Оқырман ояу, қалғыма, «Қазпошта»!
Оқырман ояу, қалғыма, «Қазпошта»!
© коллаж: Әсел Балтақызы
953
оқылды
Жыл өткен сайын мерзімді баспасөзге жазылушылар тарапынан «Қазпошта» акционерлiк қоғамына айтылар арыз-шағым көбейіп келеді. Себебі сәлем-сауқат, газет-журнал та­сымалдайтын монополист компания оқырмандарға газет-журналын уақытылы жеткізіп бере алмай отыр. Ол аз десеңіз, жазылған басылымын қаншама ай күтіп, соңында жер сипап қалатындар да аз емес. Жылдар бойы қордаланып келе жатқан мәселе бұған дейін де бірнеше рет көтерілген. Дегенмен монополист компания міз бақпастан, халықты құр уәдеге сендіріп келе жатыр. «Газетті күтіп отырға­нымызға бірнеше апта бол­ды. Қашан келеді?» деп оқыр­мандар да редакцияға жиі хабарласады. AIQYN-ды аптасына үш рет шығарғаны­мызбен, шалғайдағы оқыр­манның сарыла күтетінін біл­меппіз. Жазылған баспа­сөзін жоқ­таған оқырман ба­зынасын «Қаз­поштаға» жеткізгендей боламыз. Бірақ оқырманның қолына басы­лымды дер кезінде жеткізу редак­цияның емес, тасымал­ға жауап беретін акционерлiк қоғамның мін­деті емес пе? Мәселенің анығы­на жету үшін, газетке жазылған әр өңірдегі оқырманымызға хабар­ластық.
– Turkistan газетіне жазылғанмын. Бірақ қаңтар айында газет 4 рет шықса да, үйге бір нөмірі де келмеді. «Қаз­поштаға» барып едім, хабарласамыз деп телефон нөмірімізді алып қалды, – дейді Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тұрғыны Мұхиддин Сүлейменов.
Иә, Жетісу, Түркістан, Жамбыл облыстарынан жазылған оқырмандар әлі де газет келген жоқ деп отыр. Газет-журналын іздегендердің арасында астаналықтар да бар. Жамбыл облыстық Аq jol газетінің бас редакторы Хамит Есаманның айтуынша, газетті тасы­малдау, жеткізу үлкен мәселе. Газеттің уақытылы жетпеуі, таратылмауы жай­лы оқырмандар тарапынан біраз сын айтылады. Әрине, оқырманның базы­насы орынды. Өйткені қалтасынан қаражат шығарып газетке жазылған кезде оның уақытылы жетуін кім болса да күтеді, талап ете алады.
– Газетті жеткізумен айналысатын, «Қазпоштаға» бәсекелес жеке құры­лымдардың жазылу бағасы қымбатырақ. «Қазпошта» тек баспасөзді жеткізіп қана қоймай, оқырмандардың басы­лымға жазылуына ықпал ете алуы ке­рек. Пошта қызметкерлері журналис­термен аймаққа бірге шығып, баспа­сөзді насихаттауы қажет. Сонда олар­дың газет-журнал жеткізуге деген жа­уапкершілігі арта түседі. Сонымен қатар «Қазпошта» газет-журналға жа­зылған адамдарға, зат тасымалдауда же­ңілдіктер ұсынса деген ой бар. «Қаз­поштаның» жергілікті басшылығы кемшіліктерін мойындап отыр. Құр мойындап қой­май, соған байланысты әрекет болса дейміз. Редакцияға көп адам хабарла­сып, газет алмағанын айтады. Бірақ біз газет шығарғаны­мызбен, оны таратумен айналыспай­мыз. Сондықтан бұл құзырет «Қазпош­таның» міндетіне кіреді. Шалғай ай­мақтардағы оқырман газетті кімнен сұрарын білмейді. «Қазпоштаға» ха­барласса, қоңырауды жауапты адам ал­маған соң қызметкер­лер бір-біріне сілтейді. Сондықтан баспасөздің жет­кізілуіне қатысты тәулік бойы ұялы операторлар жұмыс істеп, WhatsApp желісі де қолжетімді болуы керек. Сонда оқырмандар кез келген уақытта хабарласып, газетін жоқтай алады,– дейді Хамит Есаман.
Пошташының жалақысы мардымсыз Қарағандылық ақын Жанат Жаңқашұлы былтыр жазылған «Қазақ әдебиеті» газетін поштадан өзі барып алыпты.
– Пошташыларды кінәлауға бол­майды екен. Мен былтыр жазылған газетімді «әне әкеледі, міне әкеледі» деп ақыры шыдамым жетпей поштаға бардым. Барсам газеттер жиналып қа­лыпты. Жалғыз менің ғана емес, қан­шама оқырманның газеті тұр. Сосын «Бұл газеттің бәрін неге таратпай­сыздар?»деп сұрадым. Сөйтсем, олар пошташы жоқ дейді. Себебі пошта тасымалдаушыға күніне 2000 теңге береді екен. Сонда айына 60 мыңға жетпейтін айлық алады, – дейді  Жанат Жаңқашұлы.
