Қымбатшылықтың «қызыл аймағына» кірдік
Қымбатшылықтың «қызыл аймағына» кірдік
638
оқылды
Елімізде азық-түлік инфляциясы тым қарқын алып кетті. Жалпы, сарапшылар Орталық Азия елдерінің біразы қымбат­шылықтың «қызыл аймағында» тұрғанын айтады. Осы күні ресми инфляция 21 пайызға жақындаса, азық-түлік инфляциясы 25 па­йыздан асып кетті. Бұл – соңғы 14 жылда болмаған көрсеткіш. Енді жағдайдың оңаларына сене аламыз ба? Африкадан Азияға дейін... Былтыр халыққа оңай болған жоқ. Баға үздіксіз көтерілді, сарапшылар тиімді болмайтынын айтқанына қа­ра­м­астан шарықтаған бағаны ауыздықтау үшін Ұлттық банк базалық мөлшер­лемемені 6 рет көтерді. Ақыры оның мөлшері 10,25 пайыздан 16,75 пайызға жетті. Тақырыпты қозғамас бұрын қым­батшылық тарихын әріден бас­тасақ. Қазақстанға инфляция бұрыннан таңсық емес. Еліміздегі ең жоғарғы инфляция 1996 жылы тіркелді. Құн­сыз­дану көрсеткіші 28,7 пайыздан асты. Екінші рет 2007 жылы 18 пайызға жет­кен. Ал бұл жолғы 21 пайыздық құн­сыздық ел тарихындағы екінші жоғары көрсеткіш болып тұр. Инфляцияның ырықсыз кетуі әлемдік үрдіс болға­ны­мен, мемлекетіміздің импорт пен мұ­найға тәуелділігі проблеманы одан әрі ушықтыруда. Жағдай оңалар деген дәмемен жүр­генде жыл басталмай жатып қымбат­шылық тағы алқымнан алғаны жария болды. Биыл қаңтардың өзінде инфля­цияға тағы 1,1 пайыз қосылды. Басқаны айтпағанда, тек азық-түліктің баға өсімі 25,3 пайызға жетті. Айтпақшы, жыл басындағы Үкіметте өткен жиында шен­ділер «биылғы міндет – инфля­цияны 2 есе төмендету» деп ұрандатқан болатын.
«Баға өсімін ұстап тұру жұмыстары басты назарда болуы тиіс. Өткен жылдың қорытындысы бойынша инфляция 20,3 пайызды құрады. Инфляцияға ең алдымен азық-түлік бағасының өсуі себепші болып отыр. Яғни, салалық министрліктер мен әкімдіктер бұл мәселе бойынша қажетті іс-шараларды жеткілікті қабылдай алмады. Біздің міндетіміз – биыл ин­фляцияны 2 есеге төмендету. Ол 9,5 пайыз шегінде болуы керек. Бұл – өте күрделі міндет. Сондықтан кез келген проблеманың алдын алу шараларына баса мән беріп, жұмыла әрекет етуіміз қажет», – деген Үкіметбасы Әлихан Смайылов.
Алайда министрлердің істеп жатқан жұмысы білінбейді. Әйтеуір, жыл ая­ғында шамасыздығы үшін Үкімет құ­рамын тағы жаңартып жатпасақ болды. Өндірісі жоқ елдің өрлеуі қиын. Сон­дықтан қаншама іс-шарадан күтетін нәтиже аз. Біз жоғарыда «қызыл аймақ» деген сөзді бекер қоспадық. Өйткені халімізді әлем елдерімен салыстыр­ғанда, сол деңгейде екенімізді білеміз. Ourworldindata таяуда әлем елдерінің әрқайсысы азық-түлікке қанша шы­ғындалатыны жөнінде мәліметтерді шы­ғарды. Жағдайды үш деңгейге бө­ліп қарастырған. Біріншісі «жасыл ай­мақ» – азық-түлікке алаңдамайтын елдер, екіншісі «сары аймақ» – орташа көрсеткіш, үшіншісі «қызыл аймақ» – қымбатшылық әбден қыса бастаған мемлекеттер көрсеткіші. Мәселен, «жасыл аймақтың» төрінде тұрған АҚШ-та жұрт азық-түлікке табысының бар болғаны 6,7 пайызын жұмсайды екен. Ал экономикасына алаңдай бас­таған Финляндияның өзінде көрсеткіш 12 пайызбен шектелген. «Сары аймақ­та» қазір қақтығыспен күні өтіп жатқан Украина (41,6 пайыз) және Ресей (29 пайыз) бар. Тіпті, Беларусь (32,1 пайыз) пен Әзербайжанды (43,6 пайыз) да осында табасыз. «Қызыл аймақта» Африка елдері, Өзбекстан және Қазақ­стан тұр. Көршіміз табысының 46,5 пайызын, біз 49,4 пайызын жұмсаймыз. Ең соңында тұрған Нигерия 59 пайыз межеде. Осыған қарап биліктің әре­кетке көшер кезі әлдеқашан келгенін жеткізгіміз келеді. Өндірісі жоқ ел өрлемейді Жыл басында елімізде азық-түлікті бөліп төлеуге, яғни қарызға сатып алушылардың саны артқаны жайлы мәлімет көп таралды. Экономистер несиеге тамақтану кедейлік сатысын одан әрі арттыратынын айтып, дабыл қақты. Бұған дейін елдің несиеге тұр­мыстық техника, үйге керек-жарақтар­ды сатып алатынын білетінбіз. Бірақ ішер тамағын бөліп төлеуге алу жағдай­дың қиын екенін аңғартса керек.
«Бұған елімізде инфляцияның өсуі кері әсерін тигізуде. Тұрғындардың та­бысы көбейгенімен, инфляция да оны басып кетуде. Сәйкесінше, бұл еліміз­дегі кедейлік деңгейін одан сайын өсі­ріп жатыр. Бөліп төлеуге азық-түлік ала­тын адамдар негізінен кедейлер са­натына кіреді. Себебі олардың та­мақ­тануға да қаражаты жетпейді деген сөз», – дейді экономист Арман Байғанов.
Оның айтуынша, бұлай несиеге азық-түлік алу тоқтамаса, Қазақстан­дағы кедейлік деңгейі әлі де өседі. Әрі қарай жағдайдың қалай өрбитіні көп­шілікті толғандырары анық. Сонымен, мәселенің тамыры тым тереңде. Мем­лекет экономиканы неше жылдан бері арзан ақшамен қаржыландырды. Іс жүзінде оның нәтижесі төмен болғаны анық. Елдегі тауар өндірісі, яғни ұсы­ныс көлемі айналымдағы ақша масса­сына сай болмаған соң баға қалтаны қағуда. Экономист Расул Рысмамбетов алдағы уақытта оңай болмайтынын болжайды.
«Үкімет осы уақытқа дейін ішкі өндіріске көңіл бөлмей келді. Мұнай мен металл экспортына ғана жұмыс істеп, қалғанын сырттан сатып ала са­ламыз деп ойлады. Бірақ бұл бізді құт­қарған жоқ. Тым болмағанда күнде­лікті тұтынатып тауарларды елде өн­діруге болатын еді. Біз Ресейге сеніп қалдық. Халықаралық концерндердің Ресейдегі нүктелері арзан тауарлар жет­кізіп отырды. Биыл көпшілігі кетіп жа­тыр. Биылғы инфляция төбеден түс­кен жоқ. Бұрын тежеуге болатын еді. Биыл ырықтан шығып кетті», – дейді ол.
Маманның сөзінше, еліміз тез арада импорт пен экспортты әртарап­тан­дырып үлгермейді. Сондықтан біздегі баға импортқа байланып тұр. Ресейдің геосаяси ахуалы ушығып, әлемдегі ең ірі өндіруші Қытай да коронавируспен әуре болып жатқанда, тауар жеткізу тізбегі қалпына келмейді. Демек, қым­батшылықтың көкесі алда деген сөз. Бір дәйек, дүниежүзіндегі сарапшылар 2026 жылға дейін инфляция бәсеңде­мейтінін болжаған. Елдегі экономистер де осыны айтып отыр. Үкімет білек сыбана кіріспесе, істің бәрі текке кет­пек. Иә, 2022-2024 жылдарға арналған шаралар кешенін әзірлегенін білеміз. Өндіріс көлемін ұлғайту, тауарлар мен көлік логистикасын дамыту, моно­полияға қарсы реттеу сияқты жүйелі шаралар қарастырылған. Дегенмен іске аспайынша көкейде күмән қала беретінін даусыз. Қалай болғанда да, жағдай жақсы емес. Базалық ставка өскен соң теңге салымының артқаны жайлы айтылады. Бір жағынан жақсы тұсы сол шығар. Бірақ билік те, халық та тұтынушы рө­лімен қоса, жинақтау кезеңіне өткені жөн тәрізді. Әйтпесе, күнкөріспен әуре азаматтар көбейе береді.