Әбдіжәлел Бәкір: Жаңа қоғам халықтың саяси санасын көтеруді қажет етеді
Әбдіжәлел Бәкір: Жаңа қоғам халықтың саяси санасын көтеруді қажет етеді
1,439
оқылды
Кейіпкеріміз ұзақ жыл бойы Мұстафа Шоқай тақырыбын жіті зерттеп жүрген жайы бар. Одан бөлек, қоғамдағы түрлі мәселеге де үн қатып, жиі пікір білдіреді. Қоғам қайраткері, Мәжілістің бұрынғы депутаты Әбдіжәлел Бәкірдің айтары қандай? Бұл кісіні мазалайтын мәселе не? Сауалды кейіпкердің өзіне қойдық. – Әбдіжәлел аға, қоғам бір кезеңнен екінші бір кезеңге ауыс­қандай күй кешіп отырған секілді. Бүгін құндылықтар өзгерді ме, не өзгерді? – Бұл сұрағың мені кейін ше­гінуге мәжбүр етіп отыр. Есте жоқ ескі заманнан Ұлы даланы мекен етіп келе жатқан қазақ халқы ХIХ ғасырдың екінші жартысынан патшалық Ресейдің қарамағына толық көшіп, отар елге айналды. Бірақ отарлаушы елдің өркениетіне, басқару жүйесіне байланысты қарым-қатынас әртүрлі болатыны белгілі. Ресей қазақтың шұрайлы жерлерін иемденумен шектелмей, жергілікті халықтың рухани жүдеуін ойлап, тіліне, дініне және діліне тиісті. Мақсат халықты орыстан­дыру болды. Қазақ мектептері ашыл­мады, іс қағаздары орыс ті­лінде жүрді дегендей. Ал Англия индустердің тіліне, дініне тиіскен жоқ, қайта мектеп, оқу орындарын ашты. Патшалық Ресейдің саяси жал­ғасындай болған Кеңес Үкіметінің алғашқы он жылдықтардағы қазақ еліне жасаған озбырлықтары әлемге әйгілі. Алаш жетекшілері мұны жақ­сы білді, барынша жазды да. Алайда осы кезге дейін құпия сақталғандар да жеткілікті көрінеді. Әртүрлі қу­ғын сүргін жайлы 31 томдық құ­жаттың Мемлекет басшысына та­ныстырылуы көп жайды байқатса керек. Рас, кейін Кеңес Одағы дү­ниежүзілік адамзат қауымдас­ты­ғының орбитасында болуымен бай­ланысты кейбір өзгерістер жа­сады. Мұны айтпай кетуге бол­май­ды. Бірақ басқару жүйесі өзінің шынайы табиғатында қалды. Еліміз «Қазақ Советтік Социалистік Рес­публикасы» деп ауыз толтырып айтылғанымен, автономиялық дең­гейде қалды. Күрделі ішкі және сырт­қы мәселелерді өзі шеше ал­мады. Біз комсомолдың облыстық комитетінің қатардағы хатшысы Мәскеуде бекідік. ҚазССР Жоғары Кеңесінің депутаттары тек Одақтық құрамда шетелде бола алды. Рес­публика Конституцияларының бірде бірінде қазақ тілі туралы еш құқықтық норма болмады. Айта берсең көп ақ. Тіпті, «Коммунизм не за горами» деп даусы қарлыққан Н.Хрущев еліміздің бес облысын аламын деп жан таласқан жоқ па? Бейбіт күннің батыры Жұмабек Тәшенов болмағанда бұл күндері нағыз мүсәпірге айналар едік. Осы күндері де шекарасы қайта-қайта қаралған тәуелсіз Қазақстанда жеріміз бар деушілер жоқ емес. Осылай ғасырларға жалғасқан тәуелділік халқымызды басып тас­тады. Сол себепті тәуелсіздікті бізге тағдыр сыйлағанымен, өткен 30 жылда рухани дүниеміз, саяси са­намыз жаңара алмады. Тіпті, осы кездері сонау 30-жылдарғы оқиға­ларды еске түсіріп, кейбір се­німі мықты, саяси сауатты аза­маттармен тікелей күрескен кез­деріміз де бол­мады емес. Оған уа­қыт жауап берер. Тағдырға тәубе! 2019 жылдан бергі уақыт тектен тек өтіп жатқан жоқ. Бірақ мен қоғамымыз бір ке­зеңнен екінші бір кезеңге ауысты дей алмаймын. Оған ертерек. Өйт­кені формация деген дербес әлеу­меттік-экономикалық құрылым, ол – белгілі бір тарихи жағдайлар­да қалыптасатын көзқарастар мен сенімдер жүйесі. Ал саяси әлеуметтік реформалар, жетілдіру, өзгерту, жаңарту сияқты процестер жүріп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым Жо­март Токаевтың жаңа, әділетті, демократиялық Қазақстан құрамыз дегенін халық түсіністікпен, тілек­тестікпен қабылдап отыр. Меніңше, осы сөздердің астарында «Халық» деген ұғымға өзгеше көзқарас жат­қандай. Өйткені «Демократия» «Халық» ұғымымен туыс, егіз. Осы құндылықтарды терең түсініп, терең танымдылық жасап жатсақ, ұтысымыз мол болар еді. Сол се­беп­ті әркім осы жердің, осы елдің бі­рінші иесі өзіміз, сол себепті қо­ғамдағы оң өзгерістерді жасаушы да өзіміз болуымыз керек деп ұғынып жатса, аса мәнді де, аса маңызды да болады дегім келеді.  ТІЛ ҮШІН КҮРЕС – ҰЛТ ҮШІН КҮРЕС – Сіз қызмет еткен жылдар тәуелсіздік алған елең-алаң тұстар еді. Ол кездегі қиындық пен бүгінгі уақытты салыстыра аламыз ба? –Иә, ол кездерде мен облыстық партия комитетінде, кейін облыс­тық әкімдікте қызметте болдым. Егемендіктің елең алаңы қиын­дықтарымен ерекшеленді. 1986 жыл­дың желтоқсаны тарихымыз­дың сұрықсыз беттері болып жа­зылды. Бірақ осыған қатысты қа­ғидатты мәселелер бар. Біріншіден, 1986-жыл­ғы оқиғаның шынайы шындығы ашылған жоқ. Екіншіден, кейбір ғалымдар мұны Алаш қоз­ғалысының жалғасы дегісі келеді. Ал тереңірек ойлағанға, сол кездегі жайларға байыптай қараған адамға бұл тіпті басқа дүние. Менің айтпағым: тарихымызға зер салсақ, еркіндіктің ұшқыны тұ­рақты Мәскеуден бастау алып отырды. Ресейде патша тағынан тай­ғанда Алаш жетекшілері авто­номия алуға ұмтылған болатын. Алашорда мен Түркістан Мұқта­рияты сол кезде дүниеге келді. Бірақ олардың өмірі ұзаққа бармады. Алғашқысы екі жарым жылда, екін­шісі 64 күнде жойылды. Өткен ғасырдың 80-жыл­да­рының аяғындағы Горбачевтің қайта құру саясаты одақтың ыды­рауына алып келді. Кешегі ұлттық шет аймақтар сияқты, ұлттық республикалар да оянды. Олар өздерінде қалыптасқан саяси әлеу­меттік жағдайға сын көзімен қа­рауға, өзінше тірлік етуге ұмтылды. Мәскеудің «қайта құруын» еліміздің ұлтшыл зиялы қауымы ең бірінші ұлттық рухымыздың негізі – туған тіліміз үшін күреске айналдырды. Тіл үшін күрес ұлт үшін күрес болатын. Жер жерде «Қазақ тілі» қоғамдары құрылды. Сонау 1989 жыл еске түседі. Мен ол кезде Қызылорда облыстық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімін басқаратынмын. Алматыдан Қалтай Мұхамеджанов, Әбдуәлі Қайдар, Өмірзақ Айтбаев, тағы басқа республикаға белгілі жазушы, тіл мамандары келіп, қа­ладағы Н.Бекежанов атындағы театрдың ғимаратында үлкен жи­налыс өтті. Онда облыстық «Қазақ тілі» қоғамы құрылады деген соң халық көп жиналды. Көптен қор­даланған ойлар мен пікірлерге есік ашылды. Ойлар ортаға салынды. Қайран Қалекең, үзілістен кейін де көсіліп сөйлеп, тілімізге, рухымызға деген көптен қордаланып қалған ойымен бөліскен болатын. Осылай «Қазақ тілі» қоғамдық ұйымы кеңестік дәуірде бастау алып, тәуелсіз ел болып жария­ланған 90-жылдардың алғашқы кезінде сол уақыттағы қажеттілікке орай белсенділік танытып, қызу жұмыс жүргізіп, халықты оятып еді. Ерекше еркіндік етек алды. Әуелгі кезде Үкімет тарапынан да тиісті бірсыпыра қолдау болды. Барлық елді мекендерде қоғамның филиал­дары, мекемелерде бастауыш ұйым­дары құрылды. Осының арқасында қазақ 39 пайыз ғана болып отырып, 1989 жылғы 22 қыркүйекте Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің кезектен тыс XIV сессиясында «Тіл туралы» заң қабылданды. Қызу тартыс, кө­сем сөздерден кейін қазақ тілі мем­лекеттік мәртебеге ие болды. 1990 жылдың наурызында ұйымдас­тырылған «Ана тілі» газеті бүгінгі күні ұлттық тіліміздің туын берік ұстап келе жатқан жоқ па? Алайда сол кездегі рухани өрісті, шынайы ұлтшыл үдерісті тиімді пайдалана алмадық. Мен «ұлтшыл» ұғымды Алаш ардақтылары түсі­нігіндегі «халқын сүю» деген ма­ғынада пайдаланып отырмын. Халықтың саяси көтерілуі билікке тиімсіз болды. Тіл үшін күрес шын­дығына келгенде ұлттық рух үшін күрес болатын. Ал сауатты, рухы күшті халықты басқару әр кезде күрделі, қиын. Сөйтіп, бұл қозғалыс басылып қалды. Бұрынғы күйімізге түстік. Екінші бір жағдай. Қандай қоғамдық құбылыс болмасын оның оң және теріс сипаттары болады. Онсыз ол дами алмайды. Тәуел­сіздікпен бірге Батыстың нарықтық экономикасын қабылдадық. Кәсіп­керлік қағидаттарына, өндіріс құ­ралдарына меншік нысандарының алуан түрлілігіне, еркін нарықтық баға белгілеуге негізделген эконо­микалық жүйенің халыққа берерін молайта түсудің орнына мемлекеттік билік мұны жеке баюдың жүйесіне айналдырды. Бұл жүйеге көшкенде ертеден келе жатқа дәстүрді ес­кермедік. Адамгершілік, иманды­лық, тіпті халық деген ұғым кері ығыстырылып, белгілі топтардың мүддесі алға шықты. Бұрын сонды тарихымызда болмаған миллиар­дерлер тобы қалыптасты. Өрке­ниетті шетелдерде шынайы кәсіп­керлер қалыптасып, олар зауыт, фабрика, өндіріс орындарын салып байыса, бізде билік күшімен байы­ды. Бұрындары халық басына бір тонна мұнайы бар ел бай ел деп саналатын еді. Бірақ 30 жыл бұл сенімді ақтамады. Кейбір мәліметтерге қарағанда, біздің еліміз тіпті Моңғолияға қарыз көрінеді. Бұған күле қарағаннан басқа не деуге болады? – Сіздер Парламентте отырғанда азулы ағалардың да айтары бар еді. Қоғамдық оқиғаларға қаншалықты араласып отырдыңыздар? Кедергі көп болды ма? – 1995 жылғы сайлауда мем­лекеттік биліктің аса бір маңызды тармағы Қазақстан Парламенті Мәжілісіне депутат болдым. Ол кезде бізді халық сайлады. Мұның екі ұтымды жайы бар еді. Біріншіден, тікелей халықтың өкілі болдық. Елге келсек, өз сайлаушылары­мыз­бен кездесеміз, солардың жағда­йымен танысамыз, Мәжілістегі жа­ңалықтарды жеткіземіз. Халық­тың ойлары Мәжілісте мәлім етіліп жатты. Екіншіден, Мәжілісте өзі­мізді еркін сезіндік. Иығымыздан қарап, сайлауларда оянып, кейін ұзақ ұйқыға кететін партиялар жоқ. Айтарымызды жалтақтамай, тікелей айта аламыз. Сүйенеріміз – заң­дылық, сенетініміз халық болды. Бірақ мұндай әрекеттер билік та­рапынан қолдау таба бермеді. Өйт­кені Парламент атқарушы билікке тәуелді болды. Ал парламентаризм табиғатында көпшіліктің мүддесін Үкіметтің озбырлығынан қорғауға тиісті. Мәжілісте Жер туралы мәселе қызу талқыланғаны белгілі. Оның сатылуына қарсы шыққандар аз болмады. Кезінде Әлихан Бөкейхан­ның кадет партиясынан шыққан­дағы бір мәселесі бұл партияның жерді сатуды қолдау еді. Ол кезде негізінен қаржысы жоқ қарапайым халық жерден айырылатын. Кейінгі жағдайда билігі мен қаржысы бар­лар шүйгін, құнарлы, түсімі мол жер­лерге ие болды. Сондай ақ Мә­жілісте балаларымыздың шетелге кетуі үлкен талқылауға түсті. Сол кезде бұл мәселемен айналысатын республикамызда тіркелгені, тір­келмегені бар 40 шақты ұйым бар екен. Шерағаң бастаған бір топ депутат арамызда Айталы, Фариза бар, балаларымыздың шетелге кетуіне қарсылық білдірдік. Теле­журналистер шақырып, арнайы брифинг өткіздік. Тіпті, «күндердің күнінде шетелге жіберілгендердің ішінде мені өз елімнен бездірген­дерге лағнет айтамын деулері де мүмкін ғой» деген ауыр сөздер ай­тылды. Одан да жетім ұрпағымызға өзімізде қажетті жағдай жасайық дедік. Бірақ біздің ұсынысымыз өтпеді.  ҚАТАЛ ЦЕНЗУРА АУЫЗ АШТЫРМАДЫ – Бір сөзіңізде: «Парламентте ұлттық мәселелерді өткізуде таза орыстармен бірдеңе қылып келісуге болады. Ең қиыны, орыстанып кет­кен қазақтармен келісу қиын. Олар­д­ың бойында ұлттық сезім жоқ» деген екенсіз. Қазір ше, бұл ойыңыздан өзгердіңіз бе? – Бұл ойымнан өзгерген жоқ­пын. Өйткені ойым – төркінді дү­ние. Алаш алыптарының бірі Мұс­тафа Шоқай «Ұлттық зиялы» атты мақаласында орыс (Батыс) мектеп­терінде тәрбиеленген зиялылары­мыздың аянышты жері – олардың өз халқына өгей болуы. Олар «Шы­ғыстық зердеден» айырылып, ха­лыққа ұлттық тәрбие беріп жарыт­пайды және халық та олардан ұлт­тық тәрбие алып жарымайды деп жазған еді. Шынында да, орыс мек­­тептерінде оқып, орысша тәр­биеленген орыс емес ұлт зиялылары туған халқының игілігіне қызмет ете бермейді. Олар тіпті өз ұлтының өкілдерімен араласуға да онша ықыласты бола қоймайды. Бұл қағидалар бүгін өзгерген жоқ, қайта күрделене түсті. Отба­сында ұлттық тәрбиенің кенжелі­гінен орыс мектебінде оқып жатқан ұл-қыздарымыз өзгеше өсіп келеді. Осы жерде ұлы Абайдың «Жиырма бесінші сөзінде»: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр» деп батыл айта отырып, «Залалынан қашық болу, пайдасына ортақ бо­луға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек» деп ескерткен болатын. Ұлы ғалым Шоқан Уәлихановтың да трагедиясы берісі Ресейден, арысы Батыстан алған тамаша білім-ғы­лымын ұлтына пайдалана алма­ғанында емес пе? Мұны тіпті сол замандағы орыстың белгілі адам­дары да ескертті. Ал бүгін баламның орысша оқуына мүмкіндік жасама­саңдар, Путинге айтамын деп жүр­ген ата аналар осы жағдайлардан алыс емес. Олардың ойлау жүйесі, іс әрекет қимылы өзгеше. Мұндай әрекеттерге тереңірек назар аудару қажет. Тіпті, бұл арнайы зерттеуге тұрарлық мәселе дегім келеді. Біз өзге тілдің, оқуының және ғылы­мының залалынан қашық болуды толық сезінген жоқпыз. Тәуелсіздік тілден басталады деген Алаш жетекшілерінің өсиетіне тиісті көңіл бөлмеуден қазір мек­тептеріміз ала құла. Республи­ка­мыздағы жеті мыңға тарта мектептің жартысынан сәл астамы ғана қазақ мектептері. Қалғаны аралас және орыс мектептері. Басқа қалаларға үлгі болуға тиісті Астанамызда мек­тептердің үштен бірі ғана қазақ мектептері. Ал аралас мектептерде оқушылардың дені қазақтың ұл қыздары болғанымен, ана тілдік орта жоқ. Өйткені олар өскен от­басында әке-шеше, ата-әже ұл-қыз­дарымен, немере-шөберелері­мен орысша сөйлеседі. Ал отбасы – ұлт­тық тәрбиенің темірқазығы. Қаза­қы тәрбие ала алмаған ұл-қыз­да­рымыздың ойлау жүйесі де өз­гереді. Олар ұлттық құндылықтарды түсіне бермейді, кейде қарсы да шығады. Ең қиыны – осы тірліктерге жауап беретін мекеме, қызмет­кер­лердің мұны қалыпты жағдай, ата аналардың қалауы деумен шектеліп, тиісті мән бермей отыруында. Мұн­дай ұлтсыздық көзқарастың ақыры қиыншылықтарға әкелуі мүмкін. Ұлттық қасиеттен алшақтаған ұл-қыздарымыздың ерекшеліктерін бұрынғы қазақ түрік, қазіргі инно­вациялық мектептерге барғанда өзіңе деген қарым-қатынастан айқын сезесің. Әрине, олардағы оқушылар біліміне қарай іріктеліп алынғандар, бірақ ондағы алған кейінгі білімдері қатаң тәрбиеге негізделген. Сондықтан есіктен кір­генде алдыңды кесіп өтпей, таны­маса да өзіңе сәлем беріп тұрған оқушыларды көріп, риза боласың. – «Мемлекеттің саяси жүйесі бұқара халықтың мұратын назардан тыс қалдырса, билік пен байлыққа құнығып кетсе, неше түрлі жағдай болады» дейсіз. Бұқара халықтың бүгінгі мұраты қандай? – Еліміздің 1995 жылғы Ата За­ңында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құ­қықтық және әлеуметтік мем­лекет ретінде орнықтырады, оның ең қым­бат қазынасы – адам және адам­ның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп тайға таңба басқандай жазылды. Бұған дау жоқ. Ал кешегі өткен 30 жылымызда жағдай бұл қағидалардан алшақтау болды. Ол туралы әлеуметтік желі­лерде аз жазылып жатқан жоқ. Алда әлі де айтыла түсетін шығар. Билік тым тәтті, сондықтан оның жетегінде кету жиі кездесетін жайт. Кешегі алып Кеңес Одағының ыдырауының саяси себептерінің бірі Коммунистік партия, оның ­Ор­талық Комитетінің бірінші бас­шы­ларының жеке билігі болды. Адам­зат тарихындағы жеке билік­тер әр уа­қытта мемлекеттің беделін түсі­руге, тіпті ыдырауына әкеліп отырған. Кез келген елдің бақыты да, қиыншылығы да мемлекеттің саяси жүйесіне тікелей байланысты. Осы жерде бір мәселеге арнайы тоқтала кетейін. Патшалық Ресейді, соның саяси жалғасындай кеңестік Ресейді ба­рынша жан жақты сынаған Мұстафа Шоқайдай ешкім бола қойған жоқ. Бұған оның эмиграцияда болуы қолайлы жағдай туғызды. Елдегі жағдайды басқа Алаш жетекшілері білмеді емес, жақсы білді. Бірақ қатал цензура олардың аузын аш­тырмады, мақалаларын бастыр­мады. Ал Мұстафа Шоқай Ресейді сынағанда оның орыс халқының елі ретінде емес, патшалық, кеңестік жүйенің орталығы ретінде сынады. Осы жағдайға кейде мән бере бер­мейміз. Мұстафа Шоқай «жаман халық жоқ, жаман адам ғана бар. Адамгершілікті мемлекет жоқ, адамгершілікті адам ғана бар» деген болатын. Өткенімізді жақсы білетін, бүгінімізді танып отырған халықтың ойы – мемлекетті басқару жүйесінің әділетті болуы, сөзден істің молды­ғы, экономикалық әлеуметтік нә­тижелердің айқындығы. Бүгінгі қиыншылықты жойып, әлемдік қа­уымдастықта өз орнымызға лайықты ие болу. Саяси-экономи­калық және рухани жағынан бай ел өзін берік сезінеді. Жан-жаққа жал­тақтамайды. Халқымыз осындай ел болсақ дейді. Осындай армандарға сәуле түсірген бүгінгі саясатты қолдайды. – Бұрынғы Алаш арыстары ағар­тушылық жолды ұстанды. Бүгінгі Алаштың бағыты қандай болмақ? – 150 жылдығы кеңінен аталған Ахмет Байтұрсынұлы өз кезіндегі қазақтың кейін қалған халық еке­нін, алға басып, жұрт қатарына кіру үшін не керек екенін былайша бей­нелеген болатын: «Басқадан кем бол­мас үшін білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күш­ті болуға бірлік керек. Осы ке­рек­тердің жолында жұмыс істеу керек» деді. Сәл ойлансақ, бұл – бү­гінгі тәуелсіз еліміздің алға жыл­жуы­ның тамаша әлеуметтік формуласы. Біз «ағарып» болғанымыз жоқ. Әлемдік өркениеттен кенже келе жатырмыз. Мұның бір себебі – Алаш арыстарының ағартушылық жолын, ұлттық тамаша идеяларын музейдегі экспонат сияқты түсінуі­міз. Кейінгі кезде ғана Алаш алып­тарына бет бұрдық. Бірақ олардың идеясын жаңа заман талабына сәй­кес игере алмай, жүзеге асыра алмай келеміз. Бәлкім, қателесермін. Де­генмен ұлтымыздың бұл бай мұра­сын игермей, бойымызға сіңірмей, қазіргі заманауи ұсынып отырған қағидатты мәселелерді өзіміздің тарихи, ұлттық ерекшеліктерімізді ескере отырып, қабылдамай, біз шынайы тәуелсіз елдің толыққанды тәуелсіз азаматы бола алмаймыз. – Қазір әлеумет «желіге» бай­ланды. Уақытының көбін әлеуметтік желіде өткізіп жатқан бүгінгі буын заманауи технологияның озығын алып, тозығын тастай ала ма? – Бұл – бүгінгі заманның бір ерекшелігі. Дегенмен әлеуметтік желінің белең алуына бұқаралық ақпарат құралының кешегі жағдайы қатты ықпал етіп кетті. Бізде «ура» басым болды. Қоғамымызда түк кемшілік болған жоқтай, бәрі та­маша, кинодағыдай сипатталды. Орталық газеттерде шыққан ресми дүниелер түгелдей облыстарда кө­шіріп, басылып жатты. Мемлеке­ті­міз тәуелсіздік алғаннан кейін саяси сахнаға шығып, елімізде болып жатқан қайшылықты көріністерді сынай бастаған тәуелсіз басылым­дармен күрестік, оларды жаптық, басшыларын әртүрлі жағдайға ұшыраттық. Бұл халық санасының тәуелсіздігіне тікелей шабуыл болды. Содан жұртшылық «әлеумет желіге» сүйенуді дәстүрге айнал­дыр­ды. Бұл қазір қатты дамыды. Әлеуметтік желі өз қызметін атқара берер. Алайда бар жаңалықты да, кемшілікті, қоғамдағы қайшылықты да шынайы өмірге шығаруымыз керек. Оған қоғамда саяси құқықтық кепілдіктер қажет. Сонда алға жылжуымыз ерекше қарқын алады, ұтыстарымыз да молаяды. – Мемлекеттік тілдің жайын жиі көтересіз ғой. Қазір демографиялық тұрғыдан жергілікті ұлттың саны көбейді. Сонда да біз әлі күнге «тіл» деп қиналатынымыз қалай? 30 жылда бұл мәселенің түйіні неге шешілмей отыр? – Біріншіден, бұл – сонау отарлық кезеңнен бастау алған, ғасырлар бойы қордаланған мәселе. Сол себепті ескінің ықпалы да жоқ емес. Екіншіден, сонау егемендіктің елең-алаңында мемлекеттік мәрте­беге ие болған ана тілімізге тәуел­сіздік жылдары жеткілікті көңіл бөлмедік. Қайта түрлі кедергіге ұшырады. Мысалы, «үш тұғырлы тіл» деп балабақшаларда үш тілді үйреттік. «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» дедік те нақты іске бармадық. Тіпті, «Тіл туралы» заңы­мызға өзгеріс енгізейік деген мәселе де аяқсыз қалды. Қазіргі қалыптасқан қиын­дық­тан шығудың амал тәсілдерін қарастыру қажет. Алдымен өзімізді өз ана тіліміздің иесі етуіміз керек. Бәлкім, кешегі елең-алаңдағы қазақ тілі қоғамдарын қайта құрып, тіл үшін күреске жалпы халықтық сипат беру керек шығар. Осындай жолмен алдымен ана тілімізді ұлтаралық қатынас тілі ету үшін күрескен жөн. Содан кейін күрделі қадамдарға барармыз. Осы айтылғандарды жинақтай келіп, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ретінде қазіргі нақты қо­йылып отырған жаңа және әділетті қоғам халқымыздың саяси санасын, әлеуметтік әлеуетін сапалы көтеруді қажет етіп отыр дегім келеді. Рухы күшейген хал­қымыздың жаңа же­ңістерге жетеріне сенім мол. Қаза­ғым өз тарихында не көрмеді? – Әңгімеңізге рақмет!