Жастар мүддесі ескерусіз қалмайды
Жастар мүддесі ескерусіз қалмайды
421
оқылды
Адамзат өркениетіндегі ора­сан зор жаһандық өзге­ріс­тер ке­­зеңіндегі жастар­дың қоғам­дағы бүгінгі және болашақтағы орнын анықтау маңыз­ды болмақ. Тарихтың кез келген кезеңіне ба­ға бер­­ген уақытта сол заман­дағы азаматтардың, атап айт­қан­да жас­тардың қарым-қа­бі­леті мен көз­қарасына жү­гінуді ұмытпауы­мыз қажет. Өйткені жастардың өзекті мәселелері тұтастай ал­ғанда мемлекеттің проблемала­ры­мен тығыз үйлесіп жатады. Қазақстан әлемдік қауымдас­тықтың белді мүшесі ретінде жа­һандық үрдістерді жіті қарап отыруы тиіс. Соның ішінде БҰҰ шеңберіндегі жастар пробле­ма­сының беталысы өзіне назар ау­дарады. БҰҰ жастар мүддесін қорғау және олармен бірге ұйым қызметін өзгерту мақсатында «Жастар-2030» стратегиясын қабылдаған еді. Осыған қатысты, соңғы төрт жылдағы БҰҰ мен мү­ше мемлекеттердің жұмысы қо­ры­тындыланып, БҰҰ Бас хат­шы­сының баяндамасы да жария­ланған болатын. Ұйымның мәліметі бойынша әлемде 14-24 жас аралығындағы 1,8 миллиард жас бар. Бұл – адам­зат тарихындағы жастар саны бойынша ең үлкен көрсеткіш. Жас­тардың 90 пайызға жуығы дамушы елдерде тұрады және өз елдерінде халықтың басым бө­лігін құрайды. Қазір БҰҰ Жастар стра­тегиясы шеңберінде әлемдегі жас азамат­тардың сапалы білім мен медициналық қызметке қол жеткізуі, экономикалық құ­қығы мен мүмкіндігін кеңейту үшін ла­йық­ты жұмыспен қамтылуы. Құқығын қорғау, көтермелеу, сол арқылы оларды азаматтық және саяси қызметке қатысуын ке­ңейтуді көздеп отыр. БҰҰ Бас хатшысының осы мә­се­леге қатысты баяндамасында негізгі мәселе ретінде жастар ара­сындағы цифрлық теңсіздікті еңсеру көрсетілген. Себебі әлем халқының 95 пайызына жуығы мобильді желі тартылған аумақта өмір сүргенімен, цифрлық тең­сіздік азаймай, әлеуметтік-эко­номикалық алшақтық күшеюде. Әсіресе, интернетті пайдалану­да­ғы тең­сіздік қала (76 пайызы) мен ауыл тұрғын­дары (39 пайызы) арасында сақталып отыр. Жастар (15-24 жас) интернетті басқа топ­тарға қарағанда жиі пайдаланады. Алайда табысы төмен елдерде жас­тардың үштен бірі ғана интер­нетті пайдаланады, ал табысы ор­таша деңгейден жоғары ел­дерде интернетті жастар түгел пай­даланады. Ин­тернетті пайда­ла­нушылардың арасындағы ал­шақ­тық білім деңгейіне қарай ай­қын аңғарылады. Мәселен, ин­тернетті жоғары білімі бар адам­дардың 94 пайызы және орта білімі бар адамдардың 85 пайызы пайдаланады, ал орта білімі то­лық емес немесе бастауыш білімі барлар ортасында интернетті пай­далану деңгейі әлдеқайда төмен. 2030 жылға қарай әлем бо­йын­ша жал­пының интернетке қолы жетуі үшін шамамен 428 млрд доллар қажет болады екен. Есеп бойынша, инфрақұрылымға және кеңжолақты желілерді ор­натуға, ІТ технология саласын­да­ғы дағдыларды дамыту, контент жасау үшін тағы 40 млрд доллар қажет. Алдағы 15 жыл ішінде әлем­дегі жастардың жұмысқа ор­наласу қа­жеттілігін қанағат­тан­дыру үшін 600 мил­лион жұмыс орнын құру қажет. Соңғы 15 жыл ішінде жұмысы, білімі немесе кәсіби дайындығы жоқ жастар­дың (NEET сана­тындағы) үлесі жоғары болып қала береді және қазір бүкіл әлем бойынша жас әйел­дердің 30 пайызы және жас ерлердің 13 пайызы құрайды. Пандемия цифрлық теңсіздікті күшейтумен қатар жастардың еңбек нарығындағы қазіргі мәселелерін ушықтырды. 