Жарнамен тіс емдеу жеңілдей ме?
Жарнамен тіс емдеу жеңілдей ме?
© коллаж: Елдар Қаба
660
оқылды
1 қаңтардан бастап Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тарапынан стоматологиялық қызмет көрсету бойынша келісімшарт жасау тәртібіне өзгеріс енгізілді. Сондай-ақ қордың биыл осы қызметке деп жоспарлаған қаржысы да былтырғы көлемнен аз болып шықты. Осы тұсты нақтылай кету үшін сауалдарымызды аталған қор өкіліне жолдаған едік. Елімізде стоматологиялық қыз­меттің бағасы өте қымбат. Тіс дәрігері аузыңа үңіліп қараса не­месе консультация берсе қызметіне алатын ақысы 1 мың теңгеден басталады. Тісті жұламын деп шеш­се, 10-15 мың теңге, ол ақыл тіс болса, 20 мың теңге дайындай беру керек. Тісжегіні емдету – 10 мың теңге, асқынып кеткенін ем­деу 15 мыңнан асып кетеді. Пуль­пит, яғни тіс ұлпасының қабынуы болса, оны емдету орташа 20 мың, қабыну бірнеше тістің түбіріне жалғасса, 30 мың теңгеге дейін өсе­ді. Сервис бағасына анестезия жүргізу, пломба орнату материалы деп қосыла береді. Осыншама қымбат қызметті әрбір адамның қалтасы көтермейді. Сондықтан МӘМС жүйесі арқылы көрсеті­летін стоматологиялық қызметке жүгінеді. Өйткені бұл қызмет тегін көрсетіледі. Аталмыш қордың ұсынған мәліметі бойынша, былтыр стома­тологиялық қызметке 37,8 млрд теңге қаражат бөлінген. Биыл жос­парлы түрде 32,8 млрд теңге бөліп отыр. Қордың заңды және жеке тұлғалармен жұмыс істеу департа­ментінің директоры Забира Ора­залиева қаржы көлемінің неліктен азайғанын түсіндіріп берді.
«Былтыр стоматологиялық қызмет клиникалардың қызметте­рін алу үшін тұтынушылар өзі тір­келген медициналық мекемелердің атынан баратын. Әрбір пациент үшін тіркелген емханасы ақша төлейтін. Биылдан бастап әрбір стоматологиялық клиникамен қор өзі тікелей келісімшарт жасасып жатыр. Себебі басқа емханалар келісімшартқа отырған кезде әрбір пациенттің қызметті пайда­лан­ғаны, яки пайдаланбағаны, қандай көлемде пайдаланғаны, қызметтің қаншалықты сапалы болғанына баға беріп, есебін жүргізе алмайтын болғандықтан, осындай қиын­дық­тар туындап, қаражат көлемі аздап қадағалаусыз кетіп қалған», – деді Забира Оразалиева.
Оның айтуынша, былтыр сто­матологиялық қызметтерге қорда жоспарланған сомадан артық, қо­сымша қаражат жұмсалған. Өйткені бұрын қызметтің сапасы жөніндегі бақылау жұмысы жүкте­месіне қарамастан пациент тір­келген емханаға жүктеліп келген. Ал оның ішінде «пациент алмаған меди­ци­налық қызметті алды» деп жазатын жағдайлар кездескен. Мұндай фак­тілерді қор сарап­шылары мо­ни­торинг жасаған кезде медицина­лық құжаттардан анықтады.
«Негізі, қор көрсетілген қыз­меттің сапасына мониторинг жүр­гізе отырып, ақысын төлейді. Мо­ниторинг қормен тікелей келі­сімшартқа отырған емханаларға ғана жүргізіледі. Біздің жеткізу­шілердің қосымша жеткізушісі болып табылатын клиникаларға қор ешқашан мониторинг жүргізе алмайтын болғандықтан, осы ше­шімге келдік. Бұдан былай сто­ма­тологиялық қызметтерге ақы төлеу тікелей қор тарапынан жүргізіле­ді», – деді департамент директоры.
1 қаңтардан бастап қор көр­сетілген қызметтер көлемін бақы­лап, сапасына мониторинг жасау­ды жүргізеді. Еске сала кетсек, міндетті әлеу­меттік медициналық сақтан­дыру жүйесіндегі немесе тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында көрсе­тілетін стоматологиялық қызмет­тер халықтың жекелеген әлеумет­тік осал санаттарына ғана қолже­тімді. Мысалы, жоспарлы стомато­логиялық көмекті балалар мен жүкті әйелдер ғана алады. Балалар мемлекет жарна төлейтін азамат­тардың бірінші жеңілдік санатына жатады. Сонымен бірге жұмыс іс­темейтін жүкті әйелдер де осы жеңілдік санатына кіреді. Сондай-ақ тісі ауырған кезде азаматтардың 10 санаты, оның ішінде балалар мен жүкті әйелдер, зейнеткерлер, мүгедектігі бар адам­дар және оларға күтім жа­сайтын жұмыс істемейтін адамдар, оның ішінде мүгедектігі бар немесе бірінші топтағы мүгедектігі бар балалар, әлеуметтік маңызы бар және жұқпалы аурулары бар па­циенттер, көпбалалы аналар, атау­лы әлеуметтік көмек алушыларға шұғыл көмек көрсетіледі. Сонымен қатар қордың түсін­діруінше, стоматологиялық қыз­меттерді алу кезінде белгілі бір медициналық ұйымға тіркеуде болу міндетті емес және стома­то­логиялық клиника «өз» емхана­сына тіркелуді талап ете алмайды.
«Қазір біз әлеуметтік желіде стоматологиялық клиникалар­дың хабарламаларын көріп отыр­мыз. Олардың айтуынша, «қор қаржы­ландыруды қысқартып, қызметтер шектеулі мөлшерде не­месе сто­матологиялық клиникада белгілі бір емханаға тіркелген аза­мат­тардың санатына ғана көр­се­тіледі. Әйтпесе, ақылы негізде көмек алу ұсынылады». Бұл ақ­парат шын­дық­қа жанаспайтынын айту керек. Бізге осы мәселе бо­йын­ша көп­теген шағым түсті. Қор оларды қа­рап, пациенттердің құ­қығын қор­ғау бойынша тиісті ша­ралар қабылдайды», – делінген хабарламада.
Негізі, көрсетілетін медици­налық қызметтер тізбесі ау­қым­ды. Кәсіби тілмен айтқанда, стома­то­логиялық клиникалар амбула­ториялық деңгейде кон­суль­та­циялық-диагностикалық қызмет­тер мен манипуляциялар ұсынады. Мұнда пломбалау, тісті жұлу және жансыздандыру қыз­меттерін алуға болады. Сондай-ақ МӘМС жүйе­сінде жақ-бет аймағының туа біткен патоло­гиясы бар балаларға амбулато­риялық деңгейде орто­дон­тиялық пластина орнатылады. Айта кетерлігі, стоматоло­гия­лық клиниканы тұрғындар өзі таңдауына болады. Ол үшін ал­дымен әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сайтында берілген жеткізушілердің тізімінен қарап алуға болады немесе жақын маңдағы клиниканың өзінен сұрауға болады. Жалпы, МӘМС арқылы 724 сто­матологиялық қызмет көрсету нысанымен қор арасын­да келісім­шарт жасалған. Оның 427-і жеке­меншік клиника. Яғни, қор өкі­лінің түсіндіруі бойынша, бұл атал­мыш сервистегі бәсеке­лестікті жақсартып, көрсетілетін қызметтің сапасын арттырмақ.

Жәнібек АМАНГЕЛДІ