Сенатордың қазасы: Гүлмира Кәрімованың өкілеттігі тоқтатылды
Сенатордың қазасы: Гүлмира Кәрімованың өкілеттігі тоқтатылды
Фото: senate.parlam.kz
536
оқылды
Бүгін Сенат отырысында 27 қаңтарда қайтыс болған депутат Гүлмира Кәрімованың өкілеттігі тоқтатылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Гүлмира Кәрімованың отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты.
«Конституцияның 52-бабы 5-тармағына сәйкес, Парламент депутаты қайтыс болған жағдайда оның өкілеттігі тоқтатылады. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясы Сенатқа тиісті ұсыныс енгізді», – деді Мәулен Әшімбаев.
Айта кетейік, 27 қаңтарда жаңадан сайланған сенатор Гүлмира Кәрімова қайтыс болды. Биыл 14 қаңтарда өткен Сенат сайлауында Солтүстік Қазақстан облысынан Жоғарғы палатаға депутат болып сайланған еді. ОСК Гүлмира Кәрімованы 25 қаңтарда сенатор ретінде тіркеген болатын. Гүлмира Райынбекқызы Кәрімова 1977 жылы 13 тамызда Петропавл қаласында дүниеге келген. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін, бастауыш сынып мұғалімі (1998); Көкшетау университеті, қаржы бакалавры (2008); Омбы мемлекеттік педагогикалық университетінде магистратура, педагогикалық білім (2016 ж.) мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Петропавл қаласы «Қалалық классикалық гимназия» ММ бастауыш сынып мұғалімі (1998-2001) болып бастаған. Сонан соң Петропавл қаласындағы «№20 орта мектеп» бастауыш сынып мұғалімі (2001-2002) болды. Петропавл қаласындағы «әл-Фараби мектеп-лицейі» ММ, бастауыш сынып мұғалімі (2002-2004); Петропавл қаласы «әл-Фараби мектеп-лицейі» ММ директорының бастауыш сыныптар жөніндегі орынбасары (2004-2006); Петропавл қаласы «әл-Фараби мектеп-лицейі» ММ директорының бейіндік оқыту жөніндегі орынбасары (2006-2010); Петропавл қаласы «№17 жалпы білім беретін орта мектеп-кешені» ММ директоры (2010-2013); «Петропавл қаласының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы (2013-2017); Солтүстік Қазақстан облысы Білім басқармасының басшысы (2017-2021). 2021 жылдың қыркүйегінен бастап Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы болды.