Түркиядан эвакуацияланған Қазақстан азаматтары жер сілкінісінде далада қалдырмаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне алғыс айтты.
Кеше 41 қазақстандық құтқарушы техникасын тиеп, Түркияға арнайы ұшақпен барды. Ұшақ қайтар жолда 16 отандасымызды елге алып келді. «Хабар24» арнасының дерегінше, арасында Қырғызстанның екі азаматы бар.
Олар Газиантеп қаласында болған. Арнайы борт кеше кешкісін елорда әуежайына келіп қонды. Елге қайтатын ұшақтың болатынын Қазақстан елшілігінен білген. Үйге оралғандардың барлығы дін аман. Тек бір студент аяғын қатты жарақаттап алған.
«Жер сілкінісі кезінде жоғарғы қабаттан төмен қарай қашқанда немерем аяғын жарақаттап алды. Қазір балдақпен жүр. Бастысы аман шықтық. Үлкен немерем сол Түркияда дәрігер мамандығында оқиды. Екінші немереммен қонаққа барған болатынмын. Енді біздің басшылардың арқасында өз үйімізге аман-есен жетіп отырмыз. Бәріңізге рақмет», – дейді Марина Фаргиева.
Зілзала ошағында болғандар қорқып қалған. Куәгердің айтуынша, жер екі минуттай қозғалған.
«Алдың күні түнде сағат 04.30-да жер сілкінісі басталды. Содан үйге мүлде кірген жоқпыз. Жұмысқа бардық. Жұмыста отырдық. Содан жұмыстан тікелей әуежайға келдік. Үй сілкінген кезде жүре алмай қалдық. Бір адым аттай алмай қалдық. Тынышталғанға дейін күттік. Жер 2 минуттай қозғалды. Үйдің қабырғалары жарылды. Кейбір ғимараттар құлап қалды. Сол ғимараттың астында қалып кеткен менің әріптесім бар. Сол бүгін кешке мәйітін тапты», – дейді Айбөбек Нарбекқызы.