бізден кейін Өзбекстан орналасты: 20,1 пайыз. Беларусте – 12,6 пайыз. Одақтастарын да шошытқан Ресей бесінші орынға түсті: 8,8 пайыз. Оны Әзербайжан артқа тастапты: еншісі – 9,5 пайыз. Грузияның үлесі – 7,2 пайыз, Армениянікі – 7,1 пайыз, Украинанікі – 4 пайыз. Ең ірі инвесторлар кімдер? Бірақ Қазақстанның ең ірі, көш басындағы инвесторлары ТМД емес, Батыста. Олар кімдер? Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаровтың мәліметінше, Қазақстан экономикасына құйылған барлық инвестиция ішінде тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) көлемі 2022 жылдың 9 айы қорытындысында 22,1 миллиард долларды құрады.
– Бұл 2021 жылдың тоғыз айымен салыстырғанда 17,8 пайызға көп. Атап айтқанда, машина жасау, жаңғыратын энергетика, тау-кен металлургиялық кешен, металлургия, агроөнеркәсіп кешені және басқа салаларда шетелдіктердің қатысуымен 46 инвестициялық жоба пайдалануға берілді, – деді Алмас Айдаров.Ол Нидерланд Қазақстанның №1 инвесторы болып қалғанын жеткізді. Екінші орында – АҚШ. Үштікті Швейцария тұйықтады. Республикамыздың үздік 10 инвестор елінің қатарына сондай-ақ Бельгия, Ресей, Оңтүстік Корея, Қытай, Франция, Ұлыбритания, Түркия кірді. Ұлттық экономика вице-министрі Ілияс Өсеровтің айтуынша, 2022 жыл қорытындысында Қазақстандағы негізгі капиталға салынған отандық және шетелдік барлық инвестицияның жалпы көлемі 15,1 триллион теңгені құраған. Бұл, әрине жылдық жоспардың 94,2 пайызы ғана. Бірақ соның өзінде ол 2021 жылғыдан 7,9 пайызға артық. Әсіресе, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік және қоймалау сияқты салаларда өсім тіркелді.
«Орталық мемлекеттік органдар арасында жылдық жоспарды Ғылым және жоғары білім (121,8 пайыз), Денсаулық сақтау (103,5 пайыз), Оқу-ағарту (102,3 пайыз) министрліктері орындады. Ең төмен көрсеткіштер Экология және табиғи ресурстар (79,4 пайыз), Мәдениет және спорт (72,5 пайыз) министрліктеріне тиесілі. Өңірлер арасында Ұлытау (75,6 пайыз), Атырау (84,2 пайыз) және Жамбыл (86,5 пайыз) облыстары аутсайдер болды. Нысаналы индикаторларға қол жеткізбеудің негізгі себептері – жер учаскелері мен техникалық шарттарды беру рәсімдерінің созылып кетуі, қажетті инфрақұрылымның дайын болмауы, сондай-ақ геосаяси ахуалдың күрделенуі», – деді Ілияс Өсеров.Егер ұтымды ұқсата білсек, инвестициялардың игілігі күннің шұғыласындай жан-жаққа, қоғам мен мемлекет өмірінің әр саласына шуақ болып таралады, олардың буырқана өркендеуіне жол ашады. Мысалы, отандық және шетелдік инвестициялардың арнасы суалмай, қайта тасқындауы арқасында 2022 жылы жалпы құны 2 триллион теңге тұратын 160 жоба іске қосылды. Оларда 15,7 мың тұрақты, жалақысы жақсы жұмыс орны құрылыпты. Жаңа кәсіпорындар тамақ, жеңіл және химия өнеркәсіптерінде, машина жасау саласында, фармацевтикада, мұнай өңдеу және басқа секторларда өркен жайды. [caption id="attachment_238692" align="aligncenter" > © коллаж: Еркебұлан Дүйсеболат[/caption] Тың жобалардың арасындағы ірісінің, іргелісінің бірі ретінде Атырау облысындағы Kazakhstan Petrochemical Industries Inc полипропилен өндіретін зауытты бөліп атауға болады. Жылдық қуаттылығы 500 мың тонна болатын кәсіпорын әп дегеннен-ақ осы өнімді шығаратын әлемдегі өндірушілердің ТОП-10 рейтингіне енді. Қарағанды облысының Сораң (Сарань) қаласындағы индустриалдық аймақта жылына 3,5 миллион шина жасайтын отандық ірі зауыт жұмысқа кірісті. Ол отандық автокөлік өндірушілерінің қажеттілігін толығымен өтейді деп күтілуде. Жобаға 171 млрд теңге инвестиция салынды. Шымкенттегі «Онтүстік» индустриалдық аймағында сусындарға арналған алюминий банкілері мен қақпақшаларды өндіретін Орталық Азиядағы ең бір қуатты зауыт ашылды. Жылына 500 миллион бірлік өнім шығаратын ол Қазақстанның мұқтаждығын 65 пайызға қанағаттандырады. ШҚО-да жылына 300 мың тонна май экстракциясын, өсімдік майын жасайтын зауыт қолданысқа берілді: оның өнімі 100 пайызы экспортқа кетеді, елге валюталық табыс әкеледі. Жамбыл облысында минералды тыңайтқыштар өндірісі жылына 1,5 млн тоннаға кеңейтіліп отыр: бұл Қазақстандағы осы өнімнің өндірісін бірден 2 есе арттырады. Жұмысын жаңадан бастаған барлық кәсіпорын толық қуатына шыққанда, биыл олар шамамен 1,7 триллион теңгенің өнімін беруі тиіс. Соның 1,1 триллионы жаһандық нарықтан түседі деп жоспарланған. Олар 0,6 трлн теңгенің импорттық өнімін отандыққа алмастырады. Салғырт қарауға болмайды Негізгі капиталға тікелей шетелдік инвестицияларды тарту мәселесі осы аптада Инвестициялық штабтың отырысында егжей-тегжейлі қаралды. Жиында Премьер-Министр Ә.Смайылов инвестиция тартуда көш соңында қалған облыс әкімдіктерінің жұмысын сынға алды.
Кейбір өңірде инвестиция 1-2 пайызға ғана өскен. Әкімдіктер оны жетістік деп түсіндіруге тырысады. Бірақ бұл – жақсы көрсеткіш емес, жүйелі жұмыстың жоқтығының белгісі. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес республика бойынша саладағы өсім 8 пайызды құрады. Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай негізгі капиталға салынған инвестициялар деңгейін ЖІӨ-ге шаққанда 25 пайызға дейін арттыру міндетін қойды. Бұл жыл сайын өсім 10 пайыздан жоғары болуы керек дегенді білдіреді, – деді ол.Үкімет басшысы Ұлытау облысында құны 27,1 миллиард теңге болатын 5 ірі инвестициялық жоба іске аспай қалғанына алаңдаушылық білдірді.
«Өңірдегі негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша жетпей қалған сома 50 млрд теңгеден асып кеткен. Әкімдік бұл олқылықты жаңа жобалар есебінен толтыруы тиіс еді. Облыстың әлеуетін пайдаланып, қосымша инвестициялар тартуды және туындайтын проблемаларды уақытылы шешуді қамтамасыз етуі қажет еді», – деді Әлихан Смайылов. Ол Атырау облысында да өңірдің зор әлеуеті мен қорлары толық іске қосылмағанын қаперге салды: «Инвестициялардың 60 пайыздан астамы Теңізшевройл және KPI ірі жобаларына ғана тиесілі. Өңір басшылығы индикатордың орындалмауын осы аталған жобалар бойынша инвестициялар көлемінің төмендеуімен байланыстырып отыр. Әкімдік олардың аяқталу мерзімін нақтырақ болжап, өсімнің қосымша көздерін алдын ала іздестіруі керек болатын», – деді Үкімет басшысы.Ол Жамбыл облысында инвестициялардың үштен бірі бюджет қаражаты есебінен болғанын ескертті. Әкімдік бірқатар маңызды жобаны, соның ішінде кальцийленген сода өндірісі мен минералды тыңайтқыштар шығаратын зауытты іске асыруды кешіктіріп жатыр. Өңір басшылығына жаңа инвестициялар көлемін ұлғайту жұмысын күшейту жүктелді. Ә.Смайылов барлық әкім мен министрлікке инвестиция тарту үдерісін өрістетуді, оның ішінде іске асырылмаған ірі жобалар бойынша іс-қимылды жандандыруды тапсырды. Премьер-Министр биылғы 2023 жылы ел экономикасына кем дегенде 24,4 миллиард доллар шетелдік инвестиция тарту міндеті тұрғанын жариялады. Бұл үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Тек тегеурінді іс-қимыл қажет. Сыртқы істер министрлігіне Kazakh Invest ұлттық компаниясымен және өңірлермен бірлесіп, осы бағытта белсенді жұмыс жүргізу жүктелді. Президент белгілеген межеге қол жеткізу үшін Қазақстанның шетелдердегі мекемелері, елшілер тиісті, тиімді шаралар қабылдауы шарт. Басты мақсат – инвестиция тарту қарқынын кемітпей, одан ары арттыру, саладағы еліміздің көшбасшылық тұғырын нығайта түсу. Үкімет келеді, кетеді, ал Президент белгілеген басымдықтар қала береді. Биылғы 19 наурызда жаңа сайланатын Мәжіліс алдында Үкімет өкілеттігін тоқтатады. Жаңа Үкімет үшін де елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру басымдық болады. Осы мақсатта отандық және шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасалуы, мұқият мониторинг жүргізу арқылы қолға алынған жобалардың алдынан алтықабан арқандай керілген әкімшілік кедергілер жойылуы қажет. Мемлекеттік қолдаудың әр қырлы шаралары жүзеге асырылады. Салықтық және басқа да ынталандырулар, жеңілдіктер мен преференциялар қолданылады. Заңнама және әділ сот төрелігі жетілдіріледі. Осының арқасында ары қарай да Қазақстан инвесторларды магниттей тарта алады. Бұл өз кезегінде экономиканың нақты секторының ұлғаюына, жаңа жұмыс орындарының ашылып, халықтың әл-ауқатының жақсаруына, бизнестің гүлденіп, елдің баюына серпін берері сөзсіз. Президент төл сайлауалды бағдарламасында айтқан, елдікті нығайтуға, ел еңсесін тіктеуге ықпал ететін «Әділетті экономиканың» бір қыры да осы.