Әрине, бұл ақша қазіргі нарық заманында ешбір азаматтың жыртығын жамауға жетпейді. Білдей бір аты бар ұлттық компанияның мұнысы ұяттау. «Қазпошта» әр баспасөзбен келісім­шартқа отырған. Сәйкесінше, оқыр­мандардың жазылуынан түскен қар­жының жартысын қызмет көрсеткені үшін алып отыр. Бірақ «Қазпошта» келісімшарттағы келісімді орындап отыр­ған жоқ. Заң бұзып отыр. Сонда бас­пасөзге жазылудан түсіп жатқан қы­руар қаржы қайда кетіп жатыр? Қа­зақ газеттерін құртып жатқан «Қаз­поштаның» қызметінің сапасыздығы. Оқырмандардың сенімімен ойнап отыр. Жазылған газеті келмеген соң келесі жылы оқырманның баспасөзге деген қызығушылығы азаяды. «Қазпошта» басшы­ларының мил­лиондап жалақы алатыны Сенат отырысында көтеріліп еді. Ол кезде Сенат депутаттары Қа­зақстанның пошта саласындағы заң нормаларын Дүниежүзілік пошта одағының ак­тілеріне сәйкестендіруге арналған заңды қабылдап жатқан. Оны қабылдамай тұрып, сол кездегі сенатор Светлана Жалмағамбетова ауылды жерлерде жұмыс істеп жүрген пошташылардың тым мардымсыз жа­лақысы туралы мәселе көтеріп, дәр­менсіз қызметкерлердің жағдайына көңіл бөлуге шақырған. Осы орайда ол «Қазпошта» басшыларының миллион­дап айлық алатынын да айтып салған. Сенатор ханым әріге бармай, Астана маңына жақын елді мекендерді мысалға келтіріп еді.
«Ақмола облысындағы Жарқайың ауданын алайықшы, онда 20 пошташы жұмыс істейді. Олардың барлығы 5,5 жүктемемен жұмыс істейді. Бір жүкте­ме – 37 мың теңге, сәуірдің 1-інен бастап ол 44 560 теңгеге көтерілді. Дегенмен Гос­телло деген ауылда 758 адам тұра­ды. Ол жердегі пошташы-оператор 0,3 жүк­теме, яғни тек 12 300 теңге ғана алады. Ал Тассуат ауы­лындағы пошта қыз­мет­кері 0,2 жүктемемен күн көріп жүр. Бұл – 8 900 теңге. Ауылдардың басым бө­лігінде солай», – деп Светлана Жал­ма­ғам­бетова «Каз­поштаның» дәл сол уа­қыт­тағы жағда­йына баға бер­ген болатын.
Ең қызығы, одан бері де оңалып кеткен ештеңе байқалмайды. Баяғы жартас – бір жартас. Әлі күнге ауылды жерде пошташы табу қиын. Себебі 10 мың теңге жалақыға ешкім жұмыс іс­тегісі келмейді. Қазақстанда ең төменгі жалақы 60 мың теңге екені белгілі, 2023 жылдан бастап ол 70 мың теңге болды. Бірақ пошташылардың арасында 7 мың теңге алатындар да бар екен. Бұл – 0,1 мөлшерлемеде істейтіндердің еңбекақысы. Себебі ауылдық жерлерге пошта апта­сына екі рет қана жеткізіледі, яғни пош­ташы қалған күндері бос бола­тындықтан, ол күндерге ақы төленбейді. Қазіргідей қымбатшылық қос бүйірден қысқан уақытта мұндай ақшаға күн көру мүмкін бе? Ауылдық жерде ап­таның қалған күндерінде істейтін жұ­мыс қайдан табылсын? Сондықтан көбі 7 мың теңгені қанағат тұтады. Мұндай айлық алатын адамның еңбек етуге деген құлшынысы қандай болатыны түсінікті. Келген хат-хабар мен газет-журналды уақытында жеткізіп бер­мейді, тіпті «өздерің үйден келіп алып кетіңдер» дейтін мамандар да бар екен. Пошташылардың төмен жалақы алып, жұмысына салғырт қарауынан мерзімді басылымдардың таралымы күрт тө­мендеп кеткен. Мәселен, кезінде 10 мың тиражбен тараған «Солтүстік Қа­зақстан» газетінің таралымы соңғы кезде екі есеге дейін азайған. Қалта­сынан ақша шығарып алған газетін әкеліп бермеген соң тұрғындар жа­зылуды да қойған.
