«Қазақ» газетін үлгі етіп, отандық журналистиканы жаңғыртуымыз керек – Қайрат Сақ
«Қазақ» газетін үлгі етіп, отандық журналистиканы жаңғыртуымыз керек – Қайрат Сақ
956
оқылды
Қазақ елі Ұлт ұстазы деп айрықша құрмет тұтқан алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аса мәртебелі халықаралық ұйым ЮНЕСКО шешімімен өткен жылы жоғары деңгейде аталып өтті. Бар саналы ғұмырын ұлт жоғын түгендеуге, мың өліп, мың тірілген қаймана қазағының қамын жеп, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей, күреспен өткізген, сол арқылы ұлтты сүюдің хас үлгісін көрсеткен аса көрнекті мемлекет һәм қоғам қайраткерін қалай ұлықтасақ та жарасады. Әсем қала Алматыда және туып-өскен жерінде ескерткіштер тұрғызылды. Қостанай қаласындағы әуежайға есімі берілді. Астана қаласында басталған мерей­той­лық жиын туған жері – Торғайда, тәуелсіз Қа­зақстанның бесігі – Алматыда, Түркі дү­ниесінің рухани астанасы – Түркістанда, ЮНЕСКО ұйымының штаб-пәтері ту тік­кен – Париж шаһарында, екі құрлықты алып жатқан рухы биік қала – Стамбұлда жал­ғасын тапты. Байтағымыздың түкпір-түк­пірінде жүздеген шара ұйым­дас­ты­рыл­ды. Мұның бәрі – жақсылықтың бас­тауы ғана. Патшалық Ресей монархиясы ізі­­­не түсіп, бірнеше қайыра абақтыға жап­­қанмен, ұстаған жолынан айныта ал­ма­ған, Кеңестік қызыл империя түрмеге то­ғытқанды аз көріп, қаскөйлігін асырып, ату жазасына бұйырғанмен, ізін де, үнін де өшіру­ге шамасы жетпеген алып тұлғаның құр­мет-даңқы ендігі жерде артқаны-арт­қан. Қазақстанның барлық елді мекенінде есі­мі ардақталып, ауыл, аудан ғана емес, мәр­тебесі биік қалаға аты берілетін күн ал­да. Тіпті, бір облысқа Ахмет есімін бер­сек те әбден жарасады. Ол күн де туар. Мұ­ның бәрі ұлт мұраты жолында бақилық болған Ахмет Байтұрсынұлына емес, оның өнегелі жолын жалғайтын ұрпақ тәрбиелеу үшін керек. Сол мақсатта жасалуға тиіс. Осы орайда, тың ой туындамай қоймайды. Ақаң­ды құрметтеудің ең жарқын үлгісі сол болар еді – ұлт ұстазының қазақ елін сақ­тап қалумен қоса, азат елді көркейту жо­лындағы ұлы мұраттарын күн құрғатпай жү­зеге асыру қажеттігі. Ел аузында қанатты сөз болып қалған Ақаң өсиеттері өте көп. Бә­­рін тізіп шығу ұзақ уақытты және көп орын алады. Теңіздің дәмі тамшысынан бі­лінеді демекші, бір-екеуін есіңізге салсақ та, оған көзіңіз айқын жетеді: «Сөзі жоғал­ған жұрттың өзі де жоғалады», «жер мәсе­ле­сі – алты миллион қазақтың (өткен ға­сыр­дың басындағы санымыз сондай) тірі, я өлі болу мәселесі», «тарихсыз ел та­мырсыз ағаш секілді, құлауға шақ тұрады» деген Ахаң сөздерінің растығын еліміздің тауқыметі мол қилы тағдыры айқындап ке­леді емес пе? Оған терең талдау жасау – өз алдына жеке әңгіме арқауы. Бұл жолғы әңгіме етпегіміз – қазақ тәуелсіз жур­на­листикасының теориялық та, тәжірибе жү­зінде де негізін қалаған Ахмет Бай­тұр­сынұлының БАҚ-тың қоғамдағы орнын айқындап қана қоймай, оны іс жүзіне асырудағы ерен еңбегі мен жарқын жолын үлгі етіп ұсыну. Тегінде, «тарих спираль секілді өрі­леді» деген тәмсіл рас болып кө­рі­неді. ХХ ғасыр басы мен ХХІ ғасырдың ал­­­ғашқы жиырма жылындағы ұқсастықтар соған мегзейді. Өткен жүзжылдықтың та­б­алдырығынан қазақ қалай қиналып ат­таса, мына ғасырдың алғашқы жиырма жылын да ауыр еңсергені көз алдымызда. Қазіргі шиеленісуі өршіп тұрған геосаяси жағдай, еліміздің күрделі кезеңді бастан кешіп жатуы ХХ ғасыр басындағы тарихи ахуал­ды еске түсіреді. Қазақ халқының тағ­дыр талайы қыл көпірдің үстінде тұр­ған кезде алаш қайраткерлері шарқ ұрып жол іздегені секілді, бүгін де ел зиялылары Қа­зақстанның даму жолын айқындау қа­мын­да бас қатыруда. Айырмашылығы – ол кезде бодандықта болсақ, қазір азат елміз. Бірақ бостандық жемісін көрмеген халық көңі­лі толқулы. Өткен жылғы қаңтар қа­сіреті – соның айқын айғағы. Тарихтан сабақ алу – дамыған елдерден үйренетін жол. Қателікті қай­талау – ел болашағын қауіп-қатерге бай­лау. Оған жол беруге болмайды. Осы жер­де еліміздің Қаңтар қасіретіне ұшы­рауы­на себеп болған қателіктерге терең тал­дау жасап, түсіну арқылы түзетуге қам жа­сау аса маңызды екенін айтпауға бол­май­ды. Ел тәуелсіздігінің алғашқы отыз жы­лында қол жеткізген жетістіктерімізбен қо­са, жіберілген кемшіліктеріміз де аз емес­тігі туралы кейінгі бір жылда мәртебелі мінберлерден айтыла бастауы – жақсы­лық­тың бастауы. Бұл туралы Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Қа­зақстан халқына үндеулері мен жол­дау­ларында терең талданып, Қазақстанда сая­си реформалар мен экономикалық өз­герістер қажеттігі ашық айтыла бастауы ха­лықтың үміт отын тұтандырып, көптің көңіліне медет болуда. Ел Президентінің сайлауалды бағдарламасында айтылған: «Мемлекетіміздің қай саласын алып қара­сақ та, жүйелі қателіктерге жол берілгенін көреміз. Ендігі жерде соларды түзетумен жүйе­лі түрде айналысамыз» деген жүрек­жар­ды сөзі Әділетті Қазақстанның басты ба­ғыты болып, іс жүзіне асса игі. Біздің пайымымызша, жіберілген «жүйелі қателіктің» бірі – ел ара­сын­да «төртінші билік» аталып кеткен жур­­налистиканың қазіргі мүшкіл жағ­дайына қатысты. Дамыған ел­дер­де солай бол­ғанмен, Қазақстанда жур­налистика «төр­тінші билік» болудан қал­ғаны қашан. Одан халық қана емес, билік тар­мақтары да ұтылыста екенін уақыт дәлелдеуде. Бү­гінде қазақстандық БАҚ өзі­нің класси­ка­лық функциясын атқара ал­май отырғаны жа­сырын емес. Түсінікті тіл­мен айтқанда, ха­лық пен билік ара­сын­дағы көпір қыз­ме­тіне қол жеткізе алмауда. Со­ның салдары­нан халықтың сөзі билікке, би­ліктің сөзі халыққа жетпей, арасы ажы­рап тұрғаны ащы болса да, шындық. Қазіргі қа­зақстан­дық газет-журналдар мен радио жә­не те­леар­наларды бұқаралық ақпарат құра­лы­нан көрі топтық ақпарат құралы де­сек, шын­дыққа жанасады. Өйткені мил­лион­дық аудиториясы жоқ баспасөз бен элек­тронды ақпарат құралын қалай бұқа­ра­лық дей аламыз? «Олардың аудиториясы не­ге аз?» деген сұрақ туындайды осы арада. Ол жүйе­лі зерттеуді, ғылыми талдауды қа­­жет ете­ді. Өкінішке қарай, онымен ай­на­­лысып жат­қан тірі жан жоқ бізде. Дамы­ған ел­дер­дің трансұлттық сипатқа ие бұ­қаралық ақ­парат құралдарында арнайы тап­сырыс­пен аудиторияны зерттеу үшін ға­лымдар тобы қызмет етеді. Ал бізде оны ой­лап, тәжірибеге енгізуді көздеп отырған БАҚ жоқ. Өйткені оған қаржы қарасты­рыл­­­ма­ған оларда. Тегін тер төккенге еш­кім­­нің құлқы болмайтындығы бесенеден бел­гілі. Со­ның кесірінен бұқарасы жоқ қа­зақ­стандық ақпарат құралдары ақ­па­рат­тық бәсекеде жеңіліс табуда. Олардың на­рықтағы орнын әлеуметтік желілер жау­лап алуда. Ал ол еліміз үшін өте қауіпті. Өйт­кені әлеуметтік желі – қару. Оны ойлап тап­қандар қазақтың қамын ойлап жасады дей­сіз бе? Олардың көкейлерін тескендері – байлық пен билік. Әлеуметтік желінің арғы жа­ғын­да кім, қандай мақсат көздеп отырғанын бі­ліп болмайсыз. Бұқараны солардың же­тегіне жіберу қасқырға қой бақтырғанмен бірдей. Кешегі қаңтар қырғыны соны дә­лел­деп берді емес пе? Ендеше неге жіберіл­ген қателіктен сабақ алып, оны түзету қамына күн құрғатпай кіріспеске? Журналистика теориясы мен тари­хын зерттеуші ғалым ретінде ұсы­натын жолымыз біреу. Ол – мен ойлап тап­қан дүние емес, ұлт ұстазы, қазақ тәуел­сіз журналистикасының теориясы мен тә­жірибесінің негізін қалаушы Ахмет Бай­тұрсынұлының дара жолы. Алаш ар­дақ­тысының «газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ һәм тіл қандай керек болса, халыққа газет – сондай керек дү­ние» деген тұжырымын барлық бұқара­лық ақпарат құралына қатысты деп қабыл­дап, құнды пікірге құлақ асатын кез туды. Мұ­ны ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев­тың «халықтың үніне құлақ асатын мем­лекет» тұжырымымен үйлесетін жол деп қарастыруға болады. БАҚ – халықтың көзі, құлағы һәм тілі болса, журналистер соған қызмет етсе, ал билік халықтың үнін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы естіп, БАҚ-тағы сыннан шұғыл қорытынды шы­ғарып, нақты шешім қабылдап отырса, онда журналистердің де, биліктің де бұ­қара алдындағы сенімі мен беделі артып, БАҚ аудиториясы еселеп өсуші еді. Ол өз ке­зегінде біртіндеп халықтың әлеуметтік же­ліден БАҚ-қа ауысуына ықпал етіп, да­мыған елдердегідей ақпараттық жүйенің қа­лыптасуына, дәлірек айтқанда, ұлттық ақ­параттық қауіпсіздіктің қамтамасыз еті­луіне жетелейтін жүйе қалыптастырушы еді. Өкінішке қарай, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген 30 жылда БАҚ кімге қызмет етуі керек деген сұраққа жауап берілмей ке­­леді. «БАҚ туралы» заңымызда жур­на­лис­тердің функциясына қатысты бап жоқ. Соның салдарынан БАҚ бұқараға қызмет етпей, байлық пен биліктің қолжаулығына айналып тұрған жайы бар. Журналистердің халық алдындағы құрметі мен беделінің құл­дырап бара жатқанының себебі де сол. Ол – елдігімізге сын, мемлекеттігімізге төніп тұрған қауіп. Өйткені мемлекеттегі әр билік тармағының, соның ішінде «төр­тінші биліктің» дербестігі мен халыққа толыққанды қызмет етуін қамтамасыз етпесек, онда елде тоқырау болатынын, оның соңы бүліншілікке ұшырататынын тарих деген дана қарт сабақ етіп келе жатқан жоқ па? Кеңестік қызыл импе­рия­ның айдың-күннің аманында жалп етіп құлап, «мәңгілік мызғымас» одақтың тарап кетуінің бір сыры сонда жатқаны айтпаса да түсінікті. Алысқа бармай-ақ, кешегі қаң­тар қасіретінен сабақ алсақ болар еді ғой. Егер БАҚ халықтың сөзін сөйлеп, сойылын соғып отырғанда ол қасіреттің алдын алып, көп мәселені қан төккізбей шешуге болу­шы еді. Бетін аулақ қылсын, алда ондай жағдай қайталанбайтынына кім ке­піл? Оны болдырмаймыз десек, сал­да­ры­мен күресуден бұрын себебін тауып, қа­телікті түзетумен айналысқан дұрыс емес пе? Кеңес заманында БАҚ «коллективті үгіт­ші, коллективті насихатшы және кол­лек­тивті ұйымдастырушы» функциясын ат­қарды. Лениндік методология соны заң­дастырды. Кез келген бұқаралық ақпарат құра­лы коммунистік партияның органы бо­­лып бекітілді. Сол се­бепті ком­му­нистік пар­тияның үгітшісі, на­сихат­шысы және ұйымдас­тыру­шысы қызметін ат­қарды. Бір партия­лық жүйе елді тоқы­рауға әке­­­ліп тірей­тінін кеңес дәуірі дәлелдеді. Бұдан шы­ғатын қо­ры­­тынды, БАҚ-тың кім­ге қыз­мет етуі ке­рек екенін айқын­дау маңыз­ды­лы­ғы туады. Қазақстан тәуел­сіз­дігін алысымен осы мә­селе шешімін табуы тиіс еді. Бірақ олай бол­мады. БАҚ-тың функ­циясы туралы сұ­рақ­­қа осы уақытқа дейін жауап бе­ріл­мей ке­леді. Соның сал­да­ры­нан БАҚ-ты көрін­ген көк етікті өз мүддесіне пай­да­лану етек ал­ды. Қойшы көп болса, қой арам өле­­дінің ке­бін кидік. Атың шық­паса, жер өрте де­мек­ші, БАҚ-ты құлқы­ны­ның құ­лына ай­нал­дыру­шы­лар кө­бейді. Жур­на­лис­тика­ның қо­ғам­да­ғы орнын, жол бас­тау­шылық қа­сие­тін, қозғаушы күш еке­нін, соған байланыс­ты жауап­кершілік жү­гі ауырлы­ғын же­тік біл­мейтіндер БАҚ ме­неджеріне дейін кө­теріліп алды. Өз­де­рі­нің ада­сып жүр­ген­деріне қара­мас­тан, елді шатастыру­шы­­лар­­дың қарасы көбейді. Тіп­ті, жур­налистерді арнайы оқы­тудың қажеті жоқ дей­тін­дер шықты. Азуын айға біле­ген Аме­рикада, кәрі құрлық Еу­ропа­да, Азия­ның алыбы Жапонияда жур­на­листика мамандары арнайы даярлана­ты­ны­нан бейхабар әлдекімдер еліміздің жо­ғары оқу орын­дарындағы журналистік білім беретін кафедра, бөлім, факультет­терді жауып тас­тау керек деп кеуде соғатын болды. Ерін­бе­ген етікші болатын сала жур­налистика емес екенін олар қайдан білсін? Жур­на­листік жауапкершіліктен жұрдай, оқу-тоқуы жоқ, тамыр-таныстықпен жұ­мысқа тұрып алған, шалажансар сондай жан­дарға қарап «Журналисің осы ма?» деп түңілу бай­қалады қоғамда. Мұның арты жақ­сы­лыққа апармайды. БАҚ-ты тазар­та­тын, алаш зиялыларының жолын жалғай­тын жур­налистермен қамтамасыз ететін уақыт жет­ті. Қоғам сондай журналистерге зәру. Біз мамандарды солай даярлауға құ­лық­тымыз. Үлгі іздесек, алысқа барудың қажеті жоқ. Алаш оқығандарының күш бі­рік­тіруімен 1913 жылы Орынборда жа­рық көрген, алты жылға таяу ғұмырында, шын мәнінде, халықтың көзі, құлағы һәм тілі бола білген, бодан қазақты оятып қана қой­май, азаттық жолындағы ұлы күреске бір жұдырық етіп жұмылдыра алған, ұлт етіп ұйыстырып, бұқаралық сананы ке­мін­де елу жыл ілгері оздырған, биыл 110 жылдығы аталып өтуге тиісті «Қа­­зақ» газетін үлгі етіп, отандық бұқара­лық ақпарат құралдарын сол жолға қайта салсақ, тақиямызға тар келмес еді. БАҚ-тың халықты тәрбиелеу, білім берушілік, мәдениет көтерушілік, таным мен талғам­ды өсіру қызметтері туралы айтсақ, «Қазақ» газеті – дара мектеп. Ахмет Байтұрсынұлы­ның 50 жылдық мерейтойына арнаған ұлысымыздың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің портретті очеркі соған айқын айғақ: «Қазақ» газетінің сүтін еміп өскен бір буын осы күнде пікір-білім жолында бұғанасы бекіп, іс майданына шығып отыр­са, кейінгі жас буын Ақаң салған өрнекті біліп, Ақаң ашқан мектепті оқып шық­қалы табалдырығын жаңа аттап, ішіне жаңа кіріп жатыр. Ақаңның бұл істеген қыз­меті – қазақтың ұзын тарихымен жал­ғасып кететін қызмет, істеген ісімен өзіне ор­натылған ескерткіш – мәңгілік ескерт­кіш. Қазақ жастарының ардақты тәрбие­ші­сі Ақаң сөйлегенде менің есіме «Қазақ» газетінің әуендері түседі. Біз ол күнде мек­теп ішінде жүрген бала едік. Бірақ пат­ша саясаты темір бұғаудай мойынға батып, қазақ жұртын әлсіретіп, «кедейді шалапқа мас қылып, байды қымызға мас қылып», елдігін жоғалтып бара жатқанын тұманды оймен сезуші едік. Көмескі жауы қазақтың бесіктегі баласының көзіне де елестегендей еді. Сол уақыттарда «Қазақ» газетінің беті­нен анда-санда оқып отырған әсерлі анық сөздер қауіптің пішінін айқын қылып көрсетіп, мектептегі жас балалардың сезімін түзу жолға беттеткендей болушы еді. Жас буынның жаңа туып келе жатқан әлсіз ойын «жол мұндалап», жетегіне алып бара жатқандай байқалушы еді. Мектептегі сабағын оқымайтын бала «Қазақ» газетін көрген жерде қадалып тұрып қалатын. Бөтен қалада қыр есіне түсіп, елін ойлап жүр­ген балаға «Қазақ» газеті ауылынан келген сәлемдемедей болатын, ел басына кел­ген бәленің атын білмей, түсін таны­маса да, елі мінген еспесі жоқ қайықты теңіз­дің ішінде жылжытып бара жатқан жел мен қүйынның бар екенін оқып жүр­ген бала да сезетұғын. Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына дейін түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жи­ғыз­ған «Қазақ» газеті болатын. Ол газеттің жа­ны кім еді? Ішіндегі қажымай­тын қай­рат, кемімейтін екпін кімнің екпіні еді? Ол екпін, ұйықтаған қазақты айқайлап оятуға заман ерік бермеген соң, маса болып қалай ызың­дап оятамын деп, ұзақ бейнетті мой­нына міндет қылып алған Ақаңның екпіні болатын» деген жолдар сол жайынан сыр шертеді. Нарықтық экономикаға бейімделу жағынан да Ахмет Байтұрсынұлы бас редакторы болған газет үлгі бола алады. Монархиялық Ресей билігінен бір рубль (сол тұстағы қазақ ақшасы) алмақ тұрмақ, керісінше салығымен қоса, бірнеше мәрте айып сомасын өтеп беріп, шаш етектен шығынға батқанына қарамастан, өзін-өзі толық қаржыландырған, тіпті үстінен табыс тауып, білім қуған қазақ жастарына жолақысы мен шәкіртақысын төлеп беріп, қамқорлығына алған басылым өнегесін үлгі етіп неге ұстанбасқа? Оған қол жеткізу үшін «Қазақ» газеті басқармасы оқырман­дарымен жанды байланысты жолға қойған. Әр оқырманының жүрегінен жол таба білуі жылдан-жылға таралымының еселеп ар­туынан анық байқалады. Халық қолдан-қолға асырып, іздеп жүріп оқитынын көрген кәсіпкерлер өз жарнамаларын, түрлі хабарландыруларын соған жария­лауға асығуы да табыс көзі болғаны тәнті етеді. Сонымен тоқтап қалмай, «Азамат» серіктігін құрып, қазіргі тілмен айтқанда, Акционерлік қоғам ашып, қосымша ин­вестиция тартып, қазақ тарихында тұңғыш баспахана сатып алған тәжірибелерін үй­ренсек қане? Медиа маркетинг, медиа менед­жмент дегеннің хас үлгісін көрсеткен басылымнан үйренеріміз көп. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, қорыта айтқанда, халқымыздың ХХ ғасыр басында айырылып қалған төл атауын қайтару қамында және патшалық Ресей монархия­сының бөлшекте де билей бер саясаты салдарынан рулық-тайпалық санамен уланған, бірі-бірімен жауласып, тоз-тозы шыққан қазақты бір ұлт етіп біріктіру, ұйыту мақсатымен алаш қайраткерлері шы­ғарған «Қазақ» газетінің өнегелі жолын үлгі етіп, отандық журналистиканы жаңғыртатын, дербес әлеуметтік институт, шынайы төртінші билік деңгейіне көтере­тін уақыт жетті дегіміз келеді.

Қайрат САҚ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, алаштанушы