«Қазгидрометтің» 2026-2027 жылдарға арналған маусымдық консультативтік болжамына сәйкес, желтоқсанда Қазақстанның барлық өңірінде орташа ауа температурасы климаттық нормадан шамамен 2 градусқа жоғары болады деп күтіледі. Қаңтарда еліміздің басым бөлігінде температура нормадан 1-2 градусқа жоғары болғанымен, Атырау облысында климаттық норма шамасында болады деп болжанып отыр.
Дегенмен маусымдық болжам қыс бойы ауа райы тұрақты болады дегенді білдірмейді. Температураның күрт өзгеруі, екпінді жел, тұман, көктайғақ және қарлы боран болуы ықтимал. Сондықтан қысқа дайындық тек ауа температурасына емес, әртүрлі ауа райы жағдайында коммуналдық жүйелердің үздіксіз жұмыс істеуіне бағытталуға тиіс. «Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС директорының орынбасары Елдос Пазыловтың айтуынша, Атырауда 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жаз айларынан басталған.
– Қаладағы 1 174 көпқабатты тұрғын үйдің 1 025-і орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Олардың барлығы гидравликалық сынақтан өткізіліп, жылыту маусымына дайындалды. Ал жеке қазандықтардан жылу алатын тұрғын үйлердің жүйелерін 27 қызмет көрсетуші ұйым өз қаражаты есебінен тазалап, шаю және қысқы пайдалануға әзірлеу жұмыстарын жүргізді. 1 қазаннан бастап әлеуметтік нысандарға, 7 қазаннан бастап орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған тұрғын үйлерге жылу берілді. Ықтимал ақауларды жедел жою үшін апаттық қалпына келтіру бригадалар құрылды, – деді ол.
Жылу жүйесінің сенімділігі тек қазандықтардың жұмысына емес, оны тұрғындарға жеткізетін құбырлардың жағдайына да байланысты. Осыған орай қалада жалпы ұзындығы 6,9 шақырым жылу құбырын ауыстыру жұмыстары қолға алынған. Жобаның жалпы құны – 481,2 млн теңге. Мердігер ретінде «Industry 2050» ЖШС анықталған.
Елдос Пазыловтың айтуынша, жаңарту жұмыстары Алмагүл шағынауданында, Канцев және Бейбарыс көшелерінде, Нұрсая тұрғын алабында жүргізілуде. Сонымен қатар «Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС қарауындағы 13 жылу бекетін жөндеу және сынақтан өткізу жұмыстары жүргізілді. Тұлпар-1, Болашақ және Нұрсая тұрғын алаптарындағы жылу бекеттеріне төрт жаңа қазандық сатып алу жоспарланған. Бұдан бөлек, 13 жылу бекетіне газ есептегіш құралдарын орнату көзделген.
Қалада тұрғын үй кешендерінің инженерлік желілерін түгендеу және коммуналдық меншікке қабылдау жұмыстары да қатар жүріп жатыр. Қазір 26 тұрғын үй кешеніне мониторинг жүргізілуде. Тексеру барысында «Самал Таун», «Абырой», «Фемили» және «Мальтийский дворик» кешендеріндегі инженерлік инфрақұрылымның бірқатар мәселесі анықталған. Осыған байланысты қазандықтар мен кәріздік сорғы стансаларын жөндеуге қажетті құжаттар әзірленіп, конкурстық рәсімдер басталған.
Жалпы, алдағы қыс салыстырмалы түрде жылы болуы мүмкін. Дегенмен ауа райының құбылмалы сипаты коммуналдық инфрақұрылымға түсетін жүктемені жоққа шығармайды. Сондықтан жылу желілерін жаңарту, қазандықтарды дайындау және инженерлік нысандарды ретке келтіру жұмыстарының маңызы зор.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Атырау облысы
