«Қаладағы асфальті сылынған Сланов, Хан Тәңірі, Байғожина, Лесная сынды көшелермен жүру мүмкін емес. Мұндай күйдегі көшелердің тізім ұзынсонар. Былтыр басталған жөндеу жұмыстары аяқталмады да, ой-шұңқырлар, кедір-бұдырлар қар астында қалғандықтан, кез келген уақытта көлігіңді құртып алуың мүмкін. Оны айтасыз, жазда жөнделген, қайта төселген жолдардағы су, жылу желілері тораптарының, құдықтарының қасынан да жаныңды шүберекке түйіп өтесің. Олардың жер бетіне шығатын бөлігінің айналасы дұрыс тегістелмейді, кейбірінің шойын қақпақтары ұрланған. Ашық-шашық жатады. Ұрынып қалсаң, көлігің де, өзің де оңбайсың. Мұндай жағдайды орталық көшелерде де байқауға болады. Ал қала маңындағы саяжайлардағы жағдай тіптен мүшкіл», – дейді көлік жүргізушісі Маман Мейрамбеков.Рас, күн ұзаққа бала-шағаның қамымен қаланың ана шетінен, мына шетіне баратын жүргізушінің бұл уәжімен келіспеске амалың жоқ. Жолдың жайын білетіндер соны жөндеуге жауаптылардың ақылға қонымсыз шешімдерін түсінбей дал. Талдықорғандықтар қар жауып, суық түскенде қаладағы көшелердің астымен өтетін жылу желілерінің кезек-кезегімен жарыла бастауына үйрене бастағандай. Өйткені мұндай жағдай жыл сайын қайталанады. Кейде ондай апаттан кейін жылу құбырын жөндеу жұмыстары бірнеше күнге созылады. Соның өзінде әп-сәтте тоң болып қатқан тоңды тегістеп, жолды қайта қалпына келтіру оңай емес. Содан соң да олар жазға дейін сол дәл осы олпы-солпы күйінде жатады. Былтыр облыс әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорған халқымен кездескенде:
«Қаланың жаңа шағын аудандары мен саяжайларда жол салу жұмыстары жалғасады. «Көктал», «Шығыс», «Оңтүстік-Шығыс», «Жастар-2» және «Шайқорған» шағын аудандары бойынша келер жылы құрылыс бастауға жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. 2023 жылы 48 көшеге күрделі жөндеу және «Үйтас», «Шайқорған», «Мерекелік» және «Агроөнеркәсіпші» саяжайларында 50 көшеге орташа жөндеу жүргізіледі. Бұдан бөлек, «Сарыбұлақ» және «Ащыбұлақ» саяжайындағы 29 көшеде қиыршықтас төсеу жұмыстарын қолға алынады», – дегені жұрт жадында.Сол жолы өңір басшысы қыруар қаржы жұмсалғанына қарамастан, орындалған жұмыстың сапасына қатысты арыз-шағымның көп екенін алға тартып, қала әкіміне қалаішілік жолдардағы құрылыс, жөндеу жұмыстарын ерекше бақылауға алуды тапсырған. Бірақ онысынан қорытынды шықты деп айтуға ауыз бармайды. Соған қарағанда жолға бөлінген қыруар қаржыны игеретін мердігерлер жауапсыз, олардың жұмысын бақылап, қабылдап алатын тапсырыс берушілер дәрменсіз.
Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Мәди Шәкенов «Дәл қазіргі кезде қала жолдарының 82 пайызы қанағаттанарлық, былтыр жоспардағы 84 көше бойынша жөнделуге тиісті болған 53,2 шақырым жолдың 72 көшесіндегі 45,4 шақырымы жөнделді. 20 көшеде 10,5 шақырым жаңа жол салынды», – дейді.Баспасөз хатшысының айтқанына қарағанда, жол жөндеуде мерзімнің сақталмау мәселесі бар. Шағын қала үшін 7,8 шақырым жолдың жұмысы шала-шарпы күйде, аяқталмай қалғаны жақсы емес. Келісімшарт бойынша міндеттемелерін орындамаған «Ярус», «Стройпроект-21» ЖШС сынды мердігерлерге қатысты материалдар сотта қаралып жатқан көрінеді. Биыл қала бойынша 67,3 шақырым жолды жөндеу және 18,3 шақырым жаңа жол төсеу жоспарланыпты. Оның қалай орындалары уақыттың еншісінде.
Болат АБАҒАН, Жетісу облысы