Өңірдегі облыстық басқармалар мен департаменттер, жалпы мемлекеттік мекемелер сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстарының есебін бергенде қанша жиналыс пен дөңгелек үстел өткізгендерін, басылымдар мен телеарналарда қанша сұхбат бергендерін, қанша баннерді көшеге ілгендерін санамалап, құр сандарды сайрата бермей, нақты істерге көшкені жөн.
Жуырда Nur Otan партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қоғамдық кеңестің мүшелері баяндамашыларға нақты осындай талап қойды.
Айта кетсек, кезекті рет өткізілген кеңестің мәжілісінде облыстық Полиция департаменті мен облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері былтыр сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарған шаруаларының есебін берген болатын.
Кеңес мүшелерінің алдында алдымен сөз алған ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Ержан Ктанов өткен есепті жылда департамент қарамағындағы бір ғана лауазымды тұлға жемқорлық құқықбұзушылық бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын жеткізді. Оның айтуынша, департаменттің Қатонқарағай ауданы бойынша басқармасы бастығының орынбасары Р.Рахимов Қылмыстық кодекстің 366-бабы, 2-тармағында (пара алу) көрсетілген қылмысты жасаған. Ал жалпы 2019 жылда мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін жағдайлар кездеспепті.
Ал Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Ренат Ұнарбековтің баяндауынша, тиісінше жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде полицейлер арасындағы жемқорлық қылмыстары былтырмен салыстырғанда бірден 78 пайызға азайып кеткен екен.
Сонымен қатар ол аймақтағы ішкі істер бөлімдері қызметкерлері бес қылмыстық құқықбұзушылыққа жол бергенін де жасырмады ( 2018 жылы бұл көрсеткіш 18 болған). Жасалған бес қылмыстың үшеуі сыбайлас жемқорлыққа қатысты. Алдыңғы жылы бұл сипатта 19 қылмыс жасалған болатын. Бастықтың орынбасарының мәлімдеуінше, қылмысқа барған полицейлер мен олардың бастықтарына ең қатаң тәртіптік шаралар қолданылған.
Осылай деген екі шенеунік те, келесі ретте әдеттегі жүрістерінен танбай, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда атқарып жатқан шаруаларын, өңірлік БАҚ арқылы қанша материал жариялағандарын, қанша жерге сұхбат бергендерін жарыса баяндады.
Алайда облыстағы екі үлкен департамент өкілдерінің «Бізде бәрі жақсы, жұмысты ойдағыдай істеп жатырмыз» деген сыңайда берген есебі кеңес мүшелерінің көңілінен шыға қоймады.
– Баяндамаларыңызды тыңдап отырсақ, сіздерде бәрі жақсы секілді. Алайда шын мәнінде олай емес екенін бәріміз де жақсы білеміз ғой. Негізінде нақты атқарылған шаруаларды, қол жеткізілген нәтижелерді баяндау керек. Ал ондай жұмысты өкінішке қарай, көре алмай тұрмыз, – деді қоғамдық кеңестің мәжілісінде облыстық мәслихат депутаты, кеңестің мүшесі Олег Чернышов.
Сонымен қатар кеңес мүшелері мәжіліске үнемі тек орынбасарлар мен бөлім басшылары ғана келетінін, ал бірінші басшылар мүлдем төбе көрсетпейтіндігін де нақты фактілерді алға тарта отырып, сынап тастады.
Дәурен АЛЛАБЕРГЕН,Шығыс Қазақстан