Сенаттың әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары Ақмола облысындағы «Бозоқ» ұлттық саябағы аумағындағы құрылыс жұмысының барысымен танысты.
Адамгершілік құндылықтар мен тарихи-мәдени мұраны сақтау және ілгерілету – Сенат депутаттарының жұмысындағы басымдықтың бірі. Осы орайда комитет төрағасы Нұртөре Жүсіп ұлтымыздың мәдени және тарихи мұрасы мемлекет дамуының маңызды құрамдас бөлігі екенін, ал көне «Бозоқ» қалашығы сияқты нысандар дала өркениеті мәдениетінің қалыптасу және даму тарихын көрсететінін атап өтті.
Ғалымдар кездесу барысында көне Бозоқ қалашығын жаңғырту және хронологиялық 5 тарихи кезеңді бейнелейтін археология ескерткіштерінің түпнұсқалығын сақтай отырып, Ботай, сақтар, ғұндар мен түріктердің тарихи кешендерін қалпына келтіру – жобаны іске асырудың негізгі мақсаты екенін атап өтті. Ұлттық саябақ жұмыс істеп тұрған кезінде ежелгі қоныстарда материалдық емес мәдени мұра бөліктері негізінде мәдени-білім беру іс-шараларын өткізу жоспарланып отыр.
Сенаторлар өз кезегінде «Бозоқ» ұлттық саябағы еліміздің туристік картасындағы тартымды орынмен қатар, ғылыми-шығармашылық жобаларды жүзеге асырудағы маңызды алаңға айналуы тиіс екенін айтты.