Түркістан өңірінде болған су тасқыны бойынша әлеуметтік желіде бұдан басқа да түрлі видео тарады. Сауран ауданының тұрғыны Алмас Сатыбалдиев түнде шырт ұйқыда жатқанда тасқын судың дауысынан оянғанын айтады. «Бұл жағдай таңғы бесте басталды. Дәл біздің үйдің тұсынан аққан су арнаға сыймай, өзен боп келді. Екі көршімнің үйін су алып кетті», – деді ол.
Ал бабайқорғандық Қайырхан Ермаханұлы дәл осы сәтте халықтың абдырап көшеге шығып, шулап кеткенін айтады. Ауыл тұрғыны мұндай жағдайдың алдын ала белгілі болғанын айтып, ал құтқару, алдын алу шараларының енді жүріп жатқанына ренішін білдірді. Ауылдағы жұмысқа жарамды азаматтың барлығы да қолына күрек алып, тасқын суға тосқауыл қою жұмыстарымен айналысып жүр.
Зардап шеккен аймақтарда төтеншеліктер де күшейтілген режиммен қызу жұмысқа кірісті. Облыста толассыз жауған жаңбырдан су деңгейі көтеріліп кетіп, жолдар жабылды. Облыстық маңызы бар 11 автомобиль жолының 23 учаскесін су басқан. Өңірде тұман мен көктайғақ болуына байланысты «Ұланбел-Созақ-Екпінді», «Шаян-Шолаққорған» тасжолдары уақытша жабылғаны туралы облыстық ІІД хабарлады. Жол сақшыларының өңір тұрғындары мен қонақтарына сол аумақтан арнайы видео түсіріп, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керек екенін ескерткен үндеуі жарияланды. Аса қажеттілік туындамаған жағдайға жолға шықпауға кеңес береді.
Ресми мәліметке сүйенсек, су басқан аумақтан 154 адам эвакуцияланған. Оның 93-і – бала. Төтенше жағдайға байланысты үш аудандағы 11 мектеп онлайн білім алуға көшті. Сауран ауданында 7 балабақша жұмысын уақытша тоқтатып, 150-ден аса тұрғын қауіпсіз жерге көшірілген. Сауран ауданынан 4 эвакуациялық пункт ашылды. Жалпы, еріген қардың суы Сауран, Бәйдібек және Ордабасы ауданына қарасты 15 елді мекендегі 186 аула мен 13 көшеге жайылған.
Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев болса, Қаратау жоталарында табиғи арналардың бар екенін, барлығына нормадан жоғары сулар келіп жатқанын жеткізді. Осының әсерінен Шағадағы екі жыра арқылы келген су өз арнасына сыймай, елді мекенге кіріп, су басқан.
Өңір басшысы болған жағдайға байланысты шұғыл жиын өткізіп, су тасқынының алдын алу жұмыстары мен тұрғындары құтқару шаралары пысықтады. Төтенше жағдайлар департаментінен 56 қызметкер, 10 бірлік техника, 20 мотопомпа және жергілікті атқарушы органдардың күштерімен суды сору және арықтарды тазалау жұмыстары жүргізіліп, бүгінде жағдай тұрақталды. Ертесіне Абай ауылының тұрғыны Төребай Оспанов ауыл тұрғындарының, әкімдік пен төтеншеліктердің, кәсіпкерлердің жұмыла жұмыс істеуінің арқасында қауіптің беті қайтқанын айтып өтті.
Облыс әкімі өңірдегі су басу қаупі бар аймақтарды тікұшақпен аралау кезінде облыстағы су қоймаларының деңгейі қалыпты жағдайда екенін айтқан. Алайда жауаптыларға су қоймаларының деңгейі қалыпты жағдайда болса да, қауіпсіздік іс-шараларын күшейту жөнінде тапсырмалар берді. Ал төтеншеліктер таулы аймақтарда, яғни Төлеби, Қазығұрт аудандарында әлі де 70 см қалыңдықта қар жатқанын, егер табиғат тосын мінез танытса, қауіп бар екенін жеткізді. Төтеншеліктердің соңғы ақпараты бойынша, өңірде барлығы 20 елді мекенді су алған. 27 көше мен 34 үйді су басқан.
«Қазгидромет» РМК деректері бойынша 3 ақпанда облыстың басым бөлігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар), сондай-ақ температуралық фонның жоғарылауы, қардың еруі, еріген және еңіс ағынының қалыптасуы, мұз құбылыстарының әлсіреуі және өзендердегі су деңгейінің көтерілуі күтіледі. Сондықтан қатер аяқ астынан, бәріне де дайын болуымыз керек...
Шымкент қаласы