Қазақстанда жұмыс беруші заңда белгіленген жағдайларда қызметкердің жалақысынан ақша ұстап қалуға құқылы. Бірақ мұндай ұсталымның мөлшері мен тәртібіне нақты шектеулер қойылған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Павлодар облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы жұмыс берушінің қандай жағдайда қызметкердің жалақысынан ақша ұстап қала алатынын түсіндірді. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 115-бабына сәйкес, жалақыдан ақша ұстап қалу сот шешімімен немесе заңнамада көзделген жағдайларда жүзеге асырылады. Жұмыс беруші қызметкердің ұйым алдындағы берешегін өтеу үшін де белгілі бір соманы ұстап қалуы мүмкін.
Мәселен, қызметкер іссапарға берілген ақшаның жұмсалмаған бөлігін уақытында қайтармаса немесе шығындарын растайтын құжаттарды ұсынбаса, жұмыс беруші тиісті соманы жалақысынан өндіріп алуға құқылы. Сондай-ақ жалақы есебінен алдын ала берілген, бірақ жұмыс істеп өтелмеген аванс та қайтарылуы мүмкін.
Егер қызметкер жұмыс берушінің қаражатына оқып, еңбек шартын келісілген мерзімнен бұрын бұзса, оқыту шартының талаптарына сәйкес шығынның жұмыс істелмеген уақытқа пропорционалды бөлігі ұсталады. Еңбек демалысын ауыстыру немесе қызметкерді демалыстан кері шақыртып алу кезінде де заңда көзделген ұсталымдар жүргізілуі мүмкін.
Басқа жағдайларда жалақыдан ақша ұстап қалу үшін қызметкердің жазбаша келісімі қажет. Жұмыс беруші ұсталым туралы қызметкерді хабардар етуге міндетті. Заң бойынша бірнеше атқарушылық құжат негізінде немесе Еңбек кодексінің 115-бабында көзделген жағдайларда ай сайынғы ұсталым қызметкерге тиесілі жалақының 50 пайызынан аспауға тиіс. Демек жұмыс беруші қызметкердің еңбекақысын өз қалауынша қысқарта алмайды. Әрбір ұсталымның заңды негізі болуы қажет.