– Пошташыға артық жұмыстың қажеті жоқ. Тұрғындарды газет оқуға насихаттаудың орнына жазылуға келіп тұрған адамның өзін түрлі сылтау айтып шығарып салатындар да жоқ емес. Себебі оның бір газет таратса да, жүз газет таратса да алатыны сол 7 мың теңге ғана. Артық жұмысты қайтсін? Бұрын ауылдың пошташылары үй-үйді аралап жүретін. Зейнетақы, жалақы түскен кезде өздері келіп, газет-жур­налдарға жаздыртатын. Осылайша, халықтың да саяси сауатының ашы­луына көмекте­сетін. Жақсы басылым­дарды жарна­малайтын. Ал қазір ауыл тұрғындары пошташыны мүлдем көр­мейміз деп шағымданады. Жақында тұрғындарды газетке жаздыру мәсе­лесімен Солтүстік Қазақстан облы­сының жүз шақты ауылын аралап шық­тық. Көбінің пошта қызметіне көңілі толмайды. Egemen Qazaqstan, «Казахстанская правда» сияқ­ты күнде шығатын газеттерді жинап, аптасына бір рет қана апаратын ауылдар да бар екен. Жарияланған дүние ақпараты ескіріп кеткен соң оны кім оқиды? Пошта қызметіне реформа жасау керек, – дейді «Солтүстік Қазақ­стан» облыстық газеті экономика бө­лімінің меңгерушісі Өмір Есқали.
Кешіккен газет – Құр қағаз «Қазпоштаның» Жамбыл об­лыс­тық филиалы пошта логистика және өндіріс бөлімінің басшысы Гүл­нара Кервенованың айтуынша, басы­лымдардың жеткізілу қызметі қатаң бақылауда. Кей кездері оқыр­мандарға газеттердің уақытылы жеткізілмей қалатын жағдайлары болады. Ол тек «Қазпошта» қызмет­керлерінің немесе филиалдардың кінәсі емес.
– Басылымның кешігуіне түрлі жағдай әсер етеді. Мысалы, 20 қаң­тарда Egemen Qazaqstan газеті Шым­кенттегі баспадан шықпай қалды. Ол келгенше біз күттік. Хабарлас­қаны­мызда баспа машинасының сы­нып қал­ғанын естідік. Ақыры 3 күн күттік. Сондықтан да газеттің бұл нө­мірі оқыр­мандарға кешігіп жетті. Қаң­тар айының басында ауа райына бай­ланысты бір­неше күн жол жабылды. Бұл да газеттің кешігуіне әсер етеді. Ал баспаханадағы газет поштаға келіп түссе, біз уақытылы таратамыз. Сол сияқ­ты республикалық AIQYN, Turkistan газеттері де кешігіп келді. Қазір бұл мәселелерді реттеп, қыз­мет сапанын көтеруге кірістік. Га­зетті та­ратумен пошта тасымалдау­шы­лары және келісімшарт негізінде курьерлер жұмыс істейді. Курьерлерге таратқа­нына қарай күн сайын ақы тө­ленеді,– дейді Гүлнара Кервенова.
Жақында елордада Өңірлік мерзімді басылымдар форумы өтті. Жиында газет таратуды «Қазпоштаның» қо­лынан алып, бизнес өкілдеріне беру керек деген ұсыныс айтылды. Өйткені газет оқырманға жеткенше ақпарат ескіріп қалады.
– Үлкен бизнесі бар адамдар газетке ақша салмайды. Газеттен ақша табу мүмкін емес. Теміртау қаласында таза интузиазммен газет аштық. Мемле­кет­тік тапсырыс алайын десек, газет тек Теміртау қаласына таралады. Ал мем­лекеттік тапсырыс тек Қарағанды об­лы­сында таралатын газетке беріледі. Екінші мәселе біздің мақсатымыз ақша табу емес, газетті шығару болды. Сон­дықтан газетті өзіміз тараттық. Өйткені «Қазпоштаның» тарифі қымбат. Бұл бір. Екінші «Қазпошта» уақытында газетті әкелмейді. Сол себепті индекс алудан қиындық туындап отыр. Неге газет тарату ісін монополиядан алып, курьерлік агенттіктерге немесе жеке адамдарға бермеске? – дейді «Теміртау тынысы» газетінің бас редакторы Нұр­лыхан Қалқаманұлы.
Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өзекті мәлелерді шешудің өз жолдарын ұсынып, бұл Теміртаудағы ғана емес бүкіл елдегі басылымдарға ортақ проблема екенін алға тартты.
– Құжат дұрыс толтырылма­ған­дықтан немесе конкурста дұрыс қа­ралмағандықтан өңірлерде біраз ба­сылымның мемлекеттік тапсырыстан қағажу қалғанын білеміз. Реттеуге ты­рысамыз. Теміртаудың жағдайын мен тағы да сұрастырамын. «Қазпоштаға» байланысты бізде бір ауыл мен екінші ауылдың арасы 100 шақырым. Сондық­тан газет жеткізу бойынша кәсіпкер­лерді жинадық. Субсидия бөлу мәсе­лесін қарастырдық. Мемлекет басшысы «Қазпошта» басшысын қабылдады. Мәселе шешіледі деген ойдамын, – деді форумда Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.
Ақпарат тез тарап жатқан заманда әр газет өз оқырманы үшін күреседі. Демек, газет – аманат. Ал аманатты оқыр­манның қолына уақытылы жеткіз­беу «Қазпоштаға» үлкен сын. Дегенмен бұл сын қаншама жылдан бері айтылып келе жатса да, түзелер емес. Сондықтан «Қазпошта» қызметіне түбегейлі ре­форма немесе нарыққа жеткізумен айналысатын жаңа компания керек-ақ.