Екі күннен кейін иттің көмегімен табылған 10 жастағы баланың тағдыры шешілді – прокуратура
Екі күннен кейін иттің көмегімен табылған 10 жастағы баланың тағдыры шешілді – прокуратура
Фото: ІІМ-нен алынды
2,210
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында екі тәулік бойы із-түзсіз кетіп, бос тұрған үйден табылған 10 жастағы балаға қатысты тергеу жүріп жатыр. СҚО прокуратурасының мәліметінше, баланы асырап алған ерлі-зайыпты ұрып-соққан. Жәбір көрген бала үйден қашып кеткен. Денесі көгерген бала қазір аудандық ауруханада ем алып жатыр. Өмірі мен денсаулығына төніп тұрған қауіп жоқ. Баланың денесіндегі жарақат ҚР ҚК-нің 140-бабы 2-бөлігі «Кәмелетке толмағанды тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындамау» бойынша сотқа дейінгі тергеуге түрткі болды. Аудан прокуратурасының мұрындық болуымен патронаттық тәрбиелеу туралы шарт тоқтатылды. Кәмелет жасына толмаған баланы ата-анасының қамқорынсыз қалған жетім балаларға арналған білім мекемесіне орналастыру туралы шешім қабылданды. Баланы тиісті тәрбиелемеудің бұл дерегі қадағалау органы өкілінің қатысуымен аудан әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері бойынша комиссияда қаралды. Бұл істі егжей-тегжейлі тексеру үшін прокуратура, қамқоршылық орган және білім басқармасы өкілдерінен жұмыс тобы құрылды. Айта кетейік, СҚО Уәлиханов ауданында 10 жасар бала жоғалып кетіп, тек екі тәуліктен кейін бос тұрған үйден табылды. Полиция баланы иттің көмегімен тапты. Бала 2017 жылы 3 жасында балалар үйінен отбасына патронаттық тәрбиеге берілген.