Түрік жаттықтырушысы жер сілкінісінен отбасындағы 15 адамнан айырылды
Түрік жаттықтырушысы жер сілкінісінен отбасындағы 15 адамнан айырылды
фото: sport24.ru
Түркиядағы жер сілкінісінен «Сивасспор» футбол клубының жаттықтырушысы Айхан Тенбелоглу отбасындағы 15 адамнан айырылды. Бұл туралы ensonhaber сайтына сұхбат берген түрік командасының бас жаттықтырушысы Рызы Чалымбай айтты, – деп жазады halyq-uni.kz.
Бұл өте қайғылы жағдай болды. Біз Сиваста зілзала туралы естіп, білдік. Сол күні таңертең мен «Хатайспор» клубында істейтін өзімнің бұрынғы көмекшім Шыңғыс Қожаға  хабарластым. Ол менің көмекшім Айхан Тенбелоглудың отбасындағы 15 адамнан айырылғанын естіртті. Бүтін бір отбасы кетіпті. Отбасы болғанда 15 адамнан, ең жақын адамдарынан айырылу деген сұмдық. Алла сабыр берсін, –  деді ол.
Содан кейін команданың бас жаттықтырушысына ұлттық құраманың экс-футболшысы Волкан Демирел хабарласып, үйіндінің астында көптеген спортшының да қалып қойғанын айтқан. Соның ішінде әйелдердің «Хатай» волейбол клубының 14 спортшысы үйінді астында қалған. Қолда бар мәліметке қарағанда, Кахраманмараштағы күрес клубының 30-40 спортшысы да қираған ғимараттың астында қалып қойған. Соңғы дерекке қарағанда, Түркияда жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 3 381 адамға жетті. Бұл туралы Түркияның төтенше жағдайлар басқармасы жер сілкінісі және тәуекелдерді азайту бөлімінің бас директоры Орхан Татар мәлімдеді. Зілзаладан 20 426 адам жараланды, 11 302 ғимарат зақымданды. Оның ішінде 5 775 ғимарат қирады.