Бүгінде жасанды интеллектің жаңалығы көп. Адамзат машинаға матемикалық амалдар арқылы түрлі тапсырма беріп, оның қабілетін әр салаға қолданып әлек. Бұл технологияның қарқынды дами бастағаны соншалық, көп ғалым, соның ішінде Стивен Хокинг те бар, жасанды интеллектің адам өміріне қаупі жөнінде жиі айтып жүр. Өйткені жаңа технология адам баласының сезімін танып, оған тиісті деңгейде ілтипат білдіруді үйрене бастады. Қазір мұны «эмоциялы жасанды интеллект» деп атап, қызу талқылап жүрміз...
Осыдан екі жыл бұрын корейлік SBS арнасында «Ғасыр тартысы: ЖИ адамзатқа қарсы» атты бағдарлама жүрді. Жасанды интеллектің түрлі қабілетін көрсететін жобаның бір шығарылымында осыдан 27 бұрын көз жұмған әнші Ким Кван Соктың дауысын естуге мүмкіндік берді. «Сағындым» әнін орындаған поп-жұлдыздың дауысын естіген туған-туыстары оның қайта тірілгенін сезгендей әсер алғанын айтып еді. Күмән мен күдікті сейілту үшін осы бағдарлама тіпті Фредди Меркьюриге кәрісше ән айтқызады. Supertone ұжымы Singing Voice Synthesis (SVS) технологиясының көмегімен Кван Соктың 20 әнін зерттеп, басқа 700 кәріс тіліндегі әнмен салыстырады. Нәтижесінде, ЖИ 90 жылдардың танымал жұлдызын сағынған жанкүйерлерге ерекше сезім сыйлады. Көрермен қандай сезімді бастан кешкенін айтып түсіндіре алмай жатты: сағыныш, қуаныш, өкініш, қорқыныш және тағы басқа. Кейін Mnet арнасының One more time аталатын бағдарламасында 2008 жылы дүние салған Turtles лидері Turtleman өзінің тобымен бірге өнер көрсетті. Бұл жолғы жаңалық – жобада ЖИ көмегімен Turtleman-ның сахнадағы сұлбасы ән айтып, би биледі. Осы бағдарлама кейін басқа бірнеше марқұм болған әншінің өнерін қайта тамашалауға мүмкіндік берген еді. Тарихта мұндай тәжірибе көп. ЖИ көмегімен Джерри есімді 8 жасар баланың марқұм анасымен кездескені көп елді жылатып та, жұбатқан да еді. Роботтың адамға адал дос, сенімді серіктес, тіпті сүйікті жар бола алатыны туралы аңыз-әңгіме де жетеді, түрлі фильмдер де түсірілді.
Бүгінде жасанды интеллектке ие көмекші құралдар жаңалық емес: смартфон, түрлі қосымша және тағысын тағылары. Алайда ғалымдар эмоциялы ЖИ-дің мүмкіндігі әлдеқайда жоғары екенін айтады. Олар адамның зорығу мен оның алдын алу, психологиялық және рухани тепе-теңдігін сақтау, эмоционалды психотипін зерттеу, қоршаған ортамен қарым-қатынасын жақсарту, мақсат-міндетін айқындау, тіпті әлеуметтік дағдысын қалыптастыруға көмектесе алмақ. Яғни, адам күйзеліп, өзін-өзі жоғалтып, рухани зорыға бастаған уақытта ЖИ оның сезімін танып, бұл дағдарысты еңсерудің жоспарын ұсынады – қуанышына да, қайғысына да ортақ болмақ. Мәселен, бүгінде эмоциялы жасанды интеллект медицина саласында тәжірибеге енгізіле бастады. Онда ЖИ науқастың көңіл күйін тану арқылы психологиялық ауруларды, деменция белгілерін қатесіз анықтай алады. Әрі мұндай аурулардың асқыну кезеңінде ЖИ медицина қызметкеріне көмекші де бола алады. Сондай-ақ эмоциялы жасанды интеллект психология, психотерапияда тәжірибеден өтіп, сәтті нәтиже көрсетуде. Осыдан болса керек, ғалымдар Билл Гейтс, Илон Маск бар, эмоциялы жасанды интеллекттің «сезім» тани алатынына сенеді және оның «болашағына» қауіппен қарайды.
Расында, AlphaGo компьютерлік бағдарламасы кәсіпқой ойыншы Ли Седолді го тақтасында жеңіп кеткеннен кейін болашақта жасанды интеллект адамды басып озып, бізді «басқара» ала ма деген күдік туғаны жасырын емес. Десе де, ғалымдардың ендігі бір тобы жасанды интеллектің барлық әрекеті бағдарлау және бақылау арқылы жүзеге асатындықтан, одан адамзатқа еш қауіп төнбейтінін айтады. Керісінше, эмоциялы ЖИ болашақта адамдың сенімді көмекшісі болмақ. Адамзаттан мейірім, сенім кетіп бара жатқан заманда темірдің болашақ адамға серік бола алатынынан дәмелі. Физика маманы Алексей Самсонович бүгінде жасанды интеллектің адамнан артықшылығы әлі күнге дейін оның есептеу қабілетіне негізделгенін, шын мәнінде, машинаның мұндай артықшылығын әлі де адам анықтайтынын айтады. Болашақта ЖИ-ді тек адамдар жетілдіре алады, ал оның дамуы адамның алгоритмді, модельді үздіксіз оңтайландыруына байланысты болмақ. Ғалымның пікірінше, егер жасанды интеллектің дамуы адамзаттың өмір сүруіне қауіп төндіретін болса, оның себебін адамның өзінен іздеу керек болады: «Жасанды интеллект технологиясының көмегімен қауіпті роботтар жасауға тырысатын зұлым ниетті адамдар болатынына күмәнім жоқ. Мәселен, вирустық бағдарламаларды адам жасайды».
Сондықтан жасанды интеллекті адамға қызмет ететіндей қылып дамыту қажет, ол үшін оның эмоция танитын мүмкіндігін жетілдіру шарт. Ғалымдар сұп-сұр темірге сезім сыйлау аса күрделі әрі ауқымды жоба екенін алға тартады. Алдымен, адам мен роботтың өзара түсінісуін түрлендіру қажет, өйткені ЖИ антропосемантиканы анық түсініп, кері байланыс жасау үшін ұқсас тілдік жүйе пайдалана алуы қажет. Бұған қоса, «жаныңды түсінетін» темір көмекші жасау үшін ол шынайы өмірге бейімделуі тиіс, оқып-біліп, адамның сезімін танып, сеніміне кіре алатындай болуы керек. Оның үстіне, суық темірге адам санасын танып, көңілін түсіну үшін бір ғана ІТ саласы емес, психология, нейробиология, медицина және тағы басқа салалардың біріккен кешенді жұмысы керек. Әлемдегі жетекші ІТ компаниялар эмоциялы жасанды интеллектің қауіпсіз түрін жасау үшін, аталмыш саланы жетілдіру үшін барын салуда. Ендеше жасанды санасы бар машинаның адамның сезімін танып, сеніміне кіріп, оны басқаратын күні алыс емес пе? Бұл біз үшін қаншалықты қауіпті? Отандық сарапшылар не дейді?
Ерлан ОСПАН,
ІТ маман:
Жасанды интеллекте өмір сүруге стимул жоқ
Медиада спекуляция мен шындықтың аражігін ажырату қиындап барады. «Эмоциялы жасанды интеллект» туралы айту үшін, ең алдымен, «жасанды интеллект» ұғымына шүйлігейік. Бұл терминнен маркетологиялық, хайп және сән қабыршағын аршып тастасақ, сөздің өзі қате екенін түсінеміз. Басында «жасанды интеллект» деп ғалымдар өзара, ең алдымен өзара шартты түрде айтса да, бұқараға тура мағынасында жайылып кеткенге ұқсайды. Маған салса, «жасанды интеллект» емес, «интеллектке пародия» дер едім. Қазіргі «жасанды интеллект» деп жүрген дүниелер адам санасына математикалық амалдармен ұқсап бағу ғана. Себебі жасанды интеллектте өмір сүруге стимул жоқ. Адамды адам ететін өмір сүруге құлшыныс қана. Ал темір сананың қуат көзіне жалғанып тұруына еш стимул жоқ. Рас, роботты қуат көзінен ажырамаудың бар амалын істеуге программалап қоюға болады. Мысалы, розеткаға жақындаған адамды атып тастап отыратын қылып. Бірақ ол бәрібір саналы шешім емес, бар болғаны программа ғана. Бұдан «эмоциялы жасанды интеллект» деген сөздің де шикілігі ашылады. Адам қабағын түйіп, салы суға кетіп отырса, басынан сипап, тіпті Румиден, Абайдан шумақ оқып, жұбататын робот я чат жасауға бола ма? Әбден болады. Бірақ сізге қайыр айтқан сол темір сана адам сияқты трагедияны өз басына экстраполяция жасау арқылы түсініп тұр ма? Жоқ.
«Сенемін-сенбеймін» деп жауап беру қиын. Себебі роботтың программаланған эмоцияны тану қабілетіне қоса, адамның өзінде де фетишизм, символизм сияқты қасиеттер бар. Сүйікті қуыршағына өзінің басын өзі сипалатып көңілі жай табатын адамдар бар. Немесе атасы оқыған тұмарды тағып алып, маған оқ тимейді деп, майданда жүгіретіндер де бар. Мұндай адамдар әрине, әлдебір ишараны да кереметке балайды. Бұрын «ит екеш ит те мені түсінеді» десе, енді «жыласам да, жындансам да сөзімді тыңдайтын осы темірім жақсы» дейді. Ендеше «эмоциялы жасанды интеллект» деу кезінде отарбаны «өзі жүретін арба» дегеніміз сияқты. Отарбаның пешіне көмір атып, қазандығына су құйып арамтер болатын машинист үшін ол өзі жүрмейді, әрине. Ал темір санадан жұбаныш табуды психологияның ба, әлде психиатрияның мәселесі ме – ол да әлі талқылайтын тақырып. Сондықтан сенемін не сенбеймін деп кесіп айту қиын.
Антропоморф нәрседен үрейлену адам санасының түкпірінде о бастан бар сезім. Кезінде Жапония сапары кезінде, сәлем берген робот туралы Барак Обама «біртүрлі екен» деп еді. Мүмкін, адам баласы өзі сияқты нәрсе махаббат хикаясымен басталып, тоғыз ай толғақпен емес, зауыттағы штамп автомат дүңк еткізіп «дүниеге келе салатынынан» қорқатын шығар. Идеал еркек не әйел табылмаса, қолдан жасап ала салатын күн келгеніне қам жейтін шығар. Шынымды айтсам, адамзаттың үрейінің себебін тәпсірлеу қолымнан келмейді. Адам жанымен жұмыс істейтін мамандар сөйлесе дұрыс шығар.
Қазір Machine Learning адамға пародия жасауды мейлінше игерді. Тіпті, өзінің мінез-құлқы мен сөйлеген сөздерін жүктеп, «цифр түрінде мәңгі жасай береміз» деген де ағымдар шығып жатыр. Мыңдаған сенсор мен терабайт жады арқылы ең болмаса сыртқы мінез-құлқын көшіруге болмайтын зат қалған жоқ. ЖИ кейде адамнан артық тапқырлық танытып жатыр. Бірақ.
Бірақ жасанды интеллекте стимул жоқ. Алақанының жылуы анаңдікіндей болса да, ол сайып келгенде статистикалық машина. ЖИ сезім білдіру қабілетімен адамнан аумай қалатын күн келетіні анық. Бар мәселе – адамның қабылдауында. Робот біреуге адамнан артық дос, тіпті жар болып; ал біреуге ақыры жақпай, ала-құла өмір сүретін боламыз.
Серік ТӨЛЕУ,
бағдарламалаушы инженер:
Бұл сұраққа Brain жауап береді
Emotion AI – адам мен машинаның бір-бірін «түсінуін» жеңілдетудің тиімді құралы. Түрлі сенсорлар фотокамера, микрофон арқылы алынған ақпаратты өзі «білетін», яғни алдын ала жадына енгізіліп қойған ақпаратпен салыстырып, қорытынды ақпаратты сұраныс жасаушыға береді. Қарапайым ғана нәрсе. Адам эмоциясының «картасы» алдын ала жасалып қояды. Мысалы, фотосуретте адамның күліп тұрғандағы қабақ, мұрын, ерін және тағы басқа мүшелері – арнаулы картадағы координаттар. Ал адам ренжулі болса, жаңағы белгілер басқаша болады. Осындай координаттар арқылы тиісті «көңілді» немесе «көңілсіз» жағдайды көрсететін дайын нәтижені таңдап алып дисплейге және т.б. шығарады. Күрделі ештеңе жоқ. Тылсым, құпия емес. Қазір көп салада, әсіресе сауда, шоу бизнесте кеңінен қолданылып жүр. Адамға тән эмоцияның барлық түрінің картасы жасалып қойылған. Аласың да, өз софтыңда пайдаланасың. Бәрі тегін. Оупен сорс. Тек бәрі программа арқылы жасалады. Адам миы бір ғана эмоцияға мәселен 1 микроватт қуат жұмсады делік, ал машинаға жаңағы эмоцияны модельдеу үшін мыңдаған есе қуат керек. Яғни, қазіргі заманғы компьютерлік (Фон Нейман архитектурасының) архитектураның «күші» адам миындағы эмоциялық, т.б. құбылыстарды модельдеуге жетпеді. Осы себепті 2013 жылы Brain жобасы жасалды. Жоба бойынша миды модельдеу үшін мүлде басқа компьютерлік архитектура құрылды. Онда бір ғана көп ядролы орталық процессор емес, әр нейронға бір процессордан (жеке) келеді. Және бұл жасалды да. Жоба АҚШ тың патронажымен жұмыс істеп келеді. Яғни, EI жүзеге асырылуының екі жолы бар: программалық және аппараттық. EI-дің адамды басып озуы жайлы әңгімелеуге әлі ерте. Өйткені Brain жобасы адам миының құпиясын ашқан жоқ. Ал программалық жолмен EI адамнан озып кетпейді.
EI қазір медицинада қолданылып жүр. Тиімді. Мысалы, картотека немесе анықтама ақтарып жатпайды. Адамның ауырсыну мимикасымен қоса, сенсорлық ақпарат арқылы науқастың кім екенін, немен ауырып тұрғанын анықтау оңай. Баяғыда қайтыс болып кеткен адамды машина «бал ашып» білмейді. Нақты деректер беруің керек. Неғұрлым көбірек ұсақ-түйек деректерің болса, машина сұрағаныңды соғұрлым дәлірек «жасап» береді. Контекст дегенді де EI «ұқпайды». Мысалы, адам қатты ашулы болса, бірақ мимикасы нейтрал болса, ол не деп қорытындыламақ? Декарт мырзаның «Мен ойлап тұрмын ғой, ендеше мен тірімін» деген атышулы фразасына сай болу EI-дің қолынан келмейді деп ойлаймын. Қайткенмен де, ол – темір. Дегенмен бұл сұраққа Brain жауап бере алады. Қашан? Білмеймін.
P.S.
Ғалымдар жасанды интеллекте өздігінен сезім пайда болып-болмайтынын тексеру үшін түрлі тәжірибе жасауда. Мәселен, неміс оқымыстылары үш роботқа «сендерге мылқау болатын дәрі бердік» деп тапсырма беріп, олардан «қайсың сөйлей алмайсың?» деп сұраған. Ішінде сөйлей алатын біреуі өзінің дауысын танып, дәріні ішпегенін хабарлаған. Ал АҚШ мамандары үш виртуалды робот үшін арнайы ойын ұйымдастырған, оның екеуі дос болған. Үшеуінің тек екеуі ойыннан тірі шыға алатындай етіп, тапсырма берген. Сонда дос екі машина бір-біріне көмектесіп, ақыры жеңімпаз болып шыққан. Бұл екі эксперименттің ғалымдары ұқсас шешімге келген: жасанды интеллект адам эмоциясын танып қана қоймай, болашақта өзі де түрлі сезімді сезіне алмақ, тіпті біздің көңілімізге ілтипатпен жауап қатуы да ғажап емес. Бәлки, «Она» фильмдегі робот қызға ғашық болатын жігіттің хикаясының ақиқатқа айналатын күні де алыс болмаса керек.