Депозиттерге өтемақы төлеуге өтініш қабылдаудың аяқталуына бес-ақ күн қалды
Депозиттерге өтемақы төлеуге өтініш қабылдаудың аяқталуына бес-ақ күн қалды
Фото: kapital.kz
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры депозиттер бойынша өтемақы төлеуге өтініш қабылдау 5 күннен соң аяқталатынын ескертеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Теңгелік депозиттер бойынша 10% мөлшерінде өтемақы (сыйлықақы) төлеуге өтініштер қабылдау 2023 жылдың 10 ақпанына дейін ұзартылған еді. 10 ақпаннан кейін өтініштер қабылдау автоматты түрде аяқталады. Соңғы деректер бойынша, 2023 жылдың 3 ақпанына қарай, банктер депозиттер бойынша өтемақы (сыйлықақы) төлеуге салымшылардан 306,2 млрд теңгеге өтініштер қабылдады. Бұл – өтемақының әлеуетті сомасының 92,9%.
«Әлі күнге дейін өтініш бермеген салымшыларды мемлекет беретін біржолғы сыйлықақыны алуға өтініш беруге шақырамыз. Бұл үшін салымшы депозиті ашылған банкке жүгінуі тиіс. Ол үшін 10 ақпанға дейін банктердің бөлімшелерінде немесе мобильдік қосымша арқылы онлайн түрде жасауға болады. Банктер сыйлықақыны 2023 жылдың 23 ақпанынан кейін төлей бастайды. Осы ретте өтемақы салым бойынша банктер төлейтін пайыздық сыйақы мөлшерлемесінің үстінен қосымша есептеледі», – дейді ҚДКБҚ төрағасының орынбасары Алмас Құдайбергенов.
Өтемақы депозитте 2022 жылдың 23 ақпанынан 2023 жылдың 23 ақпанына дейінгі аралықта депозитте болған ақшаға есептеледі. Толық мәліметті банктерден білуге болады. Көкейдегі сауалдарды info@kdif.kz поштасына, @kdif_ask Тelegram чатына жолдауға, 1460 тегін нөмірі арқылы ҚДКБҚ байланыс орталығына хабарласып, анық-қанығын сұрауға да болады.