Жемқордың «жемсауы» ма?
Жемқордың «жемсауы» ма?
628
оқылды
Бүгінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жемқор шенеуніктер «жемсауға» айналдырып алды. Бұл – ел Президентінің осы салаға берген бір бағасы. МЖӘ тетігі мем­лекеттік сатып алу рәсімдерін айналып өтіп, майшелпек жобаларды сыбайлас ком­панияларға тендерсіз, тікелей таратуға пайдаланылады. Бұл – Парламент депутат­тарының байламы. Осынша теріс бағалар алған тетіктің қажеті бар ма? Болса, оны бы­лықтан қалай арылтуға болады? Сол үшін билік қандай реформа жасап жатыр? Сыбайластықтың «ордасы» Мемлекеттік-жекешелік әріп­тестік (МЖӘ) Қазақстанда 2005 жылдан бері қолданылып келеді. Ол бюджетке түсетін ауырт­палықты азайтудың және мемлекеттік маңызды жобаларды дамытуға жеке секторды белсенді тартудың қуатты құралы болуы тиіс еді. Оның үстіне, бұл отандық кә­сіпкерлікті дамытуға мол мүм­кіндік беріп, оларға кең өріс ашады деп күтілді. Содан «100 нақты қадам» ұлт жоспары ая­сын­да 2015 жылғы 31 қазанда «Мем­лекеттік-жекешелік әріп­тестік туралы» заңы қабылданды. Алайда сала елдің де, ел бас­шылығының да үмітін ақтамай тұр. 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев оған көңілі толмайтынын айтты. Ол МЖӘ-нің көптеген жобасы адал емес шенеуніктер мен кәсіпкерлер үшін «жемсауға» айналғанына назар аудартты. Сондықтан Үкіметке мемлекет пен жекеменшік серіктестігінің жаңа үлгі-моделіне көшуді жүктеді. Мемлекет басшысының ұстанымынша, келісімшарттар ашық және конкурстық негізде жасалуы тиіс. Осы механизмнің тиімділігін арттыру үшін жаңа заң қабылдауға тапсырма берді. 2022 жылғы қыркүйекте Мә­жі­ліс депутаттары да Үкіметке са­уал жолдаған болатын. Халық қа­лау­лылары МЖӘ тетігін шенеу­нік­тердің татымды, тартымды жо­ба­ларды тендер өткізбей-ақ үлесті­рудің құралына айналдыр­ғанын айтып, дабыл қақты. Олар МЖӘ жобаларына жергілікті әкімдіктер берген ұсынымдарға толыққанды түгендеу-ревизия жүр­гізуді ұсынды.
«МЖӘ дегеніміз – әлеуметтік инфрақұрылымды салуға жеке инвестицияларды тартуға мүм­кіндік беретін бірегей тетік. Алайда тә­жірибе көрсеткендей, мемле­кет­тік органдар оны көбіне мемлекет­тік сатып алу рәсімдерін айналып өту үшін пайдаланады. Мысалы, Ал­матыда МЖӘ арқылы автокөлік жолдарын, жүргіншілер жолдарын жөндеген, қаланы абаттандырған, көшені жарықтандыру жүйесін модернизациялаған. Салдарынан оған өзге бәсекелестер жіберіл­ме­ген, нақты әріптес алдын ала таң­дап алынған, өндіріс құрылмаған. Көк­шетау, Щучинск, Кентау және басқа қалаларда да ұқсас мысал көп», – дейді техника ғылымда­ры­ның кан­дидады Самат Ақышев.
Ғалым басқа бір қулықтың ба­рын еске салды: әкімдіктер белгілі бір өнімді ешқандай конкурс өт­кізбей сатып алады да, оны МЖӘ келісімшарты түрінде бекітеді. Ал тексерушілерге мұны өнімге ин­теллектуалдық меншік құқығының нақты сол компанияға ғана тиесілі болуымен түсіндіреді. Әкімдер қалалардың көшелерін жарықтандыруды, жасыл желектер егіп, абаттандыруды, бейнебақылау камераларын орнатуды, мектептер, ауруханалар, жолдар салуды және басқа жобаларды МЖӘ аясында «бармақ басты, көз қысты» тәсіл­мен өзі қалаған компаниясына ұс­тата салуға әуестеніп барады. Құзырлы органдардан да қайран жоқ: бәрі заң аясында жүргізілді. МЖӘ келісім­шартымен тұтас спорт кешендерін, тіпті жедел жәр­дем стансасын же­кенің қолына бере салған әкімдіктер де бар. Сорақысы сол, МЖӘ тетігі мем­лекетке әріптес болған жеке­меншік компанияға бюджеттен төлем тө­леуді қарастырады. Әкім­діктер жеке серіктесінің барлық шығынын өтейді, бюджет қара­жаттары есе­бінен оның таза табы­сын төлейді. Бұл келісімшарттар ондаған жылға (кем дегенде 5 жыл­ға) бекітіледі, тиісінше осы жылдар бойы әріптес бюджеттен өтемақы алып тұрмақ. Сонымен бірге ол жобалардың елге, халыққа шынайы қайтарымын анықтау мүмкін емес. Ол халықтың әлеу­меттік инфра­құрылымға, тір­ші­лігін қамтамасыз ету жүйелеріне қол жеткізу проб­лемаларын шешті ме, өзекті мәсе­лені күн тәртібінен алып тастады ма, оған талдау жүргізу қажет. Бұл салаға бұған дейін Бас про­куратура да ауқымды талдау жүр­гізген еді. Сонда мемлекеттік ор­ган­дардың МЖӘ объектілерінің құнын негізсіз қымбаттатып көр­сететіні, көрсеткіштерді ұлғайту үшін МЖӘ субъектілері санал­майтын тұлға­лармен немесе білік­тілік талапта­рына сәйкес келмейтін жеке әріп­тестермен формалды, жалған шарт­тар жасасқаны әшке­реленді. Әріп­тестердің шарт ая­сында қабылдаған міндеттемелерін орындамаған жағ­дайлары жетер­лік. Бас прокуратура МЖӘ-нің аса қымбат, бюджеттен шығынды көп қажет ететін шарт­та­рының басым бөлігі жеке әріптес­термен тікелей келіссөздер жолы­мен жасалғанын атап өтті. Соның кесірінен, әлде­қайда білікті болуы мүмкін бәсе­келес компаниялар іріктеуге де қатыса алмай, бірден сырт қалды. Жалпы, сарапшылардың тұжы­рымдауынша, Қазақстанда МЖӘ жобаларын ілгерілетуде жүйелілік жоқ. Оған жауапты органдардың жұмыс тиімділігін үйлестіру мен талдау жеткіліксіз. Жобалар шектеулі салаларда шоғырланған «Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасы Самат Са­ғын­дықовтың хабарлауынша, 2023 жыл­ғы 1 қаңтардағы жағдай бо­йын­ша Қазақстанда жалпы құны 2 трил­лион 114 млрд теңгені құ­райтын 1 066 концессиялық және МЖӘ шарт­тары қабылданған. Соның ішін­де 2 триллион 61 млрд теңге тұ­­ратын 805 жоба іске асы­рылып жа­тыр. Ал жалпы құны 53 млрд тең­ге­ге бағаланған 261 жоба шартта­рының мерзімі өтіп кетіпті. Бұдан та­ғы бір түйткілдің құ­лағы қылтияды. Бір қарағанда, МЖӘ жоба­ларының саны көп көрінгенімен, шынында оның басым бөлігі – ша­ғындау жобалар. Нақтыласақ, бүкіл жобаның 1 триллион 222,7 млрд теңгеден астамы небәрі 15 рес­публикалық жобаға тиесілі. Қалған 1 051 жобаға жалпы со­масы 891,5 млрд теңге тиесілі. Де­мек, бір жобаға орта есеппен мил­лиард тең­геден де келмейді. Са­лысты­ратын болсақ, мысалы, бір мектепті салу құны орта есеппен 3 миллиард тең­ге тұратыны мәлім. Мұның сыртында МЖӘ ая­сын­да жүзеге асырылатын жобалар са­нының да тоқтаусыз құлдырап бара жатқаны байқалады. Бастап­қыда 2005 жылы жалпы сомасы 77,9 млрд теңгені құрайтын 2 ірі жоба қолға алынса, 2007 жылы – 1 жоба (4,1 млрд), 2016 жылы – 14 жоба (12 млрд), 2017 жылы – 149 жоба (210,5 млрд), 2018 жы­лы – 279 жоба (887 млрд), 2019 жылы – 261 жоба (159,3 млрд), 2020 жылы – 136 жоба (224,8 млрд), 2021 жылы – 189 жоба (189 млрд) және 2022 жы­лы небәрі 35 жоба (349,6 млрд теңге) қабылданған. жемқорлық Бұдан екі жайт аңғарылады. Бі­ріншіден, рекорд орнаған 2018 жыл­ғыға қарағанда жобалар саны бү­гін­де 8 еседей кеміді. Екіншіден, жо­ба­лар бағасы осы кезеңде 3 есе­ден астамға қымбаттап шыға кел­ген. Мы­салы, бес жыл бұрын МЖӘ бір жобасының құны орта есеппен 3,1 млрд теңгені құраса, 2022 жылы бұл көрсеткіш орташа 10 млрд тең­геге жетіп қалды. Жалпы, МЖӘ ая­сында жобалар құнының басым бө­лігін мемлекет бюджеттен өтей­тінін ескерсек, мұны жақсыға жору қиын. Қазақстандық МЖӘ орталығы басшысының айтуынша, жоспар­л­ау мен дайындықтың әртүрлі ке­зе­ңінде 402 млрд теңге болатын жалпы саны 178 жоба бар. Соның ішінде құны 113 млрд теңге бола­тын рес­пуб­ли­калық деңгейдегі 17 жоба: бұл ретте 2 жобаға конкурс жарияланды. 82 млрд теңгелік 4 жобаның кон­курсы өтпеді деп та­нылды. 31 млрд теңгенің 11 жобасы жоспарлау сатысында. Бұған қоса, жалпы құны 288 млрд теңге тұратын өңірлік дең­гейдегі 161 жоба қарастырылуда. Оның ішінде 50 млрд теңгенің 35 жо­басына конкурс жарияланды. Мұнда жеке серіктестердің бас­та­масымен 8 жоба бойынша тіке­лей келіссөздер жүргізілуде. 11 млрд тең­генің 38 жобасына қызы­ғу­шы­лық болмай, конкурс өтпепті. 227 млрд теңгені құрайтын 88 жоба жоспарлау кезеңінде. Келесі бір проблема: МЖӘ жобалары белгілі бір салаларда ғана шоғырланған, салдарынан мем­лекет үшін стратегиялық ма­ңызды басқа салаларға одан қайыр болмай тұр. Әкімдіктердің әріп­тес­тері мектеп пен балабақша салуға тым құмар. Содан 2,1 триллион тең­гелік барлық 1 066 МЖӘ жо­басының 56 пайызы – білім беру саласында қор­даланған: жалпы саны – 592, ал жал­пы құны – 198 млрд теңге. Се­бебі бұл жобалар аз инвестицияны талап етеді, аста-төк табыс әкеледі. Денсаулық сақтау және әлеу­мет­­тік қызметтер саласының үле­сі – 18 пайыз (195 жоба, 412 млрд). Энер­гетика және тұрғын үй-ком­мунал­дық шаруашылығына – 13 па­йыз (141 жоба, 244 млрд), мәде­ниет және спортқа – 8 пайыз (80 жоба, 116 млрд), көлік және инфра­құры­лымға 3% (30, 843 млрд) тиді. Басқа салалардың үлесі 3 пайыз ғана (28 жоба, 301 млрд теңге). Қорыта айтқанда, МЖӘ тетігі небәрі 3 салаға қызмет етіп отыр: бұлар білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету, энергетика және ТКШ. Олардың жалпы үлесі – 87 пайыз. Әріптестің адал таңдалғаны абзал Салада қордаланған мәселе­лерді шешу үшін Президенттің тапсыр­масымен Үкімет МЖӘ заң­намасын жетілдіруге кірісті. Өткен аптада Үкі­мет қаулысының жобасы қоғам­дық талқылауға шығарылды. Оған сәйкес, Ұлттық экономика ми­нистр­лігінің мемлекеттік-же­ке­шелік әріп­тестікке қатысты функ­циялары кү­шейтіледі. Бірін­шіден, әкімдіктер жеке әріптесін анықтау тәртібіне, МЖӘ шартын бекітуге министр­ліктің келісімін алуға мін­деттеледі. Екіншіден, Эко­номика министрлігі сарапшы­лардың сы­нына орай, енді МЖӘ жобаларының әлеуметтік-эконо­ми­калық тиім­ді­лігін бағалау әдіс­темесін әзірлейді: әр жобаның елге қайтарымы бағам­далады. Ве­дом­­ство сонымен бірге МЖӘ жоба­ларының тәуекелде­рін бағалау, шарт­ты мемлекеттік міндет­теме­лерді есептеу әдіс­те­мелерін бекі­теді. Әйт­песе, жоба шамалы істеп, жа­былып қалады, оған құйылған мемлекеттік мил­лиардтар қайта­рылмайды. Бұдан бөлек, ел Парламенті былтырғы желтоқсанда МЖӘ жү­йесіне қатысты заңнамалық түзе­тулер топтамасын құптады. Оның бір бөлігі биыл күшіне енді. Қал­ғанын наурызда қалыптасты­ры­латын жаңа Мәжіліс қабылдайды: тиісті заң жобасын Сенат соған қайтарды. Ұлттық экономика ми­нистрі Ә.Қуантыровтың түсінді­руінше, жаңа заң жобасында мем­лекеттік сатып алу рәсімдерін ай­налып өтуді болдырмау үшін МЖӘ жобаларының айрықша критерийі енгізілетін болады.
«Яғни, МЖӘ жобасы міндетті 2 сатыдан құралуы қажет: жеке әріп­тес объектіні өзі құрады, оны өзі пайдаланады. Басы артық мар­­жи­налдылықты, шектен тыс та­быс­тылықты болдырмау үшін, сон­дай-ақ мемлекет пен жеке сек­тор ара­сында тәуекелдерді тең­ге­рімді бөлу үшін инвестициялық шығындардың өтемақысын төлеу алып тасталады, бірлесіп қаржы­ландыру бойынша шектеу енгі­зіледі. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жеке әріптес ре­тінде қатысуына кедергі қойы­ла­ды», – деді Әлібек Қуантыров.
Әйтпесе, Президент Қ.Тоқаев МЖӘ жобалары құнының 90 па­йыздан астамын мемлекеттің мін­деттемесі құрайтынын, оның ша­мамен 30 пайызын таяу жылдары бюджеттен төлеуге тура келетінін ескертіп, сынаған еді. Мемлекет басшысы барлық кәсіпкерлік тә­уекел бюджетке артыла салын­ға­нына екпін түсірді. Әкімнің әріп­тесі болса, шектен тыс табысқа ке­неледі, оған негізсіз көп жеңілдік те ұсынылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылауды күшейту аясында МЖӘ жобаларын жоспарлау және іске асыру процесінің ашықтығы мен айқындығы қағидатын енгізу көз­деліп отыр. МЖӘ жобаларын әл­дебір топтар монополияландырып алуын болдырмау үшін оларға антимонополиялық органның ке­лісімін алу міндетті болады. Қалай болғанда, бұл саланы түзейтін тегеурінді, түбегейлі жа­ңарулар қажет. Себебі бюджетті жүктемеден арылтуы тиіс болған тетік керісінше оны ауыр салма­ғы­мен езе бастағандай. Мысалы, қа­зақстандық МЖӘ орталығының де­регінше, МЖӘ жобалары бо­йын­ша мемлекеттің міндеттемелері 1,6 трил­лион теңгеден асты. Оның үлкен бөлігін – 172 миллиард тең­ге­ден астамын бюджет биылғы 2 023 әріптеске төлеуге мәжбүр бо­лады. Бұл миллиардтар әкімдер мен министрлерге серіктес болған қандай тұлғаларды байытып жат­қа­ны да беймәлім.