2020 жылы жұмыс істемейтін, білім алмаған және кәсіптік даяр­лықтан өтпеген жастар үлесі 23,3 пайызға дейін өсті, ал 2022 жылы 73 миллионға жуық жас азамат жұмыс таба алмаған (2019 жыл­мен салыстырғанда 6 миллионға көп). Цифрлық экономикада жас­тар­дың жұмысқа орналасу мүм­кіндіктерін құру бірқатар бағыт бойынша күш-жігерді талап етеді. Қолайлы саяси жағдай, қолжетімді байланыс пен халық­тың цифрлық дағды­ларының жеткілікті санын қамтамасыз ету. Қазір әлемде жастардың жұ­мыс­пен қам­тылуы құрылыс пен ақ­параттық-коммуни­кациялық технология секторында шоғыр­ланғанымен, тұтыну кеңейген сайын 2030 жылға қарай жұмыс­пен қамтудың ең үлкен салдары дистрибуция және бөлшек сауда секторларында байқалады. Осыдан туындайтын цифр­лық тәуел­ділік денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін. Мысалы, жас­тарға оқшаулау және каран­тин режимі кезінде отырықшы өмір сал­тының салдары, кибербуллинг және экран алдында өткізілетін уақыт күйзеліс әкел­ген. Жастар әлеуметтік медианы жаңалық­тың қайнар көзі ретінде жиі пайда­ланады, бұл жалған ақпаратты кең таратуға ықпал етуі ықтимал. БҰҰ деңгейінде цифрлық тең­сіздіктің жастар денсаулығына әсерін төмендету шешу үшін бір­қатар шара қа­былдануы мүмкін. Мысалы, ұлттық және халық­аралық деңгейде цифрлық плат­формаларда жастардың денсау­лығын қорғауға бағытталған заңнама қабылдауға болады. Болашақта жастардың цифр­лық тех­нологияны белсенді қолдануының жағым­сыз психо­логиялық салдарынан қорғану үшін цифрлық сауаттылық құрал­дарына кеңірек қол жеткізу қа­жет. Ата-аналардың сауатын ны­ғайту арқылы жастардың ин­тер­неттен сенімді медицина­лық ақпаратты табуына көмек­тесіп, қажетті цифрлық дағды­ларды дамытуға болады. Қазақстанда байқалып отыр­ған бұрын-соңды болмаған зият­керлік ренессанс мемлекеттің адами капиталға инвестиция­лауының арқасында пайда болды. Адами капиталдың жаңа сапасы жастардың өзін-өзі дамытуы мен өзін-өзі жүзеге асыруынан ғана өзінің шынайы ерекшеліктеріне ие болады. Қазір елімізде жас­тардың шамамен 6,5 пайызы білім беру және еңбек қызметіне тартылмаған. Жастардың жо­ғарғы жас шегі 35 жасқа дейін кө­терілуімен аталған көр­сеткіш­тің де артатыны белгілі. Жастар тұжырымдамасында қазіргі қа­лыптасқан жағдай толығымен сипатталғанымен, жоғарыда көтерілген цифрлық теңсіздікті еңсеру, цифрлық тәуелділіктің денсаулыққа кері әсері мен еңбек нарығындағы үлкен өзгерістер алдағы уақытта назардан тыс қалмауы керек. 2023-2030 жылдар аралы­ғында жастар саны 78 миллион адамға өседі. Бұл өсімнің жар­тысына жуығы табысы төмен елдерге тиесілі. Білім беру және оқыту жүйелері бұл сынаққа жауап беруі керек. Сондықтан Қазақстан Республикасы мем­лекеттік жастар саясатының 2023-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасында белгіленген «жастар үшін» парадигмасын «жастармен бірге» бағытына ауыстыру мақсаты жаңа мәнге ие болмақ. Өйткені жастармен бір­лесе отырып қана жастардың мә­селесін нақты шешуге болады. Елдегі жастардың қазіргі ахуалы мен болашақтағы болжанған өзгерістерді ескере отырып, бү­гінгі басты міндеттің бірі – алдағы сын-қатерлерге дайын болу.

Риззат ЕЛУБАЕВ, Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы