Жасөспірімдер үйіне барды
Жасөспірімдер үйіне барды
356
оқылды
Таяуда Facebook әлеуметтік желісінде Гүлайым Марторано атты азаматшаның Орал қаласындағы «Шаңырақ» жасөспірімдер үйі жөнінде, ондағы сақталмаған тазалық мәселесі, ата-ана қарауынсыз қалған жетім балалардың жай-күйі туралы жазбасы жарық көрген болатын. Аталмыш пост Nur Otan партиясы өкілдерін елең еткізбей қоймады. Nur Otan партиясы жанындағы Отбасы, әйелдер мәселелері және ба­лалардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңестің және партияның «Бақытты отбасы» жобасы аясында об­лыстық партия филиалындағы партия­лық бақылау комиссиясының мүшелері, қалалық мәслихаттағы Nur Otan пар­тиясы депутаттық фракциясының мү­шелері, қалалық тұрғын-үй комму­нал­дық шаруашылық бөлімінің қызметкер­лері және т.б. жасөспірімдер үйінің жағдайымен танысып қайтты.
– Әлеуметтік желіде жазылған ақпа­раттың анық-қанығын зер салып анық­тау үшін арнайы уақыт бөліп, мәселенің мән-жайымен танысу керек. Біз «Ша­ңырақ» жасөспірімдер үйіндегі жағдай­ды білу үшін осы жерге келдік. Шы­нында, мұнда жағдай мүлдем басқаша. Жоғарыда айтылғандай санитарлық тазалықтың сақталмауына бірінші кезекте сол жерде тұрып жатқан адамдар ғана кінәлі. Аядай бөлмені айнадай етіп, тап-таза қылып отырған отбасылар да бар. Ал кейбір тұрғындар есігін аш­пады. Біз келеңсіздік орын алмас үшін барлық жайтты бақылап, тексеріс жүр­гізіп отырамыз. Қолдан келгенше, жағ­дай­ға қарап, әкімдікпен бірге көмек көрсетуге әзірміз, тек барлығы заң ая­сын­да болуы керек. Осыған дейін де пар­тия назарында және облыс әкім­дігінің бақылауында болып келген жасөспірімдер үйі алдағы уақытта да назардан тыс қалмайды, – деді Саяси жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Нұралы Ажар.
Сөз соңында Nur Otan партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиа­лының партиялық бақылау комиссия­сы жағдайды бақылауда ұстайтынын айтты.   Әбілмансұр ЖАСАН