68 мың кітапты тауысқан жігіт
68 мың кітапты тауысқан жігіт
Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы Тастұмсық ауылында Мейірхан Топанбай есімді жігіт бар. 28 жас­тағы азамат ес біліп, әріп танығалы 68 мың кітапты оқып тауысқанын айтады. Ол осынау оқу-білімнің қызығына кіргеннің нәтижесінде 10 тілді меңгерген. Кітап оқу өмірге деген көзқарасыңды өзгертеді Ауыл кітапханасында кітапха­нашы болып жұмыс істейтін бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жас жігіттің айтары да көп. «Иә, 68 мың кітап оқуды қиял деп қарайтын, ол мүмкін емес деп санайтындар бар. Бірақ ол – мүмкін! Адамның жан тынысын ашатын дүниедегі жалғыз нәрсе – кітап. Кітапты ештеңе ал­мастыра алмайды. Адамзаттың не­гізгі мұраты – адам болу болса, сол мұратқа жеткізетін кітап», – дейді Мейірхан бізбен әңгімесінде. Ол, 2021 жылы Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасының және Түлкібас ауданының жыл үздіктері таңдалған тұста «Үздік оқырман – 2021» атанған. Осы кезде оқыған кітаптарының тізімі арнайы хаттамаға енгізіліп, ұсынылады. Сонда оның университет кітапха­насынан 3987 кітап, арнайы кітап­ха­надан 29 мың 536 аудио және брайль кітап, аудандық кітапханадан 27 777 кітап, Жаскешу ауылдық кі­тапханасынан 404 кітап, Тастұмсық ауылдық кітапханасынан 198 кітап оқығаны белгілі болған. Бұл 2021 жылғы санақ қана. Одан бері 3 мың­нан аса жәй кітап, 4100 брайль кітап және 389 аудио кітапты тауысқан.
Оның отбасында анасы кітапқа құмар екен. Анасы – шет тілдерінің мұға­лімі Ұлбосын Абешова. Ал мар­құм нағашы әжесі «Оқымаған оқы­ғанға қызмет қылады. Әлем осы қал­пында тұрмайды», – деп бала күнінен құ­лағына құйып өсіріпті. Әжесі Са­ли­ха Дәрібаева бірнеше жыл зей­нетақысын жинап, Ре­сейден мың дана кітапқа тапсырыс беріп ал­дырған. Ал нағашы әжесі Жұмаш апа «жүйкең тыныштала­ды», – деп, шұлық тоқуды үйреткен. Бүгінде қолөнер жұмыстары да Мейір­хан­ның тұрақты хоббиі. Мек­тепті үйден оқыған жас бала кі­тап­пен бес жасы­нан бастап сусын­даған. Ең алғаш Решат Нури Гүнтекиннің «Бозтор­ғайы» мен Шыңғыс Айтма­товтың «Атадан қалған тұяқ» атты кітап­тарымен танысқан. «Екеуін бірдей кезеңде бастап, бірдей ке­зеңде аяқтадым», – дейді ол. Сол жыл­дары «Бозторғай» телехикаясы отандық арналардан көрсетіліп, сол телехи­каяның әсеріне қатты берілсе керек, әжесі жас жігіттің туған кү­ніне сол кітапты сыйлайды. Бала Ме­йірхан­ның алғашқы кітап оқуы осыдан басталған. «Ал менің шын кі­­тап құ­мар болуымның себепкері – ұстазым Жанна Нұрәліқызы Бо­табаева. Фи­лология ғылымдарының докто­ры, 20 жылдан бері сал ау­руына шалдыққан балаларға тіл үйретіп жүрген мықты оқытушы. Жай оқытушы емес, бі­лім­ді, жан дүниесі ауру жанын ұға­тын алтын жүректі адам. Мен Рабиға Әбді­мұ­сақызы басқаратын академик Ә.Қуат­беков атындағы Халықтар достығы университетінде екі бірдей жоғарғы білім алдым. Жанна Бо­табаева гуманитарлы-педагоги­калық факультетінің деканы және орыс тілінен дәріс берді. Қазір Ж.Тәшенов университетінің фило­логия кафедрасының меңгерушісі. Осы кісі бір аптада 14 кітап оқудың жолын көрсетті. Бұл деген үлкен уақытты әрі жүйкені талап етеді. Әр аптада он төрт кітап оқу бойынша қысқаша талдау ұйымдастырды. Түнгі он екі-бірге дейін оқыған кітаптарымызды сөз ететінбіз. Бір аптада 17 кітап оқыған кездеріміз де болды», – дейді өткенін еске ала отырып Мейірхан. Сонымен бірге ол «Жетістік – жалғыз адамның ісі емес, ол – ортаның сенімен байла­нысынан туатын ортақ еңбек. Кітап оқу – жан қайғыңнан арылтып, өмір­ге деген көзқарасыңды өзгер­теді. Менің өмірімде екі жол тұрды. Бірі – мүгедектігіме мойынсұнып, бір бөлмеге қамалып қалу, екіншісі – өз үнімді әлемге естіртіп, жаһанға өз атымды қалдыру. Білесіз бе, сал ауруларын көбі ақыл-есі кеміс деп санайды. Бірақ біздердің бәріміз сондаймыз ба? Жоқ, әрине! Біз мас адам сияқты теңселіп жүреміз. Сал ауруына жармасқан ауруымыз – талма. Бәзбіреулердің теңселіп жүргеніміз үшін мас адамға балап, талмамыз үшін ақылы кемге санап жатқаны жаныма қатты батады. Өзгерген ештеңе жоқ», – дейді өмір­ге құштар жігіт.
Мейірхан Топанбай О баста кітапханашылықты ар­мандамаса да кітапқа деген құмар­лық мұны еріксіз осында жетелеген. Мұны тағдырым деп санаған ол, бүгінде күн сайын массаждан соң жұмысына келуге асығады. Себебі мұнда жақсы адамдар бар. Олармен дидарласып, рухани әңгіме-дүкен құрудың өзі бір ғанибет. «Менің бар байлығым – кітап пен кітапханадан тапқан достарым, әріптестерім. Жалғыз болсам, мен ештеңеге қол жеткізбес едім. Тәжіктерде «Сен қадам жасауды бастамасаң, бұлаққа да, баққа да жетпейсің» деген сөз бар. Жүріп-тұрудан бөлек, адам­дардың көзқарасының өзі де ауыр тиеді. Кедергілер де жиі кезі­геді. Адамдар әлі бізді толық қа­былдауға дайын емес. Дайын емес деп отыра беруге де болмайды. Бар екенімізді көрсетуіміз керек деп ойлаймын. Біздің қоғам мүгедектігі бар аза­мат­тарға аянышты халмен немесе масыл деп қарайды. Соны­мен бірге көпшілігі оларды жұмысқа алудан қашады», – дейді тағы бірде Ме­йірхан ішкі жан дүниесіндегі арпа­лысты сездіріп. 10 тілді меңгерген
Біз кейіпкеріміздің 10 шет тілін білетінін естіген соң «адам өзін-өзі жетілдіру арқылы, өздігінен бірне­ше тілде меңгеруі мүмкін бе?» деп сұрадық. Мейірхан тіл үйрену өзін бір нәрсеге алдан­дырудың жолы екенін, олай жаса­маса бәрі ауыр болатынын жеткізді. «Бойымдағы дертті ұмытып, өзімді адам сезінудің жалғыз жолы да осы – тіл үйрену болды. Мен әр сөз­дің мағынасына бала кезден мән беріп қарап, әр тілдегі ең ғажап де­ген сөздерді үй­ренуді әдетке айнал­дыр­дым. Өзім­нің жүрегіме ана ті­лім­нен кейін ең жақыны – түрік, испан, француз тілдері. Тіл үйренуді өмі­рімнің алда­нышына айналдыру арқылы көп достар таптым. Өзімді таптым. Сый­лас адамдарымның са­ны кө­бейді. Бірде ұстазым акаде­мик Рабиға Қуатбекова: «Мейірхан, сенің адамдығыңды айшықтап тұр­ған нәрсе – адалдығың мен адамға деген махаббатың. Сол қасиетің тіл үйренуіңе де себепкер сияқты. Жолыңда жақсы адамдар кездесіп, үлкен-үлкен есіктер ашылатынына сенімім зор. Тілдің киесін ұғынып, өзіңді тіл ғылымына арнағаныңа шын жүректен қуанамын!» – деп өз ойын жеткізген кезінде еріксіз көңілім босап, ерекше қанаттандым. Бала күнімнен осы жолға бағыт­тағаны үшін анама разы болдым. Мені анам адам болады деп үміт етті», – деп күлімсіреді ол. Нағашы әжесі Жұмаш апа оны жастайынан түрік тілі мен грек тіліне және өз құқықтарын білу үшін 5 жасынан заңдарды үйретіпті. Өміріне осы­лайша шабыт беріп отырған әжесі бүгінде өмірден өткен. Одан бөлек, анасы жағынан туыс болып келетін қоғам қайраткері Мырзагелді Ке­мелдің құнды кеңестері өміріне пайдалы болғанын да атап өтті. Француз тілін мектепте үйренген ол қазір итальян тілін оқып жатыр. Неміс, парсы, поляк және тәжік тіл­дерін оңай меңгерген ол ең қиыны ағылшын тілі екенін айтады. «Тілді арнайы емес, онлайн арқылы да ізденіп оқуға болады. Жалпы кез келген тілді жас кезде үйренген дұрыс. Бала тез қабылдайды», – дейді орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алған ол. Оның әлі күнге дейін өзі білетін тілдерге әр күні 10 минуттан арнап, өлең оқитын әдеті бар. Оны қойын кітапшасына қазақшалап жазу арқылы санасын жаттықтырып, көкжиегін кеңейтеді. Бос уақы­тын­да шетел авторларының шығар­маларын қазақ тіліне аударады. 2021 жылы аудармалар жинағы енген «Ақиқаттан аттамайық, бауырым!» атты кітабы жарық көрді.
Мүгедек жандардың мұңы көп
Өмірде мүгедектігі бар балаға үлкен күтім және отбасының сенімі ауадай керек. Егер оған сенімсіздік танытып, «бұдан ештеңе шықпай­ды!» дейтін болса, бала құлдырайды. Онсызда еңсесі төмен жан езіліп кетеді. Сондықтан айналасы, туыс­тары оны жігерлендіріп, жетістікке жететінін үнемі еске салып отырса, ол талпынады. «Мен ата-анамның қолдауының арқасында қиын­дық­тардан өттім. Әрине, әлі де қиындық болып тұрады. Аяқкиімімнің бауын әлі күнге анам байлап береді. Киін­діріп, тамағымды пісіреді. Анам үшін мен үлкен ауыртпалық бол­дым. Барлық сынақтарды әжем мен анам үшеуміз көріп келеміз. Талма ауруынан көзімнің көру қабілеті кеміген кезінде де осы үшеуміз сы­нақтан шығу жолын іздедік. Анам мені орта жастан асқанда өмірге әкелген. Сал ауруы деген диагно­зымды естігенде дүниеден баз кешіп кете жаздапты. Балқарларда: «Тірлік етпегеннің өмірге берері жоқ» деген әдемі есті сөзі бар. Мендегі өмірлік мақсат – адамға масыл болмау. Үйде жатып, өзімнің талантымды тұн­шық­тырып, болмысыма қиянат ет­кім келмейді. Жанымды жадыра­тар бір жақсылық болса, ол – жұмыс істеуім. Себебі егер жұмыс істеме­сем, күнделікті қолданатын дәрімді анам мен әкем зейнетақысынан әперер еді», – дейді Мейірхан.
Мейірхан Топанбай Әкесі Мейрамбек Топанбаевтың ұлын емдетемін деп 75 жасқа дейін күзетші болып жұмыс істегені Ме­йірханның жанына қатты бат­қан. Сол себепті де Мейірхан жұмысқа араласып, әкесінің жастайынан көрген бейнетінің зейнетін көрсін деп оны жұмыстан босатты.
Бүгінде өзі туып-өскен ауылда кітапханашы болып жүрген жас жігіт осы жолда өзіне үлкен қолдау көрсетіп, жұмысқа қабылдануына көмектескен аудандық мәдениет бөлімінің басшысы М.Амановқа, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Қамар Мекембайқызына ризашы­лығын білдіреді. «Тастұмсық – өзім суын ішіп, топырағына аунап өскен ауыл. Әркім өз туған жерінде сұлтан ғой, кітапханаға келген кезде үлкен жауапкершілікті сездім. Ауылдық кітапхана болған соң ауылдық округ мектептерінің кітапханашыларымен байланысты арттыруға, мектеп оқушыларын кітап оқуға тартуға бар күш-жігерімді жұмсауға тиіс екен­дігімді саналы түрде ұқтым. Кітап­хана меңгерушісі Гүлазима Құла­жанқызы барлық жағынан қолдау көрсетіп, бауырындай қарады. Жұ­мыста өз отбасыңдағыдай жана­шыр адамдар болмаса, ісің өнбейді. Кемшілігіңмен қабылдап, қолдау көрсетпеген жағдайда ол ортада өзіңді таба алмайсың. Әріптесте­ріммен жұмыс барысында жиі кітап талқылаймыз. Оқырмандарға кітап оқуды насихаттаймыз», – дейді ол. Мейірхан бүгінде қоғамда ара­гідік айтылып қалатын кітап, кі­тапхана керек емес деген сөздерге наразы. «Техниканың отаны – Жа­пония мен Германия неге кітаптан бас тартпай отыр? Олар жаңа тех­нологияның қағаз кітапты алмас­тырмайтынын медициналық тұр­ғы­дан зерделеп біліп, қағаз кітапты оқудың денсаулыққа пайдасын са­намалап көрсетіп берді. Кітап оқы­маған адамнан ұлы істер күту бе­кер», – дейді ол.
Біз өмірге құштар жігіттің ең­бек­қорлығына тәнті болдық...

Түркістан облысы