21 жыл құпия «құлпына» таңылған қылмыс. Күдік пен үміт. Күту мен сену. Жаза мен әділетсіздік. Иә, сюжеті шетелдік шытырман фильмнен кем түспейтін бұл оқиға былтыр жамбылдық жұртшылықтың жағасын ұстатқан болатын. Ширек ғасыр бұрын көршісін атып өлтіріп, бастырма астына көміп тастаған Есмағамбет Тілеужанов өткен аптада сот залынан босап шықты. Күдіктінің кінәсі толықтай дәлелденсе де, қылмыстық жауапкершілікке тарту мерзімі ескіруіне байланысты сот қаскөйді жазасыз қалдырды. Алайда марқұм Кеңесхан Мәдіхановтың жақындары Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, атақты «Тараз» триосының әншісі Асылхан Шүңіреков пен Қасымхан Шүңірек бұл әділетсіздік деп, сот шешімімен келіспей отыр. Жалпы, бұл жантүршігерлік оқиға 1998 жылдан тамыр тартады. Сол жылы Мойынқұм ауданы Мойынқұм ауылының тұрғыны Кеңесхан Мәдіханов үйден шығып, белгісіз жағдайда жоғалып кеткен. Сол кезде полиция із-түссіз жоғалу дерегі бойынша тиісті жұмыстар жүргізген. Алайда арада бес жыл өткен соң айғақтардың болмауына және мерзіміне байланысты іс қысқартылған. Міне, осы Кеңесханның жоғалу жұмбағы 21 жылдан кейін былтыр ашылған еді. – Полиция істі қысқартқанымен, біз бауырымызды іздеуді тоқтатқан емеспіз. Былтыр тамыз айында бауырымның жоғалуына байланысты тағы бір жайттардың ұшы шығып, прокуратураға арызданып бардым. Олар тексере келе, ағамның кісі қолынан қаза тапқанын анықтады. Сөйтсек, 1998 жылы күздігүні ағаммен бірге үш адам болған екен. Сол жерде болған Сейфулла есімді жігіт үйіне жылап барған. Әйелін көрген кезде күйеуі ағамды өлтіріп қойғанын айтқан. Бірақ әңгіме сол жерде қалған. Сол үйде әйелінің Қадірхан есімді ағасы жүріп, бәрін естіген. Уақыт өте келе күйеубаласы қайнағасын үйіне сыйғызбай, қуа бастайды. Сол кезде қайнағасы «Советханды өлтіргендеріңді айтамын» дейді. Күйеубаласы «Айтсаң айта бер, 20 жыл уақыт өтіп кетті ғой, енді ештеңе бола қоймас» дейді. Сөйтіп қайнағасы басқа бір үйге барып, тіршілігін жалғастырады. 2017 жылы қайнағасы қайтыс болады. Өлер алдында бұл қылмыс жайлы малын бағып жүрген Болат және Халима есімді кісілерге айтып кетеді. Ал ол кісілер бізге рулас, туыс болып келетін. Біз өзіміз Таразда тұрамыз, сосын ауылға бір барғанымда «Аға, біз сіздерді анда-санда тойлардан ғана көреміз, айтуға ыңғайсыз, бірақ ішке сыймайды, ұйқы жоқ» деп бар жағдайды айтып берді. Олар үш адамның атын атады. Сосын мен прокуратураға жаздым. Жамбыл облыстық прокуратураның тапсырмасымен Мойынқұм аудандық прокуратурасының бақылауымен үш айдың ішінде істің беті ашылды, – дейді Асылхан Шүңіреков. Ал жантүршігерлігі, күдікті ретінде ұсталған Есмағамбет Тілеужанов көршісі Кеңесханның өлі денесін өз ауласына көміп, үстіне бастырма тұрғызып тастаған. Осылайша, табаны бетондалған жерде марқұм тұп-тура 21 жыл жатқан. Әрі көршісі арагідік келіп, «Кеңесхан табылмады ма?» деп үй иелерінен сұрап жүрген.
Бұл іске қатысты былтыр облыстық прокуратура ресми мәлімдеме жасап, оқиғаның қалай өрбігенін баян еткен болатын. Мәлімдеме мәтініне сүйенсек,1998 жылы желтоқсан айында Кеңесхан Мәдіханов пен Есмағамбет Тілеужанов бірге ішімдік ішкен. Екеуінің арасында жанжал шығып, сол кезде ИЖ маркалы 12-калибрлі мылтықтан оқ атылып, Кеңесхан оқиға орнында қаза тапқан. Сондай-ақ прокуратура күдіктінің қылмыстық әрекетіне заңды баға беріліп, Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі бойынша 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленуі мүмкін екенін айтқан. Алайда сот процесінің қорытындысында қылмыскер сот залынан босап шығып отыр. – Бұл – әділетсіздік. Есмағамбет 21 жыл бойы бауырымыздың денесін аяғымен таптап қана қоймай, біздің арымызды да таптап отыр. Тергеу барысында ол алты түрлі жауап берген. Қылмыс орын алған түні Есмағамбетпен бірге Сейфулла және Бөгенбай есімді жігіттер бірге болған. Алайда оларды сотта тек куәгер ретінде қарады. Біз бұнымен келіспейміз, – дейді Қ.Шүңірек. Оның айтуынша, бауырының денесін бастырма астынан құзырлы органдар қазып алғаннан кейін 1,5 ай сот сараптамасын күткен. Туыстары «Кеңесханның денесін қашан жер қойнына тапсырып, әруағына құран бағыштаймыз» деп қоймаған соң, тергеуді жүргізіп жатқан Мойынқұм аудандық ПБ-нің аға тергеушісі Мәлік Ермегеевке барып, мән-жайды сұраған. Содан ол бірнеше құжатқа қол қойып, сүйекті алуға болатындығын айтқан». Бір бума қағаздың бірнешеуін оқып көріп едім, бәрі сот сараптамасына байланысты екен. Содан тергеуші қалған құжаттарда осы мәтінде жазылғанын айтып, қол қойып бере салуды сұрады. Сөйтсем, соның арасына «жүргізілген тергеу барысына еш қарсылығым жоқ» деген құжатты да салып жіберіпті. Міне, осы қағаз сотта алдымнан шықты. Онда біз 2001 жылы ағамыздың мәйітін тауып, жер қойнына тапсырған болып көрсетіліппіз. Сонда осы ақылға сыйымды ма? Құқық саласының қызметкерлерінің өзі ағамның денесін былтыр Есмағамбеттің бастырмасының астынан қазып алып жатқанда, біз оны қалай 2001 жылы тауып, жерлеп қоямыз? – дейді марқұмның туысы. Ал атақты «Тараз» триосының әншісі Асылхан Шүңіреков қылмыскердің бостандыққа шыққаны ауыл ағайындары арасындағы жанжалға ұласып кете ме деп қорқатынын жасырмады. – Осы іске байланысты «Алла жазасын берер» деген болатынмын. Бірақ ағамның артында қалған балалары мен басқа да бауырлары «Қылмыс жасап, неге көшеде тайраңдап жүреді» деп ашуға булығуда. Мұның бәрі жүректі ауыртады екен. Жастар кек аламын деп немесе бір нәрсе бүлдіріп қоя ма деп қорқамын. Қазірдің өзінде ауылдастар ру-руға бөлініп, бір-біріне тістерін қайрап отыр. Егер біздің қайта берген аппеляциялық сотымыз дұрыс үкім шығармаса, мұның арты жақсылыққа апармайды. Біз қазір қылмыстық істі «бұзақылық және қасақана адам өлтіру» бабы бойынша қарауға сотқа құжаттар дайындап жатырмыз. Бұл бап бойынша қылмыстық істің ескіру мерзімі жоқ екен. Енді осы бап бойынша тергеуді қайта жүргізуді талап етеміз. Егер оған құзырлы органдар назар аудармаса, онда біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдаймыз. Себебі бұл айыпталушы мен жапа шегушінің арасындағы іс емес, тұтас ауыл мен ағайын арасындағы араздыққа ұласқалы тұр, – дейді Асылхан Шүңіреков. Иә, қазір марқұм Кеңесхан Мәдіхановтың артында Тамара есімді жары мен бала-шағасы қалды. Бұдан бөлек, туған-туыс, жора-жекжаттары бар. Міне, осы азаматтардың барлығы кінәсі толықтай дәлелденген қылмыскер лайықты жазасын алуын сұрайды. Енді мұны аппеляциялық сот пен құқық қорғау органдары анықтай жатар.Қазірдің өзінде ауылдастар ру-руға бөлініп, бір-біріне тістерін қайрап отыр. Егер біздің қайта берген аппеляциялық сотымыз дұрыс үкім шығармаса, мұның арты жақсылыққа апармайды.
Жамбыл облысы