Медиасауат жалған ақпараттан қорғайды
Медиасауат жалған ақпараттан қорғайды
653
оқылды
Күнделікті тұрмыста әлеуметтік желідегі жазбалар, WhatsApp пен Telegram мессенджеріндегі хабарламалар, YouTube пен Тik-Ток-тағы видеолар секілді өте көп ақпаратты тұтынамыз. Оның ішінде жеңіл әзіл, пранк сияқты зиянсыз көңіл көтеретін жазбалар да кездеседі. Алайда осындай ағын «ақпараттың» арасында бұқараны дүрліктіру, алауыздық тудыруды, сенімсіздік ұялатуды көздейтін жалған ақпараттар легі де күшейіп келеді. Біз бүгін сарапшылардан осындай манипулияцияны анық­тап, жалған, фейк ақпараттардан қалай сақтану қажет екенін сұрап білдік. Фактчекингпен айналысатын ресурстар көптік етпейді Жалпы, күмәнді ақпарат немесе фак­ті­ні қаншалықты рас-өтірік екенін анық­тай­тын «фактчекинг» түсінігі бар. Ол жаңа медиаға дәстүрлі журналистикадан келген. Нақтылай кетсек, журналист этика ұста­нымы негізінде қолына түскен мәліметке объективті, тәуелсіз қарап, тексеріп алуы тиіс. Осылайша, шынайы ақпарат жасала­ды. Жалған ақпаратты тексеруші факт­чекер де осы ұстанымды басшылыққа алады. Пандемия тұсында журналистер, ре­дакциялар фактчекингпен айналысуына тура келді. Өйткені осы тұста жалған ақпараттар легі тұрғындарды алаңдатып, әбігерге салды. Айта кетерлігі, елімізде жал­ған ақпаратты анықтап, жоққа шы­ғарумен айналысатын Factcheck.kz және Stopfake.kz жобасы жұмыс істеп жатыр. Сарапшылар осындай ресурс көп болса, желіде таралған фейк ақпараттар легі бір­шама азайып, арыла бастайды деген ой айтады. Өйткені қастандық тео­риясы жанына жағатын әрі жалған ақ­параттың жетегінде кететін кейбір адам­дардың дәс­түрлі БАҚ пен мемлекеттік органдарға деген сенімі азайған. Тағы бір түйткілді мәселе, жалған ақпараттар құры­ғына тілшілердің өзі де түсіп қалып жа­та­ды. Өйткені жалған ақпаратты таратушы оны сендіру үшін барынша эмоцияға негіздеп әзірлейді. Айталық ,«туысым айтты, бауырым естіпті» деген сөз адамға жалған сенім ұялатады. Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы, фактчекер-журналист Думан Смақов БАҚ өкілдері эмоциялық қақпанға түсіп қалудан барынша сақтануы керек екенін алға тартады.
«Пандемия және постпандемия ке­зінде журналистер, редакторлар, редак­циялар фактчекингпен айналысуға кірісті. Онымен пандемияға дейін де әр журналист айна­лысуы керек еді. Ақпаратты тексеріп, жа­рияланған ақпаратқа верификация жасап қана қоймай, оған фактчекинг жасау – журналистің тікелей міндеті. Бірақ бұл сала елімізде, өкінішке қарай кенже қалып келеді. Тіпті, пандемия уақытында кейбір мемлекеттік БАҚ коронавирусқа қатысты жалған ақпарат немесе конс­пи­рологиялық теория таратып жатқанын көр­дік. Ол туралы айттық та, жаздық та», – дейді Думан Смақов.
Медиасауат жалған ақпараттан қорғайды Бұқараның ақпараттық сауатын арт­тыру қазіргі қоғамның міндеті болып отыр. Өйткені фейк, жалған ақпаратты әзірлеуші адам қоғамда алауыздық туды­руға ұмты­лады. Думан Смақов осы мә­селенің шешімі медиасауатты арттыру екенін алға тартады.
«Ол үшін медиасауат компоненттері мен құрылымдары бар оқулықты жоғары оқу орындары, мектептер, балабақшаларға енгізу керек. Егер мүмкіндік болған жағ­дайда «өзін-өзі тану» пәні секілді «медиа­сауат және ақпараттық сауат» деген пәнді енгізген дұрыс», – дейді Думан Смақов.
