Әкімдіктер азық-түлік сататын делдалдарды көбейтіп отыр – Смайылов
Әкімдіктер азық-түлік сататын делдалдарды көбейтіп отыр – Смайылов
Фото: akorda.kz
Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырудың жаңа тәсілдерін іске асыру мәселесі қаралды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады. Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин биыл қаңтар айының қорытындысы бойынша, инфляция 1,1% болғанын айтты. Оның ішінде, азық-түлік бойынша инфляция – 1,4%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы – 0,9%, ақылы қызметтер бойынша – 0,7%. Азық-түлік инфляциясының ең жоғары деңгейі Астана мен Шымкентте (2,2%-дан), Қызылорда және Солтүстік Қазақстан (1,8%), Ақтөбе (1,7%) және Ұлытау (1,5%) облыстарында қалыптасты. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі жыл басынан бері 1,7% болды. Апта сайын динамика әртүрлі деңгейде – +0,3/+0,4%. Маңғыстау (3,4%), Ұлытау (2,8%) облыстарында және Астана қаласында (2,5%) баға қатты өскен. Атап айтқанда, пияз 22,5%-ға, күріш 5,2%-ға, қырыққабат 4,1%-ға, сүт пен сәбіз 3,1%-ға, картоп 3,0%-ға, кеспе 2,6%-ға қымбаттады. Қазір республикада бағаны тұрақтандыру құралдары қайта қаралды. Мәселен, «айналым схемасы» шеңберінде қарыз беру бойынша тәсіл қайта форматталды – қазір тікелей өндірушілерге беріледі. Тұрақтандыру қорларын қалыптастыру тетігі өзгертілді. Өнімді сатып алу егін жинау кезеңінде, яғни нарықта баға бәсекелестікте кезде жүреді, ал олар маусымаралық кезеңде сатылады. Бұдан басқа, ауыл шаруашылығы өндірушілерінен өнімді сатуға дейін сақтауға мүмкіндік беретін келісімшарт жасауға форвардтық сатып алу тетігі енгізілді. Бүгінде 2022 жылғы егін келісімшарты бойынша нақты қорлар: пияз – 110%, картоп – 105%, сәбіз – 87%, қырыққабат – 70%. Қазір сауда объектілері арқылы пиязды сатып бастау туралы тапсырма берілді. Серік Жұманғарин республиканың барлық ірі сауда желілері бағаны тұрақтандыру жұмыстарына қатысатынын айтты. Азық-түлік қоры туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, азық-түлік бағасының мониторингі туралы Ұлттық статистика бюросының басшысы Жандос Шаймарданов баяндады. Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы және Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек өңірлердегі бағаны тұрақтандыру шаралары туралы баяндама жасады. Премьер-Министр 2023 жылға арналған негізгі міндеттердің бірі 2023 жылдың қорытындысы бойынша, инфляцияның деңгейін 9,5%-дан асырмау екенін айтып өтті. Бұған қол жеткізуге әбден болады. Тек бұл үшін барлық өңірлердің азық-түлік бағасын тұрақтандыру, әсіресе маусымаралық кезеңде бағаны ұстап тұру бойынша белсенді жұмысы қажет. Үкімет басшысының айтуынша, әкімдіктерге барлық қажетті тетіктер ұсынылды, қаражат бөлінді, алайда жергілікті жерлерде аталған мәселеге салғырт қараудың салдарынан бағаның өсуі тоқтайтын емес. Мысалы, Премьер-Министр өңірлерге пияз бойынша келісімшарт жасау тапсырылғанын айтты.
«Әкімдер өнім көлемі жеткілікті деп бірнеше рет айтты. Онда пияз неліктен қымбаттайды? Біздің елімізде пияз көп өседі. Алайда бағаны төмендету үшін пияз экспортына тыйым салып, шұғыл шаралар қабылдауға мәжбүр болдық», – деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысы республикадағы форвардтық сатып алу тетігі бірінші кезекте өндірушілерді қаржыландыру үшін қайта форматталғанын айтты. Алайда әкімдіктер делдалдарды көбейте отырып, жеткізушілерге қаражат бөлуді жалғастыруда.
«Өңірлерге тиімді бағамен тұрақтандыру қорларын толтырып алуға мүмкіндік берілді», – деді Премьер-Министр. 
Сонымен қатар Үкімет басшысының айтуынша, жыл басынан бері сауда саласындағы заңнаманы бұзушылық фактілері жоқ, дегенмен барлық әкімдіктерге тиісті өңірлік комиссиялардың жұмысын жақсарту үшін алгоритмдер мен ұсынымдар жіберілген болатын.
«Алайда өңірлерді комиссия отырыстарын өткізуге «қинағандай етіп» мәжбүрлеп отырмыз. Оның өзі де ешқандай нәтиже беріп отырған жоқ. Тағы да қайталап айтамын: азық-түлік өнімдеріне бағаны тұрақтандыру – Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың аса маңызды міндеті. Жұмысқа немқұрайлы қараса және нәтиже болмаса, тиісті шешімдер қабылданады. Бұл туралы бұған дейін де айтылды», – деді Әлихан Смайылов.
Осыған байланысты Үкімет басшысы сатып алу-сату кезіндегі тауарлар көлемі мен бағасын ерекше бақылауға алуды тапсырды. Осы орайда Премьер-Министр әкімдіктерден тек бақылау-кассалық аппараттарды қолданатын сауда объектілерінде тұрақтандыру қорларынан өнімдерді сатуды жүзеге асыруды талап етті. Сонымен қатар Премьер-Министр барлық аудандарды қамти отырып, тұрақты негізде арнайы жәрмеңкелер өткізу және бағаны, көлемді, қарсы міндеттемелерді және айыппұл санкцияларын белгілеу жөніндегі міндетті шарттарды көрсете отырып, форвардтық сатып алу шартының бірыңғай форматын әзірлеу қажеттігін атап өтті.