Былтыр ЮНЕСКО көлемінде Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы атап өтілді. Мерейтой аясында ұлт ұстазының бірқатар шығармасы шет тілдеріне аударылды. «Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалы жарық көрді. Лондонда ағылшын тіліне аударылған кітаптың тұсаукесері өткен-ді. Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы таңдамалы еңбектерін қазақ, ағылшын, орыс және түрік тілдерінде әзірледі. Ахаң мұрасын аударған аудармашылардың бірі – Ақнұр Төлеубаева. Аудармашының айтуынша, ұлт ұстазының шығармасын ағылшын тіліне аудару оңай болмаған секілді. – Ақнұр ханым, Ахмет Байтұрсынұлының шығармасын ағылшын тіліне аударғаныңызды естіп жатырмыз. Қандай шығармасын таңдап алдыңыз?
– Біз үш аудармашы бірігіп, Ахаңның шығармаларын қазақ тілінен ағылшын тіліне аудардық. Біздің қолымызға тигені – 1931 жылы жарық көрген «Тіл құралы» атты еңбегі. «Тіл құралы» еңбегі бұған дейін ағылшын тіліне аударылмаған екен.
– Ахаңның «Тіл құралын» ағылшынға аудару қиын болмады ма?
– Әрине, қиындық тудырды. Біріншіден, бұл еңбектің шыққанына бір ғасырдай уақыт болған. Ол – 1931 жылы басылып шыққан еңбек. Оның тілі де оңай емес. Кейбір сөздерді түсіну қиын болды. Сөйлем құрылымдары да өте күрделі. Екіншіден, сол кезеңдегі қазақ тілі мен қазіргі қазақ тілінің арасында айырмашылық бар. Мәселен, өсімдік немесе пайда деген сөздерді алайықшы. Ол уақытта пайданы фәйде деп, өсімдікті «жер түгі» деп берген. Мұндай сөздер «Тіл құралы» еңбегінде көп кездеседі. Оның мағынасын өзгертпей, дұрыс аудару үшін түсіндірме сөздік керек. Сол үшін бізге арнайы сөздік дайындап берді. Сөздік арқылы түсінбеген кей сөз тіркестерін қарап, салыстырып отырып, аударып шықтық. Қазіргі қазақ тілі грамматикасы, мәтін түзеуі мен сөйлеуі мүлде басқа. Ұстаз еңбегін соған салғымыз келсе де, оған келмейді. Өйткені мұртын бұза алмайсың. Сол үшін де аударма кезінде қиындық туғаны рас.
– Бұған дейін қайраткердің шығармалары өзге тілге аударылған ба?
– Бұған дейін ұлт ұстазының шығармалары қанша тілге аударылғаны туралы нақты дерек білмеймін. Осы жылы «Тіл құралы» еңбегі алты тілге аударылды. Оның ішінде ағылшын тіліне біз аударсақ, түрік, орыс тіліне өзге мамандар аударма жасады. Мұның бәрі жақында ашылған baitursynuly.kz сайтында берілген.
– Ағылшын тіліне аудару туралы ұсыныс қайдан түсті?
– Бізге ұсыныс жасаған – Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы. Сол мекеменің қызметкері хабарласып, ұсыныс білдірді. «Қолымыздан келгенше, аударып көрейік» дедік. Әрине, ұлт қайраткерлерінің ұлттық мұралары ағылшын және басқа тілдерге аударыла бергені дұрыс. Өзге ұлт өкілдері де қазақтың зиялыларының еңбегімен таныса бергені жөн. Осы тұрғыдан алғанда, Ахмет Байтұрсынұлының шығармасын ағылшын тіліне аударғанымызға қуанамыз.
– Әңгімеңізге рақмет!