Фактчекердің айтуынша, бұл ең алды­мен жалған ақпаратқа иммунитетті ерте қа­лыптастырады. Оған бала жастан бастап тәрбиелеу керек. Бұл тұста ересектер – қа­рия­лар да көмекке мұқтаж екені құпия емес.
«Ересектерге арналған ақпараттық ро­ликтер, танымдық дүниелерді көбірек на­сихаттау керек. Бұл туралы көбірек тү­сіндіру керек. Жалған ақпарат қандай бо­латынын ескертіп, алаяқтар қалай әре­кет ететінін түсіндіретін телеарна, радио­ларда әлеуметтік роликтер, хабарлар бе­рілсе», – дейді ол.
Сүлейман Демирел атындағы универ­ситеттің аға оқытушысы, «Мінбер» жур­налистерді қолдау қорының жетекшісі Есенгүл Кәпқызы да медиасауат пәнін ең бірінші мектепте оқытылуын қолдайды.
«Бүкіл әлемде интернет келгеннен бері медиасауат жалған ақпаратпен күрестің бөлшегіне айналды. Ол арқылы адамдар ненің жалған немесе манипулияция екенін анықтай алады. Адамда ақпаратқа қатысты сыни көзқарас қалыптастырып, оны қабылдарда талдау пайымын үйретеді. Осыны біз ұдайы айтып жүрміз», – дейді Есенгүл Кәпқызы.
Алайда бұл бастамаға қарсы шығатын жандар да бар. Өйткені білім жүйесінің жүктемесі көбейіп кеткендіктен, ұстаздар қауымы кез келген жаңашылдыққа сақ­тықпен қарайды. Алайда ақпараттық дәуірде өмір сүріп жатқан адам үшін өзіне қажетті мәліметті екшеп алуда бұл білім аса маңызды әрі қажетті. Есенгүл Кәпқызының айтуынша, елі­міз­де осы пән кейбір мектептерде тәжірибе ре­тінде беріле бастаған. Алайда Батыстың бір­неше елінде ол көптен бері оқытылып жүр.   Дипфейк технологиясы лаңкестер қолына түссе, үлкен қаруға айналады Дипфейк (deepfake) дегеніміз – жа­санды интеллект адамның бет-әлпетіндегі қозға­лыс, қимылды, дауысты күмән ту­дырмай­тындай етіп жасап шығады. Кейбір адамдар әлеуметтік желіде жүрген дип­фейкке сеніп қалуы мүмкін, алайда оның жасанды екенін мамандар тез анықтайды. Бірақ ол жылдар өте келе жетіле түсіп, сапасы шынайы деңгейді басып оза ма деген қауіп бар.
«Алдағы 10 жылдықтың ең үлкен қатері дипфейктер деп бұрынырақта айтқанмын. Олардың сапасы төмен деуге келмейді. 2017 жылы жасалған дипфейкте көздің қарашығы қозғалмайтын. Қазір көздің қарашығы қимылдайды, мимика мен пантомимиканы анық береді. Бет-әлпеті түгел қозғалады. Оның сапасы күн өткен сайын артып келеді, қаупі де артып келеді. Өкінішке қарай, дипфейк жасау техно­логиясы – бұзақы­лардың, террористік топтардың, экстремис­тердің қолына түс­се, үлкен қаруға айналуы мүмкін. Мұны ескергеніміз жөн. Оған қарсы қоятын құ­рал жоқ, әзірге тек анықтайтын құралдар бар. Бірақ бұл құралдардың өзі 100 пайыз ке­пілдік бермейді. Сондықтан техноло­гия­лық алпауыттар дипфейкті анықтау және әшкере ету жолдарын көбірек жа­риялап жатыр. Дипфейктің басты артық­шылығы – жасанды интеллект көмегімен жасалаты­нында. Мұны да ақпараттық са­уатты артты­ру арқылы жеңуге және оның техно­ло­гиясын көбірек түсіну ар­қылы алдын алуға болады», – дейді Думан Смақов.
Фактчекер Қазақстанда дипфейкке қатысты кейсті кезіктірмегенін айтып өтті. Алайда ол желіде Ресей президенті Пу­тиннің, сол елдің беделді азаматтарының дипфейктері таралғанын жоққа шы­ғармады.
«Ресейге келген дүние жақын арада біздің елімізге де келеді деген сөз. Егер пре­зиденттің, министрлердің сөзін дип­фейк­пен жасайтын болса, бұл әрине қо­ғамдық, ақпараттық, ұлттық қауіпсіздікке үлкен қауіп төндірері анық», – дейді сарапшы.
Жалған ақпараттың салдары ауыр Есенгүл Кәпқызы жалған ақпарат­тың салдары ауыр болатынын әрі оның бетін қайтару оңай болмайтынын айтып отыр. Сарапшы мысал ретінде 2014 жы­лы ақпан айындағы банктерге қатысты қауесеттің қаншалықты зиян тигізгенін атап өтті. Еске сала кетсек, тұрғындар арасында Альянс банк, Kaspi Bank және Центр­Кредит банкінің бан­кротқа ұшы­рағаны жайлы қауесет тарап, соған сен­ген тұр­ғындар аталмыш банк­терден са­лымдарын жаппай қайтарып ала бастаған болатын.
«Мессенджерде таралған жалған ақ­парат салдарынан Қазақстанның тұтас қаржы саласына қауіп төнді», – деп тү­йіндеді Есенгүл Кәпқызы.
Оның екінші мысалы – халықтың ден­саулық қауіпсіздігіне қатысты еді.
«Пандемия кезінде конспирологияға бейім жандар «коронавирусты алпауыттар әдейі таратты, олар дәрі-дәрмектерін өт­кізуге мүдделі» немесе «ұшақпен не тік­ұшақ­пен у шашып кетті» дегенге қатты сенді. Оған көзі ашық сауатты адамдар, тіпті дәрігерлердің өздері де сенді», – дейді Есенгүл Кәпқызы.
Сол кезде тұрғындар коронавирус вак­цинасына сенімсіздікпен қарап, кей жер­лерде екпені салдырғаны жөніндегі мін­детті сертификаттарды сатып алуға кірісті.
«Бір дәрігер айтады: ауруханаға жалған сертификаты бар адам түседі. «Базада вакцина алған» деген мәлімет тұр. Сыр­қатты вакцина алған адамды емдеу хат­тамасына сай емдей бастайды. Алайда оның ауруы асқына түседі. Ол дәрігерлерді «дұрыс емдемей жатыр» деп кінәлайды. Тек өзінің екпе алмағанын туысына айтып, ол меди­цина қызметкеріне жеткізеді. Сол сәттен бастап оны емдеу хаттамасы «вакцина ал­маған сырқат» деп өзгертіліп, басқа әдіс­­пен емделеді де сырқат тез жа­зылып кетті», – дейді Есенгүл Кәпқызы. Яғни, осындай тео­рияға сенетін адам зар­дап шегіп, өзінің денсаулығына, өміріне қауіп төндірген.
Сарапшының ойынша, келесі үлкен қауіп – ол ұлтараздық алауыздық тудыру. Өйткені осындай кикілжің де жалған ақ­парат не манипуляция әрекеті салдарынан тез ушығып кетеді.
«Жалған ақпараттар көбіне мессенд­жерде туысқандар чаттары арқылы тез та­ра­лады. Сол кезде чатта «оған сенбеңдер, бұл – жалған» деп айтып отыратын ақпа­рат­тық сауаты бар адам керек», – дейді сарапшы.
Есенгүл Кәпқызы жалған ақпарат та­ратқандарға қылмыстық жауапкершілік бар еке­нін жадыдан шығармау керек екенін алға тартады. Қылмыстық кодекстің 274-бабы «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша 1 000 АЕК дейінгі мөлшерде айып­­пұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұ­мыстарына, не 400 сағатқа дейін қоғам­дық жұмыстарға тартуға не бір жылға де­йінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бо­с­тандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сөз соңында айтарымыз, жалған ақ­па­раттар ағынын әрбір адам өзінің ақ­параттық сауатын арттыра отырып ой те­зіне салып екшеп, эмоциясыз қабыл­да­маса, оның бетін қайтару, салдарын тоқ­та­туға беделді БАҚ, фактчекинг жоба­ларының қыруар еңбегі зая екеніне көзіміз жетті. Сондықтан гаджет және заманауи техноло­гия дамыған заманда медиасауа­тымызды да жетілдірген жөн.

Жәнібек АМАНГЕЛДІ