Туристер саны еселеп артты
Туристер саны еселеп артты
593
оқылды
Мәдениет және спорт минис­трлігінде алқа отырысы өтіп, онда 2022 жылдың қызмет қорытындысы шығарылды, 2023 жылға арналған мақсат-міндеттер айқындалды.
Министр Асхат Оралов ведомствоның туризм саласында жоспарланған іс-шараларымен бөлісті. Еліміздің туристік тартымдылығын арттыру үшін «Қазақ­стан­ның Гранд-турына» кіретін бес басым бағыт әзірленді. «Бұл қазірдің өзінде сұранысқа ие тартымды маршруттар. Бірақ олардың барлығы көптеген туристі қабылдауға дайын емес. Сондықтан министрлік әкімдіктермен бірлесіп ин­фрақұрылымды жақсарту және таңдалған бағыттар бойынша туристер үшін жағдай жасау, туризм саласы қызметкерлерін оқыту және олардың біліктілігін арттыру, туроператорлармен бірлесіп мақсатты нарықтарда турларды ілгерілету бойынша жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр», – деді министр.
Сондай-ақ ТОП-10 бағытта, оның ішінде Мемлекет басшысының Балқаш көлінде және Алматы облысының ұлттық парктерінде инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес, турис­тік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасады. Былтыр елі­міздің барлық өңірінде туристер саны артқан. Мысалы, Атырау облысына сая­хаттағандар саны 3,5 есе артса, әрбір төр­тінші турист Алматыға барған. Оң­түстік астана туристердің рекордтық са­нын – 1,2 миллионнан астам қонақ қа­былдады. 5 өңірде (Астана, ШҚО, Абай, Ақмола, Павлодар, Маңғыстау облыс­тары) өсім 60 пайыздан 75 пайызға дейін артты.
«Бұл бағытта мемлекеттік қолдау ша­ра­ларын іске асыруды күшейту, сондай-ақ кәсіпкерлер үшін пайызы төмен несиенің қолжетімділігін арттыруды пысықтау қажет. Өңірлердегі бизнес мемлекеттің қолдауын сезінуі керек. Үкіметтің эко­номикалық блогындағы әріптес­теріммен туроператорлардың жобаларына кредит беру мерзімін, сондай-ақ берілген несие бойынша субсидиялау лимитін ұл­ғайту мәселесін пысықтауды сұраймын», – деп тапсырды министр.
Асхат Оралов еліміздің тау шаңғысы курорттарына келген туристер саны 1,5 миллионға дейін өскенін хабарлады. Жыл сайынғы өсім – 20 пайыз. Осылайша, елдегі тау шаңғысы туристерінің саны жа­ға­жай демалушыларымен теңесті. Алай­да бүгінде жұмыс істеп тұрған ку­рорттарға жүктеме артуда. Мысалы, «Шымбұлақ» курортында мереке және демалыс күндері жүктеме өте ауыр – күніне 12,5 мың адам, ал оңтайлы жүктеме күніне 6 мың адам болуы керек.
«Мемлекет басшысы Алматы жұрты­ғымен кездесуде тау-шаңғы кластерін кешенді дамыту қажетін атап өтті. Сон­дықтан курорттарды аспалы жолдармен бір экожүйеге қосу, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған нысандарды кеңейту қажет­тілігі туындайды. Біз инвесторларға түрлі жеңілдік ұсынып, аспалы жолдарды, рат­рактар мен қар ататын зеңбіректерге кет­кен шығынның 25 пайызға дейін өтеуге ниеттіміз. Сонымен қатар, тау-шаңғы курортына қажет қармен жабдық­таудың тұтас жүйесіне де осындай өтеу тетігін қарастыру жоспарланып отыр», – деді ол.
Ведомство басшысы жаңа құрал – туристік кешбэк енгізуді ұсынды. Бағдар­ламаға сәйкес, ресми туристік агенттіктен жолдама сатып алған жағдайда азаматтарға тур құнының 20 пайызына дейін қай­тарылады. Демалушылармен қатар, жергілікті туристік компаниялар да же­ңіл­дікке ие болады. Мысалы, жаңа бағыт­тарға (Абай, Ұлытау облыстары) шығын­дар сомасының 20 пайыз қайтарылса, Алматы, Бурабай сияқты танымал бағыт­тарға кешбэк 10 пайыз болмақ.
Саяхатшы балалар да назардан тыс қалмады. Биыл Kids go free бағдарламасы шеңберінде елімізде тегін әуе сапарын пайдаланатындар саны 2 мыңға дейін артады. 2022 жылы 1 500 бала ұшақпен тегін ұшу мүмкіндігіне ие болды. «Бұл – от­басылық демалыс үшін қосымша мүм­кін­дік. Kids go free бағдарламасы туро­ператорлар үшін қолжетімді болды. Ба­ла­лар әуе билетін сатып алуды растау тізбесі кеңейтіліп, өтінім мен төлем қарау мерзімі қысқартылды», – деді Асхат Оралов.
Сонымен қатар А.Оралов министр­ліктің 2030 жылға дейін орындалуы қажет жаңа міндеттерін атап өтті. Бұл саланың жалпы қосылған құн көлемін ұлғайту, туризмді дамытудың жаһандық индексі бойынша рейтингті жақсарту, ішкі туризм және келуші туристер санын ұлғайту, сондай-ақ туризм саласында жаңа жұмыс орнын құру мәселелері күн тәрті­бінде қаралды.