Жетісу облысында көктемгі су тасқынының алдын алу және елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қомақты қаржы бөлінген. Егер қаражат дер кезінде әрі мақсатты игерілсе, дайындық ойдағыдай болса, күрделі кезеңнен күйзелмей шығарымыз анық. Биыл қаңтардың соңы мен ақпанның алғашқы күндері Жетісу облысындағы ауа райы тұрақсыздығымен, жиі құбылуымен ерекшеленіп тұр. Өңірдің бір аймағында қыстың ызғары күшейе түскендей болса, енді бір бөлігінде көктемнің лебі сезілгендей болады. Жауын-шашыннан кенде емеспіз. Тауда қар жамылғысы жылдағыдан қалың. Күн күрт жылып, жиналған қасат қар шұғыл ерісе, өзендердің деңгейі көтеріліп, мұз үстінен қызыл су жүруі әбден мүмкін. Осы мәселеге орай өткен соңғы селекторлық кеңесте хабарлама жасаған Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаевтың айтуына қарағанда, биыл көктемгі су тасқынына қарсы шараларға 955 млн теңге бөлініпті. Қомақты қаржының басым бөлігі немесе 820 млн теңгесі бөгеттер мен су қоймалары сияқты гидротехникалық құрылыстарды жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына қарастырылған. Ал 100 млн теңге көктемгі су тасқынының алдын алу шараларына жұмсалмақ. Қалған 35 млн теңге кезек күттірмейтін шаралар бойынша жобалық-сметалық құжаттама (бұдан ары – ЖСҚ) дайындау мен оларға түзетулер енгізуге бөлінген. Олардың қатарында Жоңғар Алатауынан бастау алып, Текелі және Талдықорған қалаларын жарып өтетін, бірнеше аудандағы бірқатар елді мекенді жанап ағатын, арыны қатты Қаратал өзенінің Қаратал ауданындағы Тастөбе ауылы тұсындағы арнасын механикалық тазалау және осындағы бөгетті қалпына келтіру бойынша ЖСҚ жасау және түзету енгізу, осы өзеннің Текелі қаласы арқылы өтетін арнасының жағалауын бекіту бойынша ЖСҚ-ға түзету бар. Сонымен бірге Панфилов ауданындағы Көктал-Арасан ауылы жанынан өтетін Бурақожыр өзеніндегі қорғаныс бөгетін жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының ЖСҚ және осы аудандағы Сүптай ауылындағы Тышқан өзенінің жағалауын түзетуге ЖСҚ жасау, Қоңырөлең ауылындағы қар-жаңбыр суларын бұруға арналған науа жүйесін жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына және науа жүйесін орнатуға ЖСҚ әзірлеу үшін қаражат бөлінген. Сондай-ақ облыстың даму жоспары аясында Ақсу ауданындағы Матай стансасы аумағы арқылы өтетін Ақсу өзені арнасын түзету және механикалық тазалау жоспарланыпты. Осы жұмыстар нәтижесінде Панфилов және Ақсу аудандары бойынша тасқын қаупі күшті 7 участоктағы жағдай тұрақтанып, қауіп сейіледі. Жалпы облыс бойынша кезек күттірмейтін шығындар мен төтенше қорға 1,3 млрд теңге қарастырылған. Соған сай қаржыдан тапшылық болмайды. Ендігі мақсат та, міндет те сол қаржыны тиімді жұмсап, көктемгі су тасқыны кезінде елді мекендер мен адамдарды қамтамасыз ету. Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаменті (бұдан ары – ТЖД) жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, 2023 жылғы су тасқыны қаупі бар кезеңге дайындық жөніндегі облыстық жоспарға сәйкес, күрделі жағдайға сақадай сай болу үшін алдын ала болжамдар дайындау, елді мекендер мен олардың аумағын қорғау жөнінде қажетті шаралар қабылдау үшін су тасқыны қауіп төндіруі мүмкін учаскелерді айқындау, төтенше жағдайда халықты хабардар ету жүйесін дайындау, су тасқыны кезіндегі ережелер туралы жұртты құлағдар етуді ұйымдастыру жұмыстарын жүзеге асыруда. Сонымен бірге арық-канал желілерін, жолдағы су өткізу құрылыстары мен көпірлерді тазалау, дайындау, гидротехникалық құрылыстардың меншік иелері тарапынан жұмыс режимінің сақталуын бақылау қолға алынып, материалдық-техникалық, азық-түлік, жанар-жағармай, медициналық және басқа да ресурстар қорын құрыпты. Жетісу облысы ТЖД ТЖААБ басшысы, азаматтық қорғаныс майоры Ринат Тазабековтің айтуынша, қазір облыста 113 гидротехникалық құрылыс бар. Оның 72-сі республикалық меншікте, 28-і коммуналдық меншікте, 13-і жекеменшікте. Олардың ішінде 8 су қоймасы, 16 тоған, 10 бөгет, 20 су торабы, 59 магистралдық канал бар. Облыс аумағында апатты жағдайдағы су қоймалары жоқ дегенмен, барлығының қауіпсіздігі керемет деп айтуға келмейді. Жағдайы да ала-құла. Ірі су қоймаларының толу барысын мониторингтеуді және басқаруды Су ресурстары комитетінің Балқаш–Алакөл бассейндік инспекциясы жүзеге асырады. ТЖД Елді мекендердегі су тасқынына қатысты жағдайды анықтау мақсатында өткен жылдардағы су тасқыны талдау жүргізіп, соның негізінде және «Қазгидромет» РМК-ның қар жамылғысының биіктігі мен топырақтың тоңы туралы деректерін ескере отырып, болуы мүмкін су тасқынына алдын ала бағалау жүргізіліпті. Температура күрт көтеріліп, жаңбыр түріндегі жауын-шашын мол түскен жағдайда облыстың барлық аумағында су тасқыны туындауы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. Сол себепті елді мекендер мен инфрақұрылым нысандарын су тасқынынан қорғау мақсатында бірқатар профилактикалық және инженерлік-қорғау шарасы қолға алынған. Жыл сайын өткізілген іс-шаралар нәтижесінде 2021 жылы анықталған су тасқыны қаупі бар 13 учаскенің 6-ның тәуекел қаупі азайтылып, биыл су тасқыны қаупі бар 7 учаске қалыпты. Оларға қатысты атқарылған және алдағы кезге жоспарланған жұмыстарды жоғарыда келтірдік. Барлығы жоспарға сай орындалса, аталған қауіпті учаскелердегі жағдай реттеледі.
Болат АБАҒАН, Жетісу облысы