Болашақтың вакцинасы
Болашақтың вакцинасы
575
оқылды
Петропавлдық оқушы «Болашақтың вакцинасы» жобасымен халықаралық жастар байқауының жүлдегері атанды. «Горизонт-2100» ғылыми және ғылыми-фантастикалық жұмыстар байқауы. «Жарқын бастама» аталымында Петропавл қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10- сынып оқушысы Айсана Құсайынова топ жарды. Ғылыми фантастиканы құмарта оқитын Айсана Құсайынова бұл байқаудың өтетінін әлеуметтік желілер арқылы біліп, оған қа­тысуға бірден бел буған.
«Коронавирус бүкіл әлем үшін үлкен мә­селеге айналғандықтан, оған қарсы вакцина туралы көп ойландым. Ертеде оба кең та­ралған кезде де дәл осылай болған деседі. Мен инфекциямен күресте адамдардың бірлігі қаншалықты маңызды екенін түсіндіргім келді. Менің өз жұмысымды науқастармен жалғыз өзі қалған дәрігердің күнделік жаз­балары түрінде жасадым. Мен науқастар саны көбейіп, дәрігерлер азайған кездегі ақ халатты абзал жандардың ауыр жұмысын сипаттадым. Ақыр аяғында дәрігерлердің күш біріктіруінің арқасында вакцина жасалып, вирусты жеңудің сәті түсті», – дейді жүлдегер.
Өзінің фантастикалық эссесін оқушы қыз пандемия кезінде небәрі бес күн ішінде жазып шығыпты. Сондықтан байқаудың плагиатқа қарсы бірінші кезеңінен сүрінбей өткен. Тіпті, бұл орайда ешбір толқу да болмағанын айтады. Екінші кезеңінде ол өз жұмысының презентациясын ойдағыдай өткізіп, жүлдеге ие болды. Енді ол басқа байқауларға қатысу үшін осы тақырыпқа ғылыми жоба жазбақ ниетте. Осылайша, әлемге жаһандық эпиде­мияларға байланысты қиындықтардың маңызы туралы баяндайды. «Горизонт-2100» байқауы Мәскеудегі болашақты модельдеу орталығының баста­масымен 2019 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Ондағы мақсат – 16 мен 26 жас ара­лығындағы өрендерді жаңа идеяларды, ғы­лыми гипотезаларды, болашақ туралы ғы­лыми-фантастикалық идеяларды креативті жолмен іздестіруге ынталандыру, ойлай бі­летін, ғылыми шығармашылыққа, сарапта­маға және болашақты болжауға бейімі бар жастардың арасынан үздіктерін анықтап, марапаттау. Осы уақыт ішінде бұл іс-шара әлемнің 63 елінен 1,2 мың жас ғалымдарды қамтып үлгерді. Биыл байқауға 400-ден астам адам қатысты. Соның ішінде қазақстандықтар 10 жұмыс ұсынды. Жас дарын иелері планетаның маңызды мәселелерін шешуде стандарттан тыс көзқарас таныта білді. Айта кету керек, осы байқауда астаналық Виталина Шевчук Dinosaurs animation («Динозаврлардың тірілуі») ғылыми-фан­тас­тикалық жұмысымен «Болашақтың ғылымы» аталымында бірінші орынды жеңіп алды. «Жаһандық әлемнің болашағы» номинациясы бойынша шымкенттік Айсұлу Талайбек-қызының ғылыми жұмысы екінші орынға ла­йықты деп танылды. Байқау жеңімпаздары ақпанның 5-і мен 9-ы аралығында Мәскеу қаласында өтетін «Әлем 2100: жаһандық трендтер және болашақ жастардың көзімен» халықаралық жастар форумына шақырту алды.

Солтүстік Қазақстан